taza-kaz

Қарақұдықтағы ағаш шебері


23.09.2023 15:36

Қарақұдық ауылының тұрғыны Асхат Сәбитұлы Усенов ұлттық болмысымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп жүрген азамат. Еңбекқор, тірлікке мығым жігіт бүгінде ағаштан жасалған ұлтық нақыштағы бұйымдар жасап, кәсіпкер атанып отыр.

Асхат Сәбитұлы өз жұмысына тиянақты адам. 1-топтағы мүмкіншілігі шектеулі азамат ниет қылсаң әркез екі қолға бір күрек табылады деп санайтындар қатарынан. Үкіметтен берілетін жәрдемақыға қарап отырмай, өз алдына кәсіп ашсам деген Асхат Усеновтың бастамасын отбасы бір ауыздан қолдайды. Сөйтіп, ол 2022 жылы «Бизнес Бастау» бағдарламасымен білім алып, 2022 жылы «Лазерлік кесу және лазерлік кесу қызметтері» тақырыбында жобасын қорғап, қайтарымсыз грантқа құжат тапсырады. Дәл осы жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында қайтарымсыз несие алады.

-Алынған қаражатқа 1250 000 теңгеге Алматы қаласынан лазерлік машина алдық. Ол машинаны алып, бірден жұмыс бастап кетпейсің. Ең алдымен құрылғының бағытталуын реттеу қажет. Оны дұрыс істеу үшін «Corel dro» бағдарламасы арқылы векторлық кескіндермен жұмыс істеуге арналған графикалық редакторды оқыдым. Ағамның қызы Жания Усенова қазіргі таңда архитектор-дизайнер мамандығы бойынша білім алып отыр. Ол маған көп көмек көрсетті. Жастар жағы жаңашыл дүниені тез қағып алады ғой. Қарындасымның көмегімен мен де ақырындап үйреніп алдым,- дейді Асхат Усенов.

Жолдасының кәсіп бастаймын деген бастамасын толығымен қолдаған жұбайы Нәсіпжан Усенова бүгінде көмекші ретінде жұмыс жасайтындығын айтады. Кәсіпкер отбасы екі баланың ата-анасы. Балалары оқыған-тоқыған, өз қолдары өз ауыздарына жеткен. Қызы ұстаздық қызметте болса, ұлы фельдшер болып жұмыс атқарады. 

Бүгінде отбасылы кәсіпкерлер бірнеше тапсырыстарды орындап, тұтынушылардан алғыс алып үлгерген. Графикалық дизайнерлік жұмыс болғандықтан туындыны ең алдымен қағаз бетіне түсіріп, одан кейін лазерлі машинамен басады. Қазіргі таңда кәсіпкер әрбір қазақтың үйіне ерекше сән беретін шежірелерге сұраныс көп екендігін айтады. Одан бөлек тапсырыс берушінің қалауына сай түрлі бұйымдарды қазақтың оюларымен сәндеп, тапсырыстарын орындауда.

Қолына түскен ағашты әрлеп, көздің жауын алар бұйымдар жасап жүрген Асхат Усенов ұлттық қолөнерімізді дамытып жүрген жан. Ұлттық нақыштарымызбен әрленген әр дүниесімен ата-бабадан келе жатқан қолөнеріміздің мерейін үстем етіп жүрген кәсіпкеріміздің бастаған ісі өрге домалап, алға қойған арман-мақсаттары орындала берсін демекпіз.

 

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?