taza-kaz

Кернейдегі республикалық семинар


26.10.2019

Қазан айының 22-сі күні Керней тірек мектебінде (РО) «Жаңартылған білім беру мазмұны контексіндегі ресурстық орталықта оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың инновациялық тәсілдері» тақырыбында республикалық семинар өтті. Тәжірбие алмасуды мақсатқа алған семинарға республикамыздың 15 өңірінен келген білім саласының мамандары қатысты.

Облыстық білім басқармасы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен екі күндік семинардың мақсаты - білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында шағын жинақты мектептер дамуының негізгі мақсаттарын талқылау және тірек мектептерінің (РО) жұмысын ұйымдастыру бойынша тәжірбие алмасу.

Семинардың алғашқы күні Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өткен дөңгелек үстелмен басталып, Керней тірек мектебінде жалғасын тапты. Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының кеңесшісі, Қоғамдық кеңестің мүшесі С.Қонтаев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының шағын жинақтық мектептерді дамыту орталығының директоры Г.Құдайберген бастаған әр өңірден келген оқу-әдістемелік орталықтарының директорлары, шағын жинақты және тірек мектептеріне сүйемелдеу көрсететін білім басқармасының мамандары, тірек мектептерінің директорларын аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы А.Оспанов, Керней тірек мектебінің директоры А.Жұмақаев қарсы алды. Келесі кезекте қонақтарымыз мектептің үшінші қабатында орналасқан шағын жинақтық мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесімен танысты. Көрмеде Керней, Үміткер, Белағаш, Ақөре, Сарытау, Шалқар, Бұқар жырау мектептері оқушыларының қолынан шыққан туындылар қойылған.

Соның ішінде ерекше атап өтетін «Туған елге тағзым өлкетану-зерттеу экспедициясы» бойынша жасалған Бұқар жырау, Абай-Шәкәрім кесенелерінің макеті. Осының өзі шығармашылық жұмыс арқылы оқушының ой-қиялын дамытуға, өз ойын еркін айтуға, сөздік қорын молайтуға, жүйелі сөйлеуін үйлестіруге және де ізденімпаздыққа, тапқырлыққа баулитындығын айта кеткіміз келеді. Соның көрінісі - көрмеде оқушылардың қолдарынан шыққан бірінен бірі асқан туындылардың барлығы үлкен тапқырлықпен, қиял-арманмен, ізеттілікпен жасалғанын көруге болады.

Көрмеден соң семинар қатысушылары жаратылыстану, қоғамдық бағыттары бойынша екі арнаға бөлініп панорамалық сабақтарға қатысты. Математикалық бағыт бойынша Сарытау орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі А.Шабарбекова, Керней тірек мектебінің химия пәнінің мұғалімі Г.Утеуленова, Үміткер орта мектебінің физика пәнінің ұстазы А.Өмірбекованың, гуманитарлық бағыт бойынша Керней тірек мектебінің шет тілдер мен технология пәнінің ұстаздары А.Қанатова, Ж.Дүйсембаева, Үміткер орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі А.Шошаевтің өткізген сабақтарын қатысушылар жоғары бағалап, өз ойларымен бөлісті.

- Республикамызда 41 пайыз шағын жинақтық мектептер бар. Сол шағын жинақтық мектептердің білім сапасын көтеру үшін елімізде 181 тірек мектептері (РО) ашылды. Қазіргі таңда ең көп ресурстық орталық мектептер Қарағанды өңірінде орналасқан. Тірек мектебі бірінші жоба болып осы Қарағанды жерінде ашылды. Жыл сайын ұлттық білім академиясы үздік ресурстық орталық атты сайыс өткізеді. Сол сайыстың былтырғы жылғы жеңімпазы Керней тірек мектебі. Және де биылғы оқу жылында бірінші болып осы мектеп республикалық семинар өткізіп жатыр. Қазіргі күні қосымша білім беруге көп көңіл бөлінген. Ал шағын жинақтық мектептердегі оқушылардың қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі жоқ. Көбіне тірек мектептерінде бейінді оқытуға 10-11 сынып оқушылары келеді. Ал, Керней тірек мектебіне магниттік мектептерден ата-аналар қосымша білім алуға балаларды өздері алып келеді екен. Бұл Керней мектебін басқалардан ерекшелеп тұр деп ойлаймын. Бүгінгі өтіп жатқан сабақтарға келер болсақ, қазақтың қара домалақ балалары ағылшын тілінде қалай сайрап тұр, қарап тұрсаң көз қызығады. Семинар барысында тағы да атап өтетін дүние - мұғалім жетіспеушілігін жою мақсатында ұйымдастырылып отырған магниттік мұғалім жобасына сай магниттік мектептің ұстазы тірек мектепке келіп сабақ беруі,- деген өз ойымен бөлісті Г.Құдайберген.

Семинар қатысушылары мектептің астыңғы жертөледе вариативті компонент, шығармашылық зертхана, шеберханаларымен танысып, қызықтырған дүниелеріне байланысты сұрақтарын қойды. Мектептің жертөлесінде оқушылардың спортпен, бимен, шығармашылықпен айналысуға арналған мүмкіндіктер жасалған. Соның бірі - биология пәнінің ұстазы Б.Макашеваның жетекшілігіндегі «Жасыл әлем» шығармашылық зертханасы. Бұл жерде оқушылар гүлдер мен көкеністің түрлерін өсіріп, баптайтын көрінеді. Оқушылар мен ұстаздардың бірлескен жұмыстарының қорытындысы - тәжірибе алмасу дөңгелек үстел отырысында талқыланды. Дөңгелек үстел мектеп оқушыларының «Туған елге тағзым» мерекелік іс-шарасымен басталып, пікір алмасумен жалғасын тапты.

- Ел Президенті қаладағы мектеппен ауылдағы мектептің білім дәрежесі тең болуы керектігіне баса назар аударды. Таланттың бәрі ауылда, ол шындық. Ендеше, сол ауылдағы талантты бала қалалық білім дәрежесін алмасына не кедергі. Сол ауыл мен қала арасындағы білім қашықтығын жою мақсатында ашылып отырған ресурстық орталықтардың атқарар қызметі көп. Өңіріміздегі бес ресурстық орталықтың алды болып отырған Ростовка тірек мектебінің директоры Н.Өмірбаевтің ізін жалғаушы Керней тірек мектебінің директоры А.Жұмақаевтың ұжымымен бірлесе отырып көрсеткен жетістігінің көрсеткіші бүгінгі семинарда анықталды деп ойлаймын,- деді А.Оспанов. 

Б.Жакешова

Д.Торжановтың суреттерінде: тартымды сабақтар; шығармашылық жұмыстар.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?