taza-kaz

«Бұқар жырау жаршысына» - 85 жыл!


22.07.2024 13:35

«Бұқар жырау жаршысы» (бұрын - Сарыарқа) газетінде қызмет істеген жылдарымды шат күндерім деуге болады.

Жалпы газет сонау 1939 жылы ашылғанымен, қазақ редакциясы 90-жылдар басында қосымша, кейін аралас болып шаңырақ көтерді.

 

Аудан көлемінде білікті журналист аз болғандықтан, Талды ауданынан Ермек Балташұлы редактор болды. Одан кейін Айтбек Ақатаев басқарды. Сержан Смаханұлы тілші болды. Байырғы бала күнімнен досым Оралбек Жұмашев та осында істеді. Осы екі жігіт мені қояр да қоймай газетке шақырды.

1992 жылдың қазан айы болса керек, сол кездегі алғашқы мақалам «Бұқар жыраудың қанатты жолдары мен сәуегейлік сөздері» деген алғашқы мақалам мен газетке келмей жарық көрді. Алғабастағы Айтқожа емші туралы екінші жазбам жарық көрді. Осы жазбалар көпшілік көңілінен шықты-ау деймін, бірден газет тілшісі болып шыға келдім. Бұған әлгі екі жігіттің де септігі тиді. Сондай алып бара жатқан жұмыс жоқ. Күніне бір мақала жазып тапсырсаң болды. Бір жерге баруың, қайтуың бар дегендей. Бір қызығы, бұрынғы совхоздардың тағы тая бастағанымен, жұрттың еңсесі биік-ті.  Себебі, Тәуелсіздік деген тәтті сөздің жүрекке қайрат берер демеуі мол болды. Жер-жерде түрлі мәдени, спорттық шаралар өтеді. Басы-қасында жүріп, біреуіне үлес қосып, біреуіне жүргізуші, ұйымдастырушы болған кезіміз жиі болды.

Алғашқы Тәуелсіздік кезеңінің ең биік деңгейі «Наурыз мейрамымен» өлшенгендей. Ауданның бүкіл мекеме, кәсіпорындары  түрлі сайыстарға қатысып, дайындалып, ат көпір болып жататын.

Мәдениет басшысы М.Шибаева мен газет редакторы Е.Балташұлы ұжымдасқан «Салтанатты Сарыарқа»  мәдени-спорттық мерекесі Наурыздың жазғы жалғасы болғандай. Сол сайыста айтысына мектеп оқушысы болып қатысқан Айтбай Жұмағұл бүгінде төрткүл дүние таныған қайраткер.

1993 жылы Бұқар жыраудың 325 жылдық мерейтойына дайындық қалай өткені, тойдың «әттеген-айы» бәрі қамтылды газетте. Шопанай ағамыздың жарқын бастамалары, саңқылдап сөйлеген дауысы,  газетке басылған мақалалары – бәрі жадымда жаңғырып тұр. Аудан өнерпаздары «Заман-ай» ансамблін құрып, ауылдарды аралады.

1994 жылы қаржы тапшылығына қарай  екі газет біріктірілді. Айтбек Ақатаев редактор, Зоя Петровна Богданцева марқұм орынбасары өте парасатты адам еді. Енді газет екі тілде шыға бастады. Оған да үйрендік. Отырысымыз қазақша-орысша, әніміз қазақша болатын. Оралбек екеуміз біраз шырқадық. Хатшы қыз Айтжамал Жәлелованы қалай ұмытарсың? Машинканы басқанда тура пулеметпен оқ атқандай тарсылдататын. Қазір Молодежный ауданы жақта мұғалім. Ержан Мақатов деген інішек фототілші болды. Бізден қанаттанған ол бүгінде «Қарағанды» телеарнасының директ оры.

Сержан Смаханұлы бірнеше жыл газетке жақсы еңбек сіңірді. Осакаровка жаққа газетке редактор болып ауысқан еді. Айтбек мырза қандай да мезеттен дипломатиялық жолмен аман-есен өтіп кететін жігіт. Оралбек жөнінде бөлек әңгіме айтса болады. Әншілігі бір төбе, ақындығы бір төбе. Осы екі өнерін де жаңғыртса өнер аспанында өзінің алар орны болар еді. Өкінішке қарай, құнттамады. Дәтке қуат, бұл жігіттердің бәрі аман-есен. Әрқайсысы өз халіне сай еңбек етіп, тірлік кешуде. Бала-шағаның амандығын тіледім.

Дін, діліміз, тіліміз қайта жаңғырып, ертеңге деген сеніміміз артып, бейнебір ертең қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайтындай кейіпте едік. Жер-жерде мешіттер ашылды. Оның да белсене қолдаушысы, қазақ мектептерінің ұлттық рухани дүниелердің баршасының ұйымдастырушысы болмасақ та, қазанында бірге қайнадық.  

Менің қолыма 1992 жылы «Мұхамед пайғамбар хадистері» деген кітап түсті. Оқып отырсам керемет ғажайыппен кездескендей әсерде болдым. Бұрын мұрынымызға иісі де бармайтын дін тақырыбы көңілімізге медеу, жүрекке иман нұрын себелегендей. Соның әсері болар, бірер жылда ораза ұстадым, дін тақырыбын қаузап, имамдармен әңгіме өрбітуді әдетке айналдырдым.

Газетке түрлі рубрика жазуды қолға алдық. Бұқар баба тақырыбымыз болғандықтан, «Жақсының аты өлмейді, әлімнің хаты өлмейді» деген айдар сөзі күні бүгінге дейін газетке айбар беріп тұрғандай. Газеттің жаршы екені ақиқат. «Бұқар жырау жаршысы» деген атаудың аузымызға түскені қандай ғанибет. Бүгінге дейін жүрегіме жылы тиеді.

Газет жұмысы сырт қарағанда оңай болып көрінеді. Ішіне кіріп толық мойныңа ілсең  зілбатпан салмағы да бар. Сондай салмақты жерде істеген соң, соған лайық ілім-білімің, болмысың болуы керек. Жауапкершілік деген және бар. «Бір ауыз сөз әлемге әйгі, немесе басыңа бәле» болары және аян. Құдайға шүкір, осы газетке жазып, азамат болып қалыптастым. Біраз жұртты таныдым, өзімді таныттым. Қазір сөздің бәсі түскен, ешкімді ештеңе онша қызықтырмайтын кезеңде газет шығару қиынның қиыны дер едім. Сонда да еңбек етіп жатқан қызметкерлерге тілеуім де, тілегім де зор. Қалам қарымды, ой шалымды, сана сарнаулы болсын. Газет оқымайды деген, кітап оқымайды деген күллі жұрт осыған үңілсін. Бәлкім, бұл да уақытша рухани дағдарыс болар. «Үмітін қоймас адамзат» - деп Бұқар бабам тәмсілдеген. Сол демеу сөз болашақта орындалуын тіледім.

Алла сіз бізді осынша байлық пен молшылықта сынап берсе, әлі де үмітіміз, мақсатымыз сарқылмас  емес. «Жасөспірім, көк өрім» жастар жетілер, солар қолға алар. Жаңа Қазақстанның жаңарған азаматтары Бұқар ұранын ғасыр, дәуірлерге жеткізер. Бар тілек осы!

Мерейтой құтты болсын, газетім «Бұқар жырау жаршысы».

 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?