taza-kaz

Тіл - ұлт жаны


03.09.2022

Осы мақаланы жазуда көп толғандым. Әрбір ойдың басын бір шалып,тәуекел деп қалам алдым қолыма. Тіл туралы талай жаздық, айттық. Не өнді?! «Баяғы жартас».

Бәріміз ұрандаймыз, өйту керек, бүйту керек. Шара – болжалсыз. «Тіл өнері – дерт» деді ғой хәкім Абай. Ол кезде тіл мәселесі жоқ еді. Сондықтан хәкім өнерді жеке дерт деп айдарлады. Қазір ана тілде сөйлеу дерт боп тұр-ау!

Өмір-тұрмыстың бәрі бөгде тілге байланған. Жылы, жұмсақ жерде отырғандар керексінбейді. Сонда ата-баба аманаты кімге арналған? Біз сияқты ұстаз, тек қазақша оқытып, тілге байланысты қызмет ететіндерге ғана ма?!

Сонау 20-шы жылдары қайран Сәкен үкімет басында отырғанда тіл туралы жеке заң қабылдатып, басқа ұлттардың қазақша білгендеріне үстеме ақы тағайындатыпты. Содан бері қанша көш, нешеме замана артта қалды. Әлі түзеледі деген үмітпен келеміз. Қайда апарарын бір Құдай білсін. Жә, серпіліп көрелік. Бәрі өзінен бастасын деген бар ғой...

Әскер қатарында жүрген кезімде орысша білмеймін-ау деп қорланып барған едім. Сөйтсем, менің орысшам орта Азия халықтары, Қап тауы ұлттары, Балтық жағалауы ұлттарынан көш ілгері екен. Бірер айда өзбек, түркімен, қырғыз, әзербайжан ұлттарына аудармашылық деңгейіне жеттім. Орыстар тамсанады: -Қанша тіл білесің? - деп. Мен түсіндірген болам. Ана тілімнің икемділігіне өзімнен өзім риза болып, көңілім көкке көтерілуші еді-ау!

Әдеби тіл меңгерген жан басқа түрік тілдес халықтардың бәрімен тілдесе аларына көзім жетті. Аналардың орысша білмеуі - өздеріне ұят емес екен. Қате сөйлесе де, сөкет көрмейді. Біз бейшара екенбіз, бірдемесі қате болады деп, бет моншағымыз үзіліп тұратын. Маған әскери қызмет өмірлік сабақ болды. Сонда жаңағылардың өз тілін білмейтін бір де біреуін көрмедім. Есейіп келдім, ұлтшыл болып келдім. «Ассалаумағалейкум!» - деп төс қағыстырып амандасуды әдетке айналдырдым. Қазақпен тек қазақша сөйлесуді діттедім. Мұстафа Шоқай: «Мен - ұлтшылмын. Менің ұлтшылдығым кішкентай халықтарға жәбір көрсететін ұлтшылдық емес, үлкен халықтардан қорғанатын ұлтшылдық».

Алып қосары жоқ - дөп айтылған тәмсіл. Ресей империясы бізді нешеме ғасыр отарлады. Жердің, елдің байлығын тонады. Өзімізді құртуға бар күш-жігерін жұмсады. Алдымен дінді жойып, сосын ділді, соңында тіл өзі де жойылады деген нысанасының біразы орындалғандай. Сол жолда қаншама ата-бабамызды қырды-жойды, атты-асты, қаймағын қалқып алып тастады. Кейін қалғаны үрейде болып, өзінен-өзі қолын көтеріп, өзге тілді  мойындайды, - дегені болмады. Аяқ астынан Тәуелсіздік деген «Құдірет» естілді. Ел есін жиды. Тіл жарықтық бірінші орынға шықты. Әр қала мен ауылдан қазақ мектептері ашылып, бүгінде түлектер қиыр мен шиырда еңбек етіп, халық жоғын жоқтауда. Олар алдымен қазақша сөйлеп, сосын басқа тілді  меңгеруде. Шүкір!

Бүгінде қалаларда кейбір кері соққандар «Ойбай, бізге орыс тілі керек, ол  - халықаралық тіл» - деп шулауда. Біз қазақ халқы өте бейім халықпыз. Қай жерде жүрсек сол жердің бүкіл болмысын тез сіңіреміз. Қайран Ақаң, Жақаң, Әлекеңдер Алаш үкіметін құрғанда тек ана тілі алдыңғы орында тұрған. Олар он екіге дейін бала тек ана тілінде білім алуы қажет деген. Абай дана да: «Алдымен түркі білерлік білім қажет» - деп айтты ғой, әу баста.

Сонымен ұлт үшін, мемлекет үшін не керек?! Алдымен – тіл, діл, дін. Осы үшеуі – үш тұғыр. Оны бөліп тастасақ ошақтың үш бұтының біреуі ақсайды, қазан төңкеріледі (О.Бөкей).

«Жаңа Қазақстан» - деген ұран шықты жоғары жақтан. «Жаңа Қазақстан» - жаңарған тілмен болашаққа қадам басады деп сенейік. Ұлт намысын ояту үшін міндетті түрде біреуден таяқ жеу керек емес шығар. Талай өткелектен өткен қайран қазекем бұдан да аман өтер. Ол үшін ана жоғары орындарда ұлт жүректі жігіттер отырар деп сенейік!

Бабамыздан бағасыз бір белгі боп,

Бабам тілі, анам тілі сен қалдың, - деген Мағжан ақын сөзін бағалы қылу әрқайсымыздың қасиетті парызымыз Һәм күнделікті борышымыз!

Қалиасқар Шыныбектегі

Бұқартанушы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?