taza-kaz

Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ұлттық ойындардың маңызы


26.01.2024

Білім беру жүйесінің алғашқы қадамы мектепке дейінгі ұйым, балабақша болғандықтан тәрбиешілер мен жетекшілерге жауапкершілік жүктеледі. Балалардың психологиялық ерекшеліктерін негізге ала отырып, олардың танымдық қабілеттерін, қиялын, тілін, ой-өрісін дамыту мақсатында ұлттық ойындарды сабақ барысында қолдану маңызды болып табылады. Мектепке дейінгі кезеңде балалардың дамуы мен ойын үстіндегі әр түрлі іс-әркеттерді, оларға өздерін қоршаған ортаны, заттар мен құбылыстардың түрлі қасиеттерін танып білуіне, ақыл-ойының дамуына ықпал етеді.

Сондықтан да ересек адамдар балалардың әр нәрсенің мән-жайын танып білуге деген ықыласына үнемі қамқорлықпен бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс.

Мектепке дейінгі балалардың ойындарға қатысуы олардың өзіндік тұжырымына ықпал етеді, табандылығын, табысқа ұмтылысын және түрлі мотивациялық сапаларын дамытады. Осындай ойындар барысында ойлау әрекеті, танымдық қабілеттері дамиды.

Ойын – адамның ойлап шығарған ұлы нәрселерінің бірі. Адамның биологиялық, әлеуметтік, рухани дамуы үшін ойынның маңызы өте зор. Одан айнадай адамзат тарихы көрініс алады. Алғашқы қоғамның өзінде соғысты, аңшылықты, жер өңдеу жұмыстарын көрсететін ойындар болған.

Ойын өнердің әр түрімен байланысты болған. Ежелгі адамдар бала сияқты ойнады, ойынға билер, өлеңдер, драмалық және бейнелеу өнерінің элементтері кіреді. Кейде ойынды сиқырлы әрекет деп таныды.

Сөйтіп, адамның ойыны өндіргіш еңбек әрекетінен бөлініп, адамдар арасындағы қатынастарды жаңғырту болып табылады. Сөйтіп ересектердің ойыны, болашақ эстетикалық, бейнелеу әрекетінің негізі ретінде ойын пайда болады.

Ойын аяқ асты пайда болмайды, ол тәрбиелеу үрдісінде қалыптасады. Баланың заттық әлеммен әрекеттесуі үрдісінде, ересектердің қатысуымен, дамуының белгілі бір кезеңінде нағыз балалық ойын пайда болады.

Балалардың дамуын зерттеген кезде әрекеттің басқа түрлеріне қарағанда ойын барысында барлық психикалық процестер анағұрлым нәтижелі дамиды. Бала өзінің ерте жасында әрекеттен ойға қарай жүреді, мектепке дейінгі жаста ойдан әрекетке қарай жүру қабілеті өзінің дамуын табады, бала өз ойын жүзеге асыруды үйренеді. Бұл барлық әрекет түрлерінде және ең алдымен ойында көрініс табады.

Баланың ойын әрекетіне әртүрлі көзқарастар көптеген ғылыми еңбектерде көрсетілген.

Осы көзқарастардың ішінен кейбіреулерін бөліп қарастыруға болады: баланың ойнау әрекетін қарым-қатынас формасы деп қарастырған М.И.Лисина, ойынды әрекет формасы, соның ішінде ересектердің әрекетін меңгеру деп қарастырған Д.Б.Эльконин, ойын әрекетін ақыл-ой дамуының көрінісі мен шарты деп қарастырған Ж.Ж.Пиаже болып табылады.

Осы көзқарастардың әрқайсысы ойынның бір жағын ғана көрсетіп, ақыр аяғында баланың ойын әрекетінің жалпы мәнін, спецификасын түсіндіруге жеткіліксіз болады екен.

Қазақтың ұлттық ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Асықпен ойналатын «Бес тас», «Хан талапай» ойындарын сабақ барысында тиімді қолданамын. Бұл ойындарды ойнау барысында баланың ойлау қабілетін дамыта отырып, зейінін тұрақтандыра аламыз.

Сонымен қатар, асықты ұстай отырып, заттың пішінін, көлемін ажырата алады. Осы ойындарды ойнай отырып, шапшаңдыққа, жылдамдыққа үйренеді.

Ойын бала өмірінің ажырамас бөлігі дей келе, мен өз сөзімді белгілі педагогтың: «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес.

Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Адамды тапқырлыққа, өжеттікке, батылдыққа, шапшаңдыққа, ептілікке, байсалдылыққа үйрететін де – осы ойын», - деген даналық сөзімен түйіндегім келеді.

 

А.Бейсенбаева,

педагог-психолог

Байқадам ЖББМ



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?