taza-kaz

Адамдыққа да, мамандыққа да баулыған «Сарыарқам»


27.04.2024 10:34

2010 жылдың жаз айында ҚарМу-нің журналистика факультетін тәмамдап, қолыма дипломымды алдым. Сол шақта бір парақ қағаз ақ қанат арманыма апаратын жолдама тәрізді көрінді. Алабұртқан көңілмен ата-атамның жанына, Ақадырға қайттым.

Бір күні анамның әпкесі - Рысты апайым телефон шалып, Бұқар жырау ауданына шақырды. Мен ойланбастан жолға шықтым. Осылайша, келесі күні “Бұқар жырау жаршысы” газетінің басшылығымен жолығу бұйырды. Бір апта жұмысқа қабылдау туралы шешімін күттім. Араға уақыт салмай аудандық «Бұқар жырау жаршысы» (Сарыарқа) газетіне үш ай сынақ мерзімімен тілші қызметіне қабылдандым.

Міне, сөйтіп 2010 жылдың жаз айларының бірінде аудандық басылым арқылы журналистика әлеміне аяқ бастым. Газет ұжымы мені өте жылы қабылдады. Келген күннен бастап білмегенімді үйретіп,  бағыт-бағдар берді. Газет қызметкерлері, атап айтсам, басылым редакторы Ә.Жұмақаева, тілшілер Қ.Ахметова, К.Бейғам, корректор М.Асқарова барынша қолдауларын көрсетті. Сынамады, шыдамдылық танытты. Осының нәтижесінде бір жылдың ішінде қаламым ұшталып, журналист ретінде қалыптаса бастадым.       

Журналистика - қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық екені белгілі. Әрдайым сапармен әртүрлі елді мекендерге барып, көптеген адамдармен тілдесіп, қызықты оқиғалардың куәгері боламыз. Жұмысқа келіп, әр айтылған ақпаратты таразыға салып, әріптестерімнен нені жазу, нені жазбау керектігін сұрап алатын кездерім де болды. Бұл мамандықтың да бөгде адамдардың біле бермейтін қыр-сырлары көп.

Осындай кезде адамгершілікпен, ықыласымен жол көрсете білген аудандық газеттің ұжымына мың алғысымды білдіргім келеді. Жас маман жас шыбық секілді, қалай баптайсың, солай қалыптасатыны бар емес пе!

Менің бұл тұста жолым болды. Ұжым тарапынан көп жылылық, жанашырлық сезілді. Еңбек жолымның алғашқы баспалдағы болған «Бұқар жырау жаршысы» газеті мамандықты игеруіме, оны жүрекпен қабылдауыма, шын көңіліммен жақсы көруіме бірден бір себепкер десем артық айтқандық емес. «Адамдарды қаны ғана емес, жақсы істері де туыс етеді» деген сөз бар. Расымен де, адамды да, маманды да адал іс, жанашырлық жақындастырады.  

«Бұқар жырау жаршысы» газеті мен ондағы ақ жүрек адамдарымды әрдайым жағымды естеліктермен еске аламын. Басылымның 85 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді!

Тарихы терең тамыр жайып, мен секілді жас мамандардың жолын ашатын, халқының мұңын жазатын, жақсылығымен бөлісетін жаңалықтар жаршысы болудан жалықпасын! Ұжымға тек толағай табыс тілеймін!

Ерекше сыйластықпен

 газеттің бұрынғы тілшісі

 Әсем Орынтаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?