taza-kaz

Жұмыс сапарымен келді


23.09.2024 14:12

Қарағанды облысының Теміртау қаласына, сонымен бірге Бұқар жырау ауданына өткен аптада АЭС салуды қолдау  жөніндегі республикалық штаб мүшелері, Мәжіліс депутаттары келген болатын.

 

Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Таңсәуле Серіков, Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов, Никита Шаталов, сонымен бірге  Қарағанды облыстық штаб мүшелері, облыстық мәслихат төрағасы Н.Кобжанов, Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли, облыстық мәслихат депутаттары Е.Әбілдин, Қадиша Оспанова, Меруеш Башай, қоршаған орта және ядерлі физика саласындағы сарапшылар өткен аптада, атап айтқанда 12-қыркүйекте Бұқар жырау ауданының Қарақұдық ауылында және Ботақара кентінде жұмыс сапарымен болып, тұрғындармен АЭС салуды қолдау туралы кездескен болатын.

 

Ботақара кентіндегі аудандық мәдениет үйіне халық біршама жиналды. Елімізге АЭС салу тақырыбы көпшілікті алаңдатып жүргені рас. Чернобыль, Фукусима жарылысы, Семей атом полигоны санамызға қорқыныш әкелген. Бұл зұлматтан халық қатты шошынған. Сол себепті ме, атомды елімізге кіргізгісі келмейді. Алайда, заман талабына сай елімізге атом электр станциясы керектігі ақиқат. АЭС салынған жағдайда тасымалданатын, сатып алатын жарықтан құтылып, елімізде өндірілген жарыққа қол жететінін айтады мамандар. Атом энергиясы жөнінде халықаралық агенттіктің мәліметіне сәйкес, әлемде атом энергетикасын дамытуды қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында екенін білеміз бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен. Осы уақытта салу туралы шешім қабылдап қойған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақында бірінші атом электр санциясының құрылысын бастамақшы. Бір атом электр станциясы жыл сайын орта есеппен 20 миллион тоннаға дейін күкірт қышқыл газы қалдықтарының алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бұл электр станциясының қоршаған ортаны қорғауға үлесі айтарлықтай болады деген сөз. Кездесуде сөз алған Азат Перуашев, Нұркен Кобжанов т.б. азаматтар қазақ еліне АЭС қажет екенін айтып, түсіндірді. Әрбір сөз сөйлеуші атом электр станциясының халыққа, қоршаған ортаға берер пайдасы мен зияны, мүмкіндіктері, апаттарды жоюға қажетті ресурстар мен біліктілік мәселелері туралы айтып, халыққа ақпарат берді.

 

Ауаның ластануы, оның салдарынан жаһандық климаттың өзгеруі қазіргі кездегі ең өткір мәселелердің бірі болып табылады. Жаһандық жылынудың басты себебі экономикада  көмірсутекті энергия көздерін кеңінен пайдалану, олар жанған кезде көмірқышқыл газы көп мөлшерде бөлінеді. Егер адамзат баласы алдағы жылдары лас энергия көздерін пайдалану тәсілін түбегейлі өзгертпесе, Жер нақты климаттық апатқа ұшырайды. Планета халқының саны артып келеді, сонымен бірге энергия тұтыну да ұлғаюда. Жыл сайын адамдар қолданатын электр құрылғыларының саны өсуде. Ғалымдардың болжамы бойынша бұл көрсеткіш одан әрі артады және келесі жылдарға қарай пайдаланылатын құрылғылар саны жер халқынан үш есе көп болады. Лас электр станцияларынан бас тарту керек. Оның орнына оларды экологиялық таза заттармен алмастыру керек, олар жұмыс істеп тұрғанда көмірқышқыл газын өте аз мөлшерде шығарады. Оның қатарына гидроэлектростанциялар, күн және жел электр станциялары, атом электр станциялары кіреді. Алайда, күн және электр станцияларының кемшілігі – олар ауа райына тәуелді, сондықтан тұрақты негізде тұрақты энергиямен  қамтамасыз ете алмайды.

Сөйлеушілерге залдан сұрақ қойылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Арбабаев:

- Атом электр станциясын салу деген өте дұрыс. Оны бүкіл әлем мойындап отыр. Бірақ, адамдардың қауіпсіздігі туралы осы бастан ойлану керек.  Халыққа барлығын егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Кешегі Чернобыль, Жапония, Семей полигоны адамдардың есінде. Қорқыныш бар. Бәріңіз білесіздер, Арал суалды, Каспий теңізі төмендеп келеді. Балқаш суы да құрып кетуі мүмкін. Сондықтан, еліміз бойынша су мәселесі өте күрделі. Осы туралы да ойлануымыз керек, - деді.

Түсіндіру жұмыстары осымен аяқталды.

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?