taza-kaz

Мектебім, саған мың алғыс!


03.06.2024 12:08

25 мамыр күні ауданымыздың барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылды. Құшағы гүлге толған түлектер алтын ұя мектептерімен, ұстаздарымен қимай қоштасты. Салтанатты шара егемендігіміздің айғағы, азаттығымыздың мөрі болған көк туымызды енгізуден басталды. Осы рәсімге аудан әкімі де қатысты.

Түлектерді, ұжымды құттықтауға арнайы келген аудан әкімі Сұлтанғали Абылай Қайратқалиұлы табысты еңбек етіп келе жатқан, өзіндік орыны бар С.Торайғыров атындағы мектеп ұжымының өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы жүйелі жұмыстарын оң бағалап, мектеп бітіруші түлектерге  ақ жол тіледі:

-  Қадірлі ұстаздар мен ата-аналар! Сіздерді 25 мамыр - соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін тағы бір оқу жылын сәтті қорытындылап, сіздер жаңа өмірге қадам бастыңыздар. Сіздер үшін бүгінгі қағылар күміс қоңырау үні балдәурен балалықтарыңыздың артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілгендігіңіздің ескертпесі сынды.

Кемеңгер ата-бабаларымыздан қалған «Ақыл азбайтын тон, білім таусылмайтын кен» - деген дана сөзі бар. Қазір білім – күш, білім болашақ, қоғам дамуының кілті білімдінің қолында. Сондықтан таусылмас кен, қазіргі заманғы жоғары деңгейлі білімді игеру сіздер үшін басты мақсат болуы керек. «Оқу инемен құдық қазғандай» дегендей осындай қиын жолда білім көкжиегіне қаққан қанаттарыңыз талмасын дейміз. Елдің кемел келешегі сіздердің қолдарыңызда. Сіздерді асқақ арман-мұраттарыңыз әрдайым биіктерге жетелесін, - деді.

Сонымен қатар 21-22 мамыр күндері аралығында Астана қаласында 7-11 сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» республикалық байқауының кезеңінде аудан атынан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің 11 сынып оқушысы Абуова Айзере қатысып, жүлделі III орынға ие болғанын атап өтіп, жеңісімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сүйінші жаңалықтың бірі - Айзере Павлодар қалалық С.Торайғыров атындағы университетінің  грант иегері атанды.

Атаулы жеңісі туралы Айзеренің өзімен де сұхбаттастық:

- Мен  Астана қаласында өткен республикалық олимпиадаға үш рет жолдама алдым. Әр   жарыста әр түрлі пән бойынша қатыстым. Осы соңғы «Жарқын болашақ» олимпиадасында тағы бір мәрте жүлделі орынға ие болдым. Үлкен армандарымның бірі    анимациялық фильмдердің режиссері болу. Елімізге танымал «Қазақфильмде» ізімді қалдырғым келеді. Нақтылап айтсам, сол жерде режиссер-аниматор болғым келеді.  Таңдайтын мамандығым да осы салаға қатысты болады, - дейді. Ақылды қыз Айзере  қызыл аттестатқа үміткер. Асқақ арманына сәттілік тілейміз!

Айта кетейік, биылғы оқу жылында аудан бойынша 9-сыныпты – 804 түлек, оның ішінде 52-і үздік аттестатқа, 11 сыныпты - 348 түлек, оның ішінде 15-і үздік аттестатқа және де ерекше үлгідегі «Алтын белгіге» 5 түлек үміт артып  отыр. Әр мектептің басшылығы мектепті биіктерден көрсетіп жүрген ұстаздарды, оқушыларды жиналған жұртшылық алдында алғыс хаттармен марапатталды.

Оның ішінде кентіміздің С.Торайғыров мектебінің 31 түлегі үшін соңғы қоңырау үні сыңғырлады. Cалтанатты жиын барысында ұясынан ұшқалы отырған түлектердің алғаш қалам ұстатқан ұстаздары Айтмұханова Рыскүл Серікқызы, Абдикеева Зәмзагүл Советқызы және Ыбытаева Айнаш Егісқызы өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп, түлектерге алдағы өмірлеріне сабақ болар құнды кеңестер айтты.

Балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрған мектеп түлектері соңғы қоңырау соғып, мектеп вальсін билеп, арнауларын оқыды. Өнері мен білімін өз бойларына өре білген еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алар оқушылар білім алған мектебінің абыройын жоғары ұстауға, елдің жарқын болашағы жолында еліміздің абыройын асқақтатуға ант етті.

Бастауыштан нәр алып, болашаққа аттанған түлектердің бүгінгі күнгі сынып  жетекшілері Мұхтарова Данара Сейдуалиқызы мен Қадламұрат Ермек те бауырына басқан балапандарын қимай қоштасты. Ақ лентаны біріктіріп қолына ұстаған  ұстаздар шәкірттеріне көкейіндегі ізгі тілектерін айта отырып, босатты.

Білім ордасының басшысы Еркін Рақымбайұлы биылғы оқу жылын аяқтап отырған және түлек атанған оқушыларға жақсы демалыс пен сәт сапар тілеп ағымдағы жылдың басты жаңалықтарын атап өтті:

- Биылғы оқу жылын 651 оқушы аяқтап отыр, оның ішінде 46 мектеп алды даярлық сыныбы, 31 оқушы түлек атанып отыр, сонымен қатар негізгі орта білім аттестатын алғалы отырған оқушылар саны - 57. Жалпы мектепте үздіктер саны - 91, екпінділер саны - 243, білім сапасы 58,4%  құрайды. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш деп есептеймін, білім сапасы жылдан жылға өсіп келеді деп сеніммен айта аламын. 9 сыныпта 3 оқушымыз қызыл аттестатқа, 11 сыныпта 4 оқушы қызыл аттестатқа аяқтағалы отыр. Сонымен қатар спорттан, өнерден аудандық, облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі орын алғандар да жетерлік. Биылғы оқу жылы біздер үшін өте сәтті аяқталды. Келер оқу жылында бізге «Қазақстан қорынан» 250 млн шамасында материалдық база жаңартылмақ. Оның ішінде жаңа парталар беріледі, онымен қоса заманауи түрде жабдықталады деген жоспар бар.

Ал биылғы алтын ордамыздан қанат жайып ұшып, үлкен өмірге қадам басқан  оқушыларымызға сәт сапар тілеймін. Алдағы келе жатқан ҰБТ-ны жоғары деңгейде тапсырып, ойлаған оқуларына түсіп, еліміздің елеулі, мақтанышы болар азамат болуларына тілектеспін! Біз олармен мақтанайық, олар бізбен мақтансын. Бізге 11 жыл бойы  баласын сеніп тапсырған ата-аналарымызға да мың алғыс, - деді. 

Әрине, мектеп бітірушілердің кеші де, түлектердің таң шапағын қарсы алуы да ата-аналарды, оқушылар мен мұғалімдерді әжептәуір әбігерге салғанымен әп-сәтте өте шығады. Ең бастысы, аяулы алтын ұядан қанаттанып шыққан жас түлектің өмірдің өз қазанында қайнап, ел мен жерге қызмет етер түлекке айналуы керек! Абай хәкім айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!..»

Құрметті жас түлектер, армандаған білім ордаларыңызға оқуға түсіп, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын. Болашаққа қадам басқан жаңа өмірлеріңізге сәттілік тілейміз!

А.Ерубаева

Д.Торжановтың суреттерінде: білім шаңырағында өткен соңғы қоңыраудың тарихта қалған сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?