taza-kaz

Балабақшада баланың тілін дамыту маңыздылығы


20.08.2022

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет», - дейді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мектепке дейінгі педагогиканың теориялық және практикалық мақсаты – жас ұрпақтың ой-өрісін, сана-сезімін кеңейте отырып, өмірге қажетті білім-дағдыларға үйрету. Сол себепті педагогика мен «Балалар бақшасындағы тәрбие бағдарламасында» сәбидің тілін дамыту, ауызекі сөйлеуге үйрету, үйренгенін күнделікті өмірде пайдалана білуге жаттықтырып отыру ісіне назар аударады. Өйткені, баланың айналадағы өмірді танып, білудегі басты жәрдемшісі – тіл болып табылады. Ал тілдің дамуы оның сана-сезімін, ой- өрісінің жетіле түсуіне негіз болады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, балалармен белсенді түрде сөздік қарым-қатынас жасайды. Өмірдегі түрлі іс-әрекет жайын білуге құмарта түседі. Өзі түсінген түрлі жайттар туралы әңгімелейтін болады.

Осы бағытта жүргізілген жұмыстардың бірі Қарағанды облысы білім басқармасының Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің «Балдәурен» бөбекжай -бақшасы «Ақбота» тобының ұйымдастыруымен маусым айының 27-ші жұлдызында өткен «Жадыраған жаз» атты тақпақтар сайысы өткізілді. Сайыс үш кезеңнен тұрады. «Сәлем - сөздің анасы» (таныстыру) балалар өздерін таныстырып өтеді. «Кім зерек?» сұрақ-жауап кезеңі. Үшінші кезең «Жадыраған жаз» атты мәнерлеп оқу сайысы өткізілді. Бұл сайысты қорытындылай келе өзін ерекше қырынан көрсете білген І-орын иегері Марат Назерке, ІІ-орын иегері Қалкен Айша, Игілік Жанель иеленсе ІІІ-орынды Серік Әмірхан және Сапатаева Жанель қанжығасына байлады. Қалған қатысушыларымыз елеусіз қалмады,  қатысқандары үшін марапат қағадарымен тәтті сыйлықтарымен марапатталды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні демекші, адамның ойы тілден көрінеді. Сондықтан балабақша қабырғасынан бастап тіл үйретудің маңызы зор. Балабақшада ұлттық тілімізді дамытуда қоршаған ортамен, күнделікті өмірмен тығыз байланыстыра жүргізу, жаңа сөздер қамтылатындай түрлі ойындар арқылы тіл ұстарту, көру, есту, тыңдау, қайталау, есте сақтау, жаттау қабілеттерін жетілдіріп отыру, балаларды сөйлесе білуге, сөйлемдерді дұрыс айтуға, тәрбиешінің сұрағын түсініп, дұрыс жауап беруге баулу  бүгінгі таңда біздің мақсаттарымыздың бірі.

Әсем Асқарова,

КМҚК «Балдәурен» бөбекжайының

 «Ақбота» тобының тәрбиешісі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?