taza-kaz

Сүйікті газетім, мерейтойыңмен!


12.04.2024 10:16

Ия, бұл жәй сөз емес, шынымен де солай.

Есімде, мектеп бітіргеннен кейін екі жыл аудандық балалар кітапханасында жұмыс істеп жүрген кезде, пошташы бір бума газет әкелгенде, бәріміз ең алдымен аудандық «Знамя Ильичаға» ұмтылатынбыз, кім бірінші алып оқиды, сол болатын мақсатымыз. Сол кезден бастап мен үзбей жазылып алып жүрдім үйге, қазір де Ботақарадағы қарашаңырағымызға бір емес, екі дана аламыз.

Бір жыл Қарағандыдағы пәтеріме жазылып едім, жаман тасылды. Ботақарада сенбі күні алса, маған ендігі жұманың соңында әкелетін, және кейде қолыма тимеген кез болып жүрді. Қазір маған Ботақарадан тез келеді.

Мен мәдени-ағарту училищесін бітіріп келіп аудандық кітапхананың әдістемелік бөлімінде істеп жүргеннен бастап аудандық газетпен тығыз байланыста болдым. Жиі мақалалар жазып жүрдім, оған ол кезде қаламақы төлейтін, есімде жоқ қанша екені, поштадан алатынбыз. Барлық аудандық, ауылдық мамандарға өз жұмыстарыңды газет арқылы көрсетіңдер деп айтатынбыз. Газетке шыққан мақалаларды көрмеге қойып, қолданып жүрдік. Кейінде аудандық мәдениет бөлімінде істеп жүргенде ол жұмыс жалғасын жақсы тауып жатты, «Мәдениет жаңалықтары» деп екі тілде қысқаша әр жерде өткен шараларға шолу беретінбіз.

Владимир Сергеевич Коревко, Зоя Петровна Богданцева  редактор болған кезде басталған байланыс газетке Ермек Балташұлы келгеннен тіпті нығыз болды, газеттің аты «Сарыарқа» болған кезде біз Ермек екеуіміз бірігіп «Салтанатты Сарыарқа» деген шараны Нұра өзенінің жағасында өткізуді қолға алдық. Барлық совхоздар қатысатын, киіз үй құрып, спортсмендері мен өнерпаздарын әкеліп, сайыстарға белсенді қатыстыратын. Барлығы жоғары деңгейде өтуші еді.

Газеттің 50 жылдығын бүкіл аудан болып үлкен той қылып өткізгені есімде. Мәдени-спорттық көптеген жарыстар өткен еді Жыланды тауының ар жағында, совхоздар киіз үй құрып, ат жарыстар, машинаның үстінде жасаған сахнада мәдени шаралар үлкен қызығушылықпен болып еді.

Одан кейін мерейтойы тойланбады, Алла жеткізіп 90 жылдығын тойлауға жазсын!

Қазір газетіміз баба есімімен «Бұқар жырау жаршысы» болып аталатыны қуантады. Бірнеше жылдан бері газетті Әлия Жұмақаева сіңіліміз басқарып келеді, ұжымы да аз болғанына қарамай, жемісті еңбек етіп жүр. Барлығының атын атап мақтауға болады, рахмет бәріңе!

Мен айтудан жалықпаймын, біздің газет облысымыздың қала, аудан газеттерінің ішіндегі ең мықтысы. Мен оны бірнеше рет салыстырып көрдім. Жарайсыңдар! Осы биіктеріңнен түспеңдер! Жазар жақсы, қызықты жаңалықтарың көп болсын!

85 жылдығың құтты болсын, сүйікті газетім!

Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы Шибаева,

мәдениет майталманы,

Бұқар жырау ауданының құрметті азаматшасы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?