taza-kaz

«Орталықпен» кездесу


23.11.2019

Өткен аптада №1 қазақ тірек мектебінің жиын залында «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Қамбар Ахметов және орынбасары Ерсін Мұсабек оқырмандармен кездесті. Аудан басшысы Шагурашид Мамалинов, мәслихат хатшысы Асхат Әли қатысқан кездесуде оқырмандар тарапынан сұрақ қойылып, оларға жауап берілді. 

Кездесу басында қадірлі қонақтарымызбен таныстырған аудан басшысы сөз кезегін Қамбар Ахметовке берді. Кездесу жылды қорытындылап, алдағы уақытта еліміздің орталық өңірінің хал-ахуалымен таныстырып жүрген бас газетіміз «Орталық Қазақстанда» оқырманға қажетті қандай мәселе ескерілмей жүр, назардан тыс қалып жатқан дүние бар ма деген сауалдар таразыға салынды.

- Бүгінгі күні барша дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары ауыр кезеңнен өтіп жатыр. Ғаламтор желісіндегі жылдам ақпарат құралдары пайда болғаннан бері журналистика саласында монополист болған газет өзіне қарсы бәсекелестер табуда. Соның бірі өзіміз күнде қолданып жүрген «WhatsApp» желісі. Олай деуге себеп - сіз үйде отырып-ақ сонау шалғай жатқан қалада, шет елде болып жатқан жаңалықты теледидар, радиодан бірінші естіп, біліп отырасыз. Жылдам таратылған ақпараттарда тексерілмеген жаңалықтар көп кездесетіні белгілі. Ал, әр мәселені зерделеп, сара жолға салатын баспасөздің қоғамдағы орны жоғалмасы шындық,- деген Қамбар Ахметов кездесудің басты мақсаты -  елдімекендердегі оқырманның қандай өзекті мәселелеріне жауап беру екендігін сұрады.

- Ақылдасайық, ой бөлісейік. Газет бетінен оқырман не оқығысы келеді, не көргісі келеді, газетіміз қай тақырыпта кемшін түсіп отыр, қай мәселені ескермей жатырмыз деген сынды тақырыптарда сіздерден кеңес алуға жиылған кездесуіміз оқырманмен етене байланыс орнатуға көмек көрсетеді деп сенеміз,- деді Ерсін Мұсабек.

Аудан басшысы газет бетінде ауданымызға қарасты ауылдардағы жол, су сапасы, көктемгі су тасқыны, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелерге қатысты арнайы сарапшылар пікірлерін оқып отырсақ деген өз ұсынысын айтты.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев, зейнеткер Төлеу Жанғалов, ұстаз Қалиасқар Шыныбектегі «Орталық Қазақстан» газетінде ауданымызға қатысты мақалалар көп болса десе, ұстаз Ботагөз Зайдулина газет ортасында балаларға арналған екі беттік үлкен айдар болса деген өз ойларын ортаға асалды. 

- Әр шаңырақта «Егемен Қазақстан», «Орталық Қазақстан», «Бұқар жырау жаршысы» газеттері болуы міндетті,- деген Төлеу Жанғалов ағамыздың сөзін кездесу қатысушылары қолдады.

Ал мәслихат хатшысы Асхат Әли біз көп қолданып жүрген ғаламтор желісіндегі бағдарламалардың зиянына тоқталып, жастарды газет пен кітап оқуға шақырды.

Кездесуді қорытындылаған аудан басшысы газет басшылығын шығарып салып, жиналған қауымға алғыс білдірді.

PS: Біз аудандық басылымға жазылу науқаны жүріп жатқандығын хабарлаймыз. Жазылым құны өзгеріссіз: жеке абоненттер үшін - 6 айға 927,12 теңге (индекс 65623), кәсіпорындар мен ұйымдар үшін - 6 айда 1725,90 теңге (индекс 15623) екендігін айта кеткіміз келеді.

Б.Жакешова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: президиум; Қ.Шыныбек сұрақ қою сәтінде.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?