taza-kaz

Бала көңілі Астанада


05.07.2017

Шілденің 4-і күні «Астана – бас қала» аудандық фестивалінің аясында Елордамыздың мерейтойына орай Доскей ауылында жазғы алаңдардың бас қосуымен «Менің елім – менің Отаным» атты мерекелік шара өтті.

Жас ұрпақтың санасында мемлекетіміздің жарқын болашағының шынайы көрінісіне айналған Елордамызға деген құрмет сезімі мен мақтаныш алауын лаулатқан мерекелік концерт Елгезек, Ақжар, Көкпекті, Новоузенка, Амангелді және Доскей ауылындағы Елтай атындағы орта мектептің дарынды оқушыларының өнерімен толықты.

Мерекелік шаралардың әнұранымызбен басталатыны заңдылық. Бұл жерде де Әнұранымыздың қойылуы сол екен, балғын дауыстар оны көкке көтеріп, әуелетіп, бойымызға қуаныш дәнін екті. Ұлтына, жасына қарамай, «менің Қазақстаным» деп, қолдарын жүректеріне қойған жас буынның жүздерінен қуаныш пен мақтаныш ұшқыны төгіліп тұрғандай.

Еңбек демалысына қарамастан, мерейлі күнмен жас бүлдіршіндерді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Г.Мәжитова құттықтап, жазғы демалыс күндерін мәнді өткізулерін тіледі.

- Елордамыз Астана қаласы өте қарқынды, жылдам дамып келе жатқан жасампаз қала. Биылғы жылы маусым айының онынан бастап Астанамызда ЭКСПО көрмесі қонақтарды қабылдауда. Әлем елдерінің ең озық технологияларын тоғыстырған қызықты павильондар, түрлі экспозициялар, сендер сияқты жас буынның санасын дамытып, қиялын шарықтатады, - деп бөлім басшысы жаз айларында көрме қызықтарын тамашалауға шақырды. Ал, іс-шараны ұйымдастырған А.Шұңғылов бастаған Елтай мектебінің ұжымына алғыс хат табыстады.

Елордамыз үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін өзіндік ықпалын тигізіп, мақтаныш сезімін оятқан ЭКСПО көрмесінің өтетін орнының таңдалуы да кездейсоқ емес. Бұл әлем елдерінің жас Астанамызға деген сенімі мен құрметінің дәлелі.

Оған деген құрмет пен мақтаныш сезімін өне бойларынан өткізген жас өнерпаздар өнерлерін жас Астанамызға арнады. Елгезек орта мектебінің оқушылары Н.Жоланова мен А.Фейхман Астана туралы әдемі әнді әуелетсе, кеш жүргізушілері жас санаға барынша көп ақпарат беріп қалуға тырысты.

Алғаш Ақмола бекінісі болып құрылған Астанамыздың тарихы Елорда болған күннен басталмағанын, оның орнында ежелгі Бозоқ қаласы болғандығынан да хабардар етті. Тіпті арнайы проектор арқылы Астананың көрікті орындарына саяхат ұйымдастырылып, балалар Ақорда, Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы, Хан Шатыр сияқты нысандармен, олардың тарихымен танысты. Балалардың көбісі Елордамызға барғандықтарын, қандай әсерде болғандықтарын достарына айтып, мәре-сәре болысты.

Ал, Амангелді мектебінің оқушысы А.Рымтаева «Туған ел» әнімен туған жеріне деген сүйіспеншілігін жеткізсе, Доскей ауылындағы музыка мектебінің «Әлқисса» домбырашылар ансамблі Сейтек пен Исламбектің күйлерін шарықтатты.

Новоузенка ауылындағы жазғы лагерьдің белсенді қатысушысы А.Маймунисова да өз қатарластарынан қалмай мерекеге қатысқандардың бірі. Аня достарымен бірге түрлі ойындарға қатысып, сурет салып, тіпті көңілді «Сапожки русские» орыс халық әнін орындап берді. Ал, үнді және тәжік билерін билеп, көпұлтты еліміздің татулығын дәріптеген Доскей музыка мектебінің «Балдәурен» хореографиялық тобы кішкентай бүлдіршіндерге тағы бір мәрте қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік концерттің көркін көкпектілік Е.Қанышев, доскейлік Ә.Дәулет, қарақұдықтық Е.Искаков, ақжарлық М.Мақанова әдемі ән-күйлерімен кіргізіп, бас қаламыздың көркейе беруіне тілек білдірді.

Мерекелік бағдарламаны ашық сынып сағаты жалғап, онда балаларға түрлі жұмбақтар жасырылып, танымдық деректер айтылды. Ең бастысы, лагерьдегі достар «Ақылдылар», «Ептілер», «Тапқырлар» болып, үш топқа бөлініп, спорттық, музыкалық, көркем өнер, зияткерлік станцияларынан сынақтан өтті. Көздерін жұмып сурет салса, спорттық ойында епті секіре білді. Сонымен қатар, молекула болып би билеп, бірігіп, түрлі сауалдарға жауап берді. Ең бастысы, ойынның қорытындысында достық жеңгені анықталды.

Оқушылар бұл күні «Туған жер» жобасының аясында өздерінің туған өлкесі Доскей ауылының тарихына да шолу жасап, кітапхана қызметкерлері А.Ибраева мен Ф.Тәжібаеваның дайындаған «От Зеленой балки до Доскея» атты виртуалды экскурсиясын тамашалады.

Ойын мен түрлі қызықты жақсы көретін балаларға шағын мереке соңында демеушілер тарапынан балмұздақ үлестірілді. «Ыстықтап тұрғанда, жақсы болды» дейді, тәттіге қуанған бүлдіршіннің бірі Ә.Әшірбеков.

Бала - қызығымыз дейміз ғой. Астана күні қарсаңында оларға қуаныш сыйлаған күн де осылай өте шықты. Тәлімгерлердің еліміз, Астанамыз туралы барынша қызықты ақпарат беруге ұмтылғандары көрініп тұрды.

Барлық қатысушыларға аудандық білім беру бөлімі тарапынан алғысын жеткізген Сандуғаш Құсбекова әр мектептен осынау шараға балаларын әкелген ұстаздарға алғыс хаттарын табыстап:

- Бүгінгі күні баршамыз үшін маңызды да қызықты күн болды. Мерекелік шарамызға Үштөбе, Кузнецкий, Заречный мектептерінің қатыспағаны өкінішті, - деп, демалыс демей, мектеп оқушыларының лагерьлерін қызықты ұйымдастырып, еңбек етіп жатқан ұжымдарға алғыс білдірді.

Сонымен қатар, фестиваль аясында «ЭКСПО, саған арналады» атты балалар шығармашылығының көрмесі ұйымдастырылып, онда балалардың қолдарынан шыққан түрлі бұйымдар қойылды.

Қағаздың қиыршығына дейін қалыс қалдырмай, үнемділік танытып, кәдеге жаратуды үйренген буыннан болашақтың ғалымдары шығатыны сөзсіз. «Болар бала - жасынан» дейді ғой халқымыз. Аз уақытта көркейіп, әлем елдерін бағындырған Елордамыз сияқты бүгінгі жас буынның да ертең-ақ қанатын жайып, елін сүйген азамат болып қалыптасары анық. Себебі, мектеп қабырғасынан-ақ санаға құйылып, көкіректе қаланған өнеге көзі оларға үнемі дұрыс жол нұсқамақ.

Н.Әбікеева

Д.Торжановтың суреттерінде:



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?