taza-kaz

Балалары – байлығы, кәсібі - нәсібі


17.03.2025 15:59

Жаңаөзен ауылында көп балалы отбасы тұрады. Отанасы Евгения Қазалиқызы Маханованың кеудесінде «Алтын алқа» жарқырайды. Жасы 42-дегі ана осы балаларының керегін тауып беріп, жақсы азамат қылып өсіру үшін тыным таппайды. Отағасы Ерлан ішкі істер қызметінде болған азамат, денсаулығына байланысты қазіргі таңда зейнет демалысында екен. 

 

Осы айрандай ұйыған шаңырақтың астында алты балақан асыр салуда. Ең үлкені Шыңғыс әскери қызметін өтеп келіп, отбасына көмек беру үшін жұмысында жүр екен. 7-наурызда осы отбасының шаңырағына Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын барып, отбасы мүшелері мен кәсіпкер ананы Аналар мерекесімен құттықтап қайтты.

Евгения Қазалиқызын ауылдың тұрғындары таниды, құрметтейді. Жеті баланы өмірге әкеліп, олардың көздеріне қуаныш отын жағудан шаршамайды, талмайды. Балалары үшін өмір сүреді отағасы екеуі. Мемлекеттік «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курстан оқып, көңілге қонымды жобасын жасап, 400 АЕК көлемінде грант ұтып алады. 

Осы қаражатына Евгения Қазалиқызы тез дайындалатын тағам нүктесін ашып алып, жемісті еңбек етіп жүр. Ол өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайды, адамдарға жылы қарым-қатынас жасайды және тағамдарының барлығын өз отбасына дайындағандай етіп, дәмді әзірлейді.

Ерлан Бейсенбайұлы осы отбасының нәзік жандыларын төл мерекелерімен құттықтап, тәттіге толы себет пен бағалы сыйлық табыстады, Евгения Қазалиқызымен сұхбат құрды. Ерланұлы Бегарыс «Болашақ» колледжінің бірінші курсында оқып жүр. Ерланұлы Ералы  деген азамат та өсіп келеді. Ерланқызы Іңкәр 6-сыныпта оқиды, Бұқар жыраудың жырларын жатқа оқиды, Ерланқызы Інжу 3-сыныпта оқып жүр, Абайдың өлеңдерін жаттап, олардан ғибрат алуда. Екеуі де қазақ күресімен, тоғызқұмалақпен айналысады. Ерланқызы Жанна 2-сыныпта оқиды, Ерланұлы Батыр 4 жаста, тәтті қылығымен ата-анасы мен аға-әпкелерін қуантып жүрген сүйкімді бала.

Осы отбасының балаларының сабақ үлгерімі жақсы, спортқа, өнерге жақын балалар. Евгения Қазалиқызы балаларын қалаға арнайы өнер орталықтарына дамытуға жібергісі келетінін, алайда, ауылға автобустың қатынауы дұрыс болмағандықтан, қалаға жібере алмаймын дейді. 

Іңкәр мен Інжу келген қонақтарға күрестен әдістер көрсетті.

Евгения есік алдындағы жазғы ас үйде тапсырыспен бургер, наггетсы, донер, фри т. б. дайындайды. Есік алдына қоюға контейнер тапсырыс беріпті, ішіне адамдар отыратын орындықтар, үстелдер, тағамдар әзірлейтін құралдар қойғысы келетінін айтады.

Кәсіпкер корей ұлтының корн-дог тағамын әзірлеп, сатылымға шығарады. Нан өнімдерін дайындау әр адамның қолынан келе бермейді. Бір ғана компоненті дұрыс болмаса, тағам өзінің сапасын жоғалтады. Сыртындағы қаптама ретінде тұрған қабығы ішіне салған тағамдарды ұстай алмайды. Сондықтан, дәл осы мезетте аспазға тиянақтылық, жауапкершілік өте қажет. Нан өнімдері де бала сияқты, жылуды, баптауды керек етеді.

Евгения Қазалиқызы ақжарқын адам. Адамдармен өзінің туысындай жылы сөйлесіп кетеді. Әр баласына мінездеме беріп, қолынан не келетінін айтып берді. Отбасындағы балалар да адам жатырқамайды екен.

Ерлан Бейсенбайұлы, ауылдық округ әкімі Мейрам Сыздықов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Абжанова даладағы жаздық үйдегі құрал-жабдықтарымен, кәсіпкердің тағамдарын әзірлеу барысымен танысты. Билік тарапынан қандай көмек керек екендігін сұрады аудан басшысы. «Ауыл аманаты» бойынша төмен пайызбен несие алып, кәсіпті кеңейтуге болатынын әңгімелеп берді.

Одан басқа, Евгения Қазалиқызы шоколад ішіндегі құлпынай жасап, нарыққа шығарады екен. Ол күн мереке қарсаңы болғандықтан, тапсырыс өте көп түсіп, балалары да үлкен көмек көрсетіп жатқанын айтады аналары.  

Бес саусақ жұмылса – жұдырық болады. Бір отбасында өсіп жатқан балалар жасынан өздері үшін анасы мен әкесінің атқарып жатқан еңбегін көріп, өздері де қолдарынан келген жұмыстарды атқаруда.

Осы балалардан болашақта ешкімнің ала жібін аттамайтын, адамдарға жанашыр, мейірімді, қоғамымызда белсенді адамдар өсіп шығарына, мына өмірдегі асыл адамдары – әкесі қолдаған аналарының жетістікке жетеріне сенеміз. 

 

Қ.Ахметова

 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?