
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Келді, міне, Наурыз сұлу гүлдендіріп!
Көктемгі самал жел бетімізді сипап, күннің көзі аспаннан жылуын төгетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы келді елімізге. Бұл мейрамды біз асыға күттік. Өйткені, қыстың қаһарлы күндері жанымызды жабырқатты, біз аспаннан күннің жылы шуағы төгілген жылы күндерді армандадық. Жылы жақтарға ұшып кеткен құстарды күттік, жер астынан бүр жарған бәйшешекті көруге асық болдық. Ол келді.
Наурыз мейрамы ауданымыздың орталығы – Ботақара кентінде Наурыз айының 21-дүбірледі. Ол мейрамға кентіміздің үлкені де, кішісі де, алыс та жақын ауылдарымыздан қонақтар асыға жетті. Кентіміздің аспаны астында Наурыз тақырыбындағы жаныңды жадыратар әндер төгіліп тұрды.
Мәдениет үйінің алаңында ақшаңқан киіз үйлер орын алыпты. Кезегімен сол үйлерге бас сұғып, оны орнатқан мекемелер мен ұжымдармен танысуды бастадық. Ең алдымен аудандық орталық аурухананың ақшаңқан киіз үйіне бас сұқтық. Медицина қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алып, бір-бірімізге жақсы тілектер тіледік. Медицина қызметкерлерінің кәсіподағын басқарып отырған Жібек Жүнісова Наурыздың өз мәнінде өтуіне жанашыр болып жүрген жан. С.Торайғыров атындағы тірек мектебі, Сарытөбе, Қ.Боранбаев атындағы мектебінің ұжымдары да барын салып, киіз үйдің ішін ұлтымызға тән керемет дүниелермен толтырып, жабдықтап қойыпты. Осы киіз үйде «Qazynascһool» ұлттық қолөнер мектебінің директоры Дәмелі Серікқызы Ермековамен сұхбат құрдық.
-Ұлттық қолөнер мектебінде біз ши тоқу, киіз басу өнерін жаңартылған түрмен үйретіп жатырмыз. Қазіргі балалар үлкен, ауқымды жұмыстарды қабылдай алмайтын болғандықтан, шағын қылып үйретіп жатырмыз. Тәубе, төртінші жылға кетті, сұраныс бар, сол бізді қуантады, өйткені балаларымыз осы ұлттық құндылыққа кішкене бет бұрып жатыр. Бүгін «Хан талапай» және «Шипазл» шеберлік сыныбын көрсетеміз,- деді.
- Келіп жеткен Наурызымыз мерекелі, берекелі болсын. Бүгін Мәдениет үйімен бірлесіп ұлттық мейрамға қазақтың бұйымдарын әкеліп тұрмын, осы киіз үйдің ішінде тұрған әртүрлі қазақтың тұрмыстық, сазды аспаптар, ағаштан, сүйектен, теріден жасалған өзімнің және жас шебер ұлттық қолөнер орталығының шәкірттерімен бірлесе жасаған бұйымдарды әкеліп, халыққа ұсынып тұрмын. Алдыңызда тұрған сандық бірінші рет шығып отыр көрмеге, теріге салынған қазақтың батырлары, қайраткерлер бейнеленген портреттер, тері, сүйектен жасалған ортеке, қобыз композициясы, теріден алынған картинкалар, шежірелер, осындай бұйымдарды әкеліп ұсынып тұрмын, - дейді он саусағынан өнер тамған ұстаз Малик Жомарт.
Барлық киіз үйлердің ішіне кіріп, иелерімен әңгімелесіп, ұлттық мерекемізбен құттықтап шықтық. Осы ақшаңқан киіз үйлердің барлығын ауданымыздың басшысы Ерлан Құсайын аралап, ішінде қойылған дүниелермен танысып шықты.
Алаңда сауда-саттық нүктелері орын алыпты. Жас балалар ата-аналарына ұнаған тағамдарын алғызып, қуана дәмін татуда. Қол күрес ойыны да қызу жүріп жатты. Жастар күресетін мат та төселіп тасталыпты. Бұл жерде де күрес ойыны дүбірлемекші екен. Онан соң концерттік бағдарлама орын алды.
Адамның жүрегіне жететін әуен ойналып, сахна төрінен ұлы Абайдың махаббат тақырыбындағы лирикасы қыз бен жігіттің арасында өрбіді. «Сіздей асыл кез болса, қайтып басты шайқаймыз» деген сөздерімен жігерлі, пысық, өнерлі жігіттен қапы қалмайтынын айтады сұлу қыз. Ұйқыашар, селт еткізердің мағынасы ашылып, жиналған жұртшылыққа біршама түсінік берілді. Сөйтіп, «Махаббат, көктем мен наурыз» төрге шықты.
Сахна төріне жүргізушілер Нұрсұлтан Мейрамұлы мен Мейірлан Қали шығып, барша тойсүйер қауымды Наурыз мейрамымен құттықтады. Онан соң сахнаға Бұқар жырау ауданының басшысы Ерлан Құсайын көтеріліп, жүрегінен шыққан ақ тілектерін білдірді:
- Армысыздар, ардақты ағайын, қадірлі жерлестер, төрт көзіңізді ұлтымыз үшін ерекше мерекеде түгел көріп отырғаныма қуаныштымын. Мереке құтты болсын, ағайын. Бұл күн біздің еліміз үшін ерекше мереке, заманында әулие атанған Мәшһүр Жүсіп «Қазақ қазақ болғалы сыбағасына тиген жалғыз мереке – Наурыз мерекесі» деп айтқан екен.
Наурыз мерекесі күллі Шығыс елдері үшін ерекше, дегенмен қазақ елі үшін ерекше екендігі даусыз. Бұл Самарқанның көк тасы жібитін күн, күн мен түннің теңесетін күні, жаңаратын күн, көктемнің алғашқы мерекесі. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Ауданымыз елімізбен бірге көркейіп, дамып, өркендей берсін. Осында ақсақалдар, аналар, жастар, балалар келіп отыр, нағыз халықтық мерекенің көрінісі, мереке құтты болсын, - деп толқыды.
Сахна төріне Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Кеңес Әлімжан көтеріліп, тамаша әндер орындады. Бұл күн ерекше суық болғандықтан, сахна алдында көрермендер би билеп, мерекенің шырайын кіргізді.
Осы мерекеге жұртшылықтың қолына күнде түсе бермейтін айтыс ақындары Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Нұрсұлтан Рымбай, Әлихан Сейфолла келіп, өз өнерлерін көрсетті.
Бабасының мұрасын сақтаған ел,
Баласының талабын қақпаған ел.
Аңшысына мінгізіп Ақтабан кер,
Қамшысына тобылғы саптаған ел.
Құшқаны қаса сұлу иманды жар,
Дұшпанының кеудесін таптаған ел.
Кебежесін жоқшылық кеп қатырса да,
Керегесін отын қып жақпаған ел.
Шаңырағын түсірмей ортасына,
Саңылағын сарабдал баптаған ел.
Таңдайын таңқураймен жібітсе де,
Маңдайын қызыл күнге қақтаған ел.
Малын құрап жүрсе де қу далада,
Арын бірақ ешкімге сатпаған ел, - деп Тілеген Әділов қазақ елінің, ауданымыздың атына көптеген жыр шумақтарын төгілдірді.
Ақындар біршама уақыт кезегімен халықтың көңіл-күйін көтерді. Жиналған жұртшылық та қошеметін аямай соқты.
Кеңес Әлімжан сахна төрінен тағы да ән шашу сыйлады. «Ботақара баурайында» фольклорлық халықтық ансамблінің орындауында «Наурыз» күйі, Азамат Амантайұлының орындауында Шашубайдың «Ақ қайың» әні, «Наурыз», «Жайлауда» билерімен «Гүлдер» бишілер тобы, «Дәурен-ай» халықтық хорының орындауында «Қазақы дастарханым» әні, Сая Халидолданың орындауында «Мереке», «Қазағымсың», «Рябинушка» фольклорлық ансамблінің орындауында «Отчий дом Ботакара» т. б. көптеген әндер мен күйлер аспанға шалқыды.
Әрбір келген жылдан адамдар көп жақсылық күтеді. Түннің артынан арайлап таң атады, күн сәулесі аспаннан молынан төгіліп, адамдарды мейірім шуағымен қуантады. Ақ қар астынан қылтиып көк майса өніп, бәйшешек шығып, балаларды қырға шақырады. Көктем айы - Шығыс күнпарағы бойынша Жаңа жылымыз міне, осындай. Әр үйдің түтіні аспанға шалқып, әр үйде Наурыз көже дайындалып, сүр асылып, айран мен қаймақ, ірімшік пен сүт өнімдері дастарханнан өзінің лайықты орнын алады. Үлкендер де мәз, алты айға созылған қыста сағынысқан олар бірімен-бірі құшақтасып, амандық сұрасып, дәм ұсынып, төрге шақырса, балалар ойын ойнап, жүгіріп, асыр салады.
Осы күні айтылған ақ тілектерге шек болмады. Осы тілектер періштенің құлағына шалынып, еліміз амандық пен тыныштықта болып, еңбек адамы өзінің үйреншікті жұмысын атқарып, күзде молшылыққа қол жеткізсе, өсіріп жатқан баласы білім құмар, ізденгіш, адамдарға мейірімді, жұмысқа бейім болса, қазақ елі болашақта дамиды деп сенеміз.
Жылдағы Наурыз мейрамында «Наурыз тілек» байқауы өтеді. Биылғы жылы оған ауданымыздың орталығынан алты мекеме қатысыпты. Жақсы тілекпен бірге тақырыпты ашатын бұйымдар жасау керек болады. Сонымен, ынталандыру сыйлығы - Алғыс хат пен 20 мың теңгеге аудандық құрылыс бөлімі ұжымы, 3-орын - С.Торайғыров атындағы тірек мектебі және аудандық аурухана, екеуі де 30 мың теңгемен, 2-орын аудандық тарихи өлкетану музейі және Жастар орталығы 40 мың теңгеге, 1 дәрежелі диплом мен 50 мың теңгеге аудандық Мәдениет үйі қол жеткізді. Марапат құтты болсын!
Сахнада бір мезетте 100 мұғалім «Балбырауын» күйін орындап, мерекені тағы бір айшықтады. Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Қ.Ахметова