taza-kaz

Үштұғырлы тіл саясаты


06.11.2021

Мемлекеттік тіл - менің тілім

Тіл – халықтың ең басты қазынасы. «Үштұғырлы тіл» туралы жобаны Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етіп, бұл мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Бұл қазақ, орыс және ағылшын халықтарына үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде таныту болып табылады. Атап айтатын болсақ, қазақ тілін дамыту керек, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген ұрпақ қалыптастырып, бәсекеге қабілетті болу мақсатында мемлекетіміз аямай қаржы бөліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Президенттік «Тілдердің үш тұғырлығы» бағдарламасының басты мақсаты - қазақ тіліне қысым жасау емес, керісінше оның бәсекеге қабілеттілігін орыс және ағылшын тілі дәрежесіне дейін көтеру. Оның үстіне қазақ тілінің бәсекеге қабілеті осындай міндеттерді қоюға толық мүмкіндік береді. Сондықтан, халықтың орыс тілін білу деңгейін жоғалтпауымыз керек, ал ағылшын тілі – болашаққа жаңа даму шыңдарына бағытталған жол, себебі ол әлем мойындаған халықаралық қатынастар тілдерінің бірі. Сондықтан қазақстандықтардың өскелең ұрпағына үш тілді меңгеру - қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тіл ретінде және ағылшын тілін халықаралық қатынас тілі ретінде білу мүмкіндігін жасауға деген ұмтылысы өте дұрыс деп ойлаймын.

Қазақ поэзиясының атасы - ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгеріп, сол тілдерде кітаптар оқыған. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген. Дегенмен, ештен кеш жақсыны ұстанған ұлы данамыз ғылым игеруде тіл білудің маңыздылығын өте жақсы ұққан. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлы перзенті, Абылай ханның немересі Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген екен. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген. Сол тұстарда қазақтан шыққан жалғыз зерттеуші ғалым Шоқан болғанына ешкім күмән келтіре алмас. Оның ғылымға, зерттеушілікке деген қызығушылығы көптілді меңгергенінен кейін пайда болғаны да жасырын емес. Көптілді адам білім мен ғылымға құштар болатыны бүгінгі күнде де талай дәлелденіп отыр.

Міне көріп отырғанымыздай, тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның басты ұстанымы ең алдымен қазақ тілі. Біздің мемлекеттік тіліміз ретінде әрдайым қазақ тілінің тұғыры биіктеп, білім беру мен қарым-қатынас жасаудың басты құралы ретінде өз орнын ешқашан жоғалтпайтыны белгілі. Сондықтан мемлекеттік тіл еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін басты құндылық екені даусыз. Қазақ тілі өзге дамыған елдердің тілімен бірге дамып, әлемге кең тараған тілдермен терезесі тең болып өркендей беретініне сенеміз. Қандай тіл болмасын басқа тілмен қарым-қатынасқа түсе отырып дамитыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Даму үстінде тілдің сөздік қоры да көбейіп, үстемелене береді. Әлемнің көптеген елдері қолданатын тілді білу өркениетке бастайтын даңғыл жол екенін мойындауымыз керек.

Елімізде көп тіл білетін азаматтардың үлес салмағы көбейген сайын, өз тіліміз тасада қалып қояды деген қате түсініктен арылатын уақыт жетті. Керісінше, көп тіл білетін адамның өз тілін білуге деген ынтасы арта түседі. Өйткені басқа елдердің мәдениетін біліп, олардың өз тілдеріне деген құрметін сезініп, білім көкжиегі кеңейген адам өз ана тілінің қадір-қасиетін жан дүниесімен түсінеді екен. Ол табиғи үрдіс, туа бітті перзенттік парыз, адами қасиет. Ең бастысы өз ана тілі үшін алаңдайтын адам өз ұрпағының бойында ұлтына, еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастырып тәрбиелесе болды. Ал, көп тіл білгеннен ана тіліміз зардап шегіп, қолданыс аясы тарылып, жойылып кетеді деп құр байбалам сала берудің қажеті шамалы. Бұндай қауіп-қатер ойлаған адам болмайтын дауды қаузағаннан гөрі өз отбасындағы тіл мәселесін шешіп алса, яғни балаларымен үйде өз ана тілінде сөйлессе міне, нағыз тіл үшін күресу, болашағына алаңдау деп соны айтады. Бабаларымыздан қалған «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөзімізді көкейімізден шығармайық. Сонда барып ұрпағымыз ұяда көргенін істеп, өз отбасында қазақ тілінің үстем болғанын қалайды. Осындай қадамдар арқылы ана тіліміздің мерейі үстем болары белгілі.

 

Гүлжан Рахымқұлова,

Көкпекті ауылының

 кітапханашысы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?