taza-kaz

Тұрғындарға құлаққағыс


16.12.2017

Қылышын сүйреген қыстың алғашқы айлары да келіп қалды. Биылғы жылы қыс қатты болады деген ұзын құлақтан келген хабар болмаса, басталысы жаман емес. Бірақ, қыстың қатал мінезін болжай алмайсың, сол үшін де қытымыр мезгілдің тосын күндеріне дайындығымыз мығым болуы шарт.
Қараша айының 29-ы күні Бұқар жырау аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрмұхамед Интуевтің басшылығымен брифинг өткізіліп, қысқы маусымға дайындық барысында атқарылған жұмыстар легінен ақпарат берілді.
Аудан басшысының тікелей тапсырмасымен атқарылып отырған жұмыстарды бұқара халыққа жеткізу үшін ұймдастырылған брифингке аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Нұрланов, төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері В.Малышкин, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Ш.Нұрсейітов, жастар ресурстық орталығының инспекторы Е.Шыңғысбаева қатысты.
- Бүгін күн тәртібіндегі екі сұраққа тоқталып өтетін боламыз. Олар - тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қыс мезіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері. Брифингтің басты мақсаты - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қарапайым халықты қауіпсіздік ережелерімен құлаққағыс ету,- деп сөз бастады Н.Интуев.
«Ай қорланса, арбаңды сайла, күн қорланса, күрегіңді сайла» дейтін қазақ аспан денелеріне қарап ауа райын болжаса, қазіргі күні ұялы телефонымызға келіп түсіп жататын төтенше жағдайлар бөлімінің хабарларын құлаққа ілмей жолға шығып кетіп, далада қалып жатқандар аз емес. Қаһарлы қыстың бізге ұсынар мінезі аяқ асты, түске дейін ашық болса, түстен кейін тосын күшке айналып бұзылатын ауа райының бұндай  қылықтарына сақадай сай дайындықта тұратын төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері талай жанды аман алып қалып, алғысқа бөленуде. Биылғы жылы да өз дайындықтарын қыс түспей пысықтап, ретке келтірген төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғындарды сақтық шараларымен ақпараттандырып, алдын алу шараларына кірісіп кетті.
«Қансонарда бүркітші шығады аңға» демекші, саятшылықты жақын көретін халқымыздың қанына сіңген әдеті алғашқы қар жауғаннан аңға шығушылар мен балық аулаушылардың саны артып, ол кісілердің өміріне деген жауапкершілік төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарының мойынына келіп жүктелетіні шындық.
Брифинг барысында Ш.Нұрсейітов қыс мезгілінде кез-келген адам тап болатын төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына байланысты жүргізіліп отырған жұмыстар барысымен таныстырып өтті.
- Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тек қана бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтор желісінде сақтық шараларын ұсынып қана қоймай, үй-үйді аралап сақтық шараларын ескертетін жаднамалар таратуды қолға алды,- деген Ш.Нұрсейітов алдағы қысқа толығымен дайын екендіктерінен хабардар етті. 
Сонымен қатар, жылыту маусымының басталуымен ауданымызда өрт санының артқандығына тоқталып өткен В.Малышкин сақтық шараларынан мәлімет беріп өтті.
Оларға сүйенсек, ағымдағы жылы аудан аумағында 96 өрт орын алған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көтерілген. Соның ішінде тіркелген 8 өрттің екеуі жылу пештерінің дұрыс жұмыс істемеуінен, екеуі электротехникалық себептер бойынша, үшеуі отты дұрыс жаға алмағандықтың кесірінен орын алған.
Тұрғын үй секторларындағы өрттердің өсуімен қатар көміртек тотығы газының салдарынан болған өлім-жітімнің көпшілігі жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу нәтижесінде орын алады. Қазіргі таңда ауданымыз бойынша көміртек тотығы газына уланғандардан Жаңаталап ауылында егде жастағы ерлі-зайыпты адамдар көз жұмса, Ботақара кентінде бір адам жарақат алған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өрттің көп саны көбіне тұрғын үй секторларында орын алады. Тұрғындардың жылыту пештерді, тұрмыстық газ құралдарын орналастыру және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзуы, электр құралдарын техникалық пайдалану және монтаждау қағидаларын бұзуы, балалардың отпен ойнаулары, тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзуы өрттердің негізгі себептеріне жатады.
- Жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында жылыту құралдарын жөндеп, тексеру, түтіктер мен мұржаларды күйіктерден тазалау, газ құралдарының желдеткіші және арналарының техникалық жағдайын байқау қажеттігін тағы да еске саламыз. Алдағы қаһарлы қыстың тосын сыйларына төтенше жағдайлар бөлімі толығымен дайындығын хабарлайды. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, әр адам сақтық шараларын есте ұстаса дейміз,- деген Н.Интуев барша сұрақтарға жауап беріп, брифингті қорытындылады.
Қылышы ұзын қыстың алғашқы айларына дайындығын отын-суынан бастайтын тұрғындарымыз өздерінің сақтықтары үшін төтенше жағдайлар мамандары ұсынған барлық сақтық шараларын есте ұстаса екен дейміз.
Б.Жакешова

Д.Торжановтың суретінде: брифингтің өту сәтті.
 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?