taza-kaz

Менің тұғырым


05.11.2022

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», - деп Ахмет Байтұрсынов, «Ана тілі – халық болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деп Жүсіпбек Аймауытов бабаларымыз айтып кеткендей, тіл - халықтың жаны, сәні, ұлттық болмысы. Егер тіліміз ұмыт болса, жер бетінде «қазақ» деген асыл текті халық та болмас еді. Тіл дегеніміз - ұлттың ең ұлы құндылығы. Қарасаңыз, біздің қазақ тілі - сөйлеу стилі сұлу, өте ерекше, мән-мағынасы ғажап тілдің бірі. Тіпті, тарих бетін зерделесек, талай жырауларымыз, би-шешендеріміз, батырларымыз тіл құдіреті арқылы талай дауды шешіп, соғыстың бетін қайтарған. «Ана тілін ұмытқан адам өз елінің өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», - деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, тіліміз біздің атадан балаға мұра болып келе жатқан таусылмас байлық.

Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз, ұлттық мәдениетіміз, тіліміз де дамып жатыр. Өсіп келе жатқан Қазақстанның жас ұрпақтарын парасатты, отансүйгіш, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.

Тіліміздің байлығын ой-санасына сіңіріп, қолданысқа жарата білген жастарымыз өзге тілдің бәрін білсе де, өз тілін ешқашан ұмытпайды. Егеменді ел болып, ес жия бастағанда көп жастарымыз орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін жоғалтып алғандай. Тілді шұбарлау - арды шұбарлау деп білемін. Сол үшін балаларға мектеп кезінен тіл мәртебесін биік ұстауды үйретсек екен. Қанша тілді білсек те, өз тілімізді қадірлеу арқылы өзге тілдің мәдениетіне құрметпен қарауды үйренеміз. Өйткені біз өткенді де, болашақты да тілмен ғана жеткіземіз. Кейінгі ұрпақ қазақтың тілін ұмытпас үшін тіл мерейін, тіл мәртебесін асқақтатуды жолға қойсақ. Өйткені анамыздың ақ сүтімен алпыс екі тамырға тарап, аманат болып келе жатқан тілімізді қорлау біздің адамгершілік қасиетіміздің жойылғандығын білдіреді.

«Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деген сөз есімде сақталып қалыпты. Сондықтан да әрбір азамат, отбасы, мектеп болашақта өз тіліміздің жанашыры болып, оның шұбарланып кетуіне жол бермеуге  бар күшімізді салайық.

Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің - Мәңгілік тілі болып қала бермек!  

Мөлдір Қанатбаева,

аудандық білім бөлімінің әдіскері



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?