taza-kaz

Ана тілің - арың бұл


11.03.2023

Ана тілінде ата-баба сыры бар,

Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.

Өсе келе құстың тілін білсең де,

Ана тілсіз оның қандай құны бар, - деген Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағында.

Тіл - ұлттың тарихы мен тағдыры, тәрбиесі, өзегі, болашағы. Адамдардың қарым-қатынасы ауызекі тілдесуден басталатындықтан, тілдің маңызы ерекше.

Қазақтың дархан даласындай, жалпақ даласындай тілі де бай, шұрайлы. Домбырасындай қоңыр, әуезді, мақамды.

Туған тілін қадірлеген қазағым тілін «Ананың тілі» дейді, бақытым, ырысым, мақтанышым дейді. Тіл ұлттың жаны, бары. Ананың сүтімен тамырына жүгірген, қанына сіңген. Қазақ халқының басынан өткен талай қиын, қилы замандар тарихтан белгілі.  Басынан талай зобалаңды өткізіп, шыбын жанын шүберекке түйіп, босып, тозып, ашаршылықтан аман қалған қазақтың тұмардай сақтап осы күнге жеткізген бойтұмары – ана тілі.

Небір нәубеттерде бояуы бұзылмай, көбесі сөгілмей келген ана тіліміздің тәуелсіздіктің тұғырына қонғанда, ата-бабамыздың көксеген, армандаған тәуелсіздігіне жеткенде, бейбіт күнде де мәртебесі асқақтауы тиіс. Өкінішке орай асқақтап емес, ана тіліміздің жағдайы ақсап тұр.

Тіл - қоғамның жемісі, көрінісі. «Қайран тіл, қайран сөз наданға қадірсіз» деген Абай атамыз. Қазақтың қалыптасып қалған құлдық санасын егемендігіміз де түзей алмады.

Ана тілің - арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – дейді Қадыр Мырзәлі ағамыз. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде әр қазақтың үлесі болса екен дейміз. Өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!

 

Арайлым Ахметова,

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы

тірек мектебінің

ағылшын тілі пәнінің

 мұғалімі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?