taza-kaz

Қазақ әдебиеті пәнін оқыту арқылы оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру


25.05.2023

Сонау ХХ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – жай үйреншікті нәрсе емес, ол – жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген екен.

Ұстаз пән мұғалімі ретінде осынау жаһандану заманында қай технологияны, қандай әдіс-тәсілдерді таңдаса да өз еркі. Ал мен пән мұғалімі ретінде әрбір сабағымда қандай озық технологияны игерсем де, қандай да бір әдіс-тәсілдерді қолдансам да ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бабаларымыз қорғаған туған жерді қастерлеуге, қазақ халқы үшін әдебиет пен мәдениеттің тілі, ғылым мен білімнің тілі, түрлі іс қағаздарының тілі, көркем әрі бай туған тілімізді құрмет тұтуға, ұлттық тамаша  салт-дәстүрімізді ұмытпауға, сан ғасырлық  тарихымызды таразылай білуге үйретемін.

Жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, мәдени мұраларды жадында өшпестей етіп сақтаған құзіретті жеке тұлға қалыптастыру үшін таптырмайтын қарапайым әдіс-тәсіл деп білемін.

Туған тілін, жерін, салт-дәстүрін, тарихын сүйе білген оқушы білімге іңкәр, жақсылыққа құмар, жүрегі кең, жаны жайсаң, шешендік өткір тілмен сөйлей алатын, ойын ашық жеткізетін жеке тұлға ретінде қалыптасқан азамат болары сөзсіз. Ал қоғам бізге тап қазір, жаһандану заманында жан-жақты жетілген, рухани бай жаңа заман адамдарын тәрбиелеуді талап етіп отыр.

Қазіргі заманауи ұстаздардың алдында өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін, тарихын, өнерін сүю арқылы, басқа халықтардың да тілі мен әдебиетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті адам тәрбиелеу міндеті тұр.

Сондықтан жалпы білім беретін мектеп қабырғасында әр оқушының болашақтағы өз бағытын дұрыс белгілеп, саралай білуі үшін оларға берілетін білім өзегінде өзіндік сана, көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыруда, сондай-ақ, қай ортаға болсын тез бейімделіп, жаңа ақпараттарды тез түсініп, қабылдау қабілеттілігін, іскерлік қасиетін дамытып, жеке тұлға етіп тәрбиелеуде әдебиет пәнінің орны ерекше.

Қазіргі жаһандану заманындағы әдебиетті оқытудың мақсаты – ана тілін құрметтеу, еліміздің тарихын жетік білу, әдет-ғұрпымыздың, салт-дәстүріміздің сан қырлылығын игеру, шешендік өнердің алуан түрлі сипаттары арқылы оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру, ұлттық сана-сезімін ояту, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыру болып айқындалады.

Біріншіден, тарихта болып өткен шешендердің сөздерінің теориялық негіздерін танытатын ережелерден гөрі сол шешендердің сөз үлгілеріне еліктетіп ой айтуға үйрету әлдеқайда тиімді. Әрі мұндай әдістер оқушының жас ерекшеліктерімен де іштей қабысып жатады. Себебі, жоғарғы сыныптағы мектеп оқушысы үшін темірдей теорияларды қабылдаудан гөрі өз тәжірибесіне сүйене отырып ой түйіндеулерін жасау, жеке ой қорытындыларын жүйелеу қызықты. Өйткені олар қандай жағдаятта да өз бетімен жол табуға құштар. Оның үстіне ХХІ ғасырда жас буынды білімнің сипаты немесе тиістілігі емес, өзінің оқу еңбегінің қандай нәтиже беретіні көбірек алаңдатады.

Екіншіден, жаңа білім мазмұнында ұлттық дәстүр мен жалпыадамзаттық құндылықтар бір-бірімен түйісіп, өзара сабақтасып берілуі де маңызды талаптардың бірінен саналады. Олай болса, әдебиетті оқытуды баланың қарым-қатынас жүйесіндегі сөз әдебімен, жазба тіл мәдениетімен, шешендікпен жас ұрпақтың бойына халықтық салт-сана мен жаңа деңгейдегі мәдени талаптарды қатар сіңіру, оларды тілдік талғампаздыққа үйретеді.

Үшіншіден, қазақ халқының сөзді ерекше қастерлеуі, сөзге тоқтауы секілді қасиеттерін уақыттың бүгінгі талаптарымен ізгілендіру, ұштастыру арқылы қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік маңызына көз жеткізу. Яғни оқушының өз тіліне деген құрмет сезімдерін ояту.

Ендеше, шығармашылықпен жұмыс жасауға талаптанған әрбір мұғалім әдебиеттегі көркем мәтінді ұлттық құндылықтармен өзектестіре оқыта отырып, оқушының жан-жақты қабілеттерін дамыта алады.

Төл мәдениет мәйегімен ұштастырылған сабақтар жас буынды сөз қадірін білуге, мейірімді, кеңпейіл, сезімтал болуға, жақсы мен жаманды, қас пен досты ажырата білуге үйретеді, жаңа адамды рухани жағынан байытып, оның бойына адамгершілік, имандылық, әсемділік асыл қасиеттерді сіңіреді, отбасын, туған-туысқанын, сонымен қатар туған халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, Отан, анасын сүйіп, құрметтеуге баулиды.

Нұргүл Дәулетбай,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?