taza-kaz

Талапты қыз – Жібек


18.11.2023 09:55

«Жастар практикасы» талай жанның бағын ашты. Аталмыш жобамен ынталы, талапты, білімді жастарымыз іс-тәжірибе жинақтап қана қоймай, көңілдері қалаған қызметтерін де тауып жатыр. Жобамен мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін бастаған жастардың бірі - Жібек Қамбарқызы.

Қарқаралы ауданы, М.Мамыраев атындағы ауылда дүниеге келген Жібек Қамбарқызы Пришахтинск қаласындағы мектептен 9 сыныпты аяқтап шығып, Қарағанды қаласындағы банк колледжіне оқуға түседі. Әлеуметтік маман ретінде қолына дипломын алған кейіпкеріміз «Жастар практикасы» жобасы аясында тамыз айынан Қарақұдық ауылдық округі әкімдігіне мемлекеттік қызмет жөніндегі маман ретінде жұмысқа қабылданады.

Оқу орынын енді аяқтаған, тәжірибесі жоқ, жұмыс іздеген түлектерге жастар практикасы үлкен көмек. Жобамен 6 айға жұмысқа орналасатын жастар осы уақыт аралығында нәтиже шығарып, өзін жақсы жағынан көрсете білген. Жұмыс беруші тарапынан ұсыныс түсіп, әрмен қарай қызметін жалғастырып кетіп жатқандар да бар. Немесе тәжірибе жинақтай отырып, өзінің басқа салаға ынтасы бар екендігін аңғарып, өмірлік кәсібін тауып жатқандар да бар.

- Мен қазіргі уақытта мектепалды даярлық сыныптарын оқытатын ұстаз мамандығы бойынша оқуға түстім. Әзірге жастар практикасы жобасы аясында қызметімді жалғастырып жатырмын. Бұл сала да өзіме ұнайды, бірақ ішкі түйсігім, жүрегім ұстаздық жолды таңдап тұр, - дейді Жібек Қамбарқызы.

Бір орында тоқтап қалмай талаптанып, оқысам, білсем деп жүрген Жібектің таңдауын қолдап, сәттілік тіледік.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?