taza-kaz

Бәріміз де үлес қосайық


16.09.2017

Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл - нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.
Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілінің біреуін оқырмандарға таныстырғым келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын Бұқар жырау ауданының ішкі істер басқармасына қызметке тұрған алғашқы күндерімнің бірінде кезекші бөлімінде отырған сары жігітке жақындап:
- Здравствуйте, - демеймін бе, ол болса бетіме қарап тұрып:
- Апай, сәлеметсіз бе, қалыңыз қалай? -деп мүлтіксіз қазақша сайрап қоя бергенде,  таң қалғаным соншалық, қолымдағы қаламсабым жерге түсіп кетті. Содан кейін  сол сары жігітпен орысша сөйлесуге ұялатын болдым. Ол - Бұқар жырау ауданы ІІБ кезекші бөлімінің көмекшісі, полиция аға сержанты Дмитрий Теодорович Абермет екен. Бүгін мен сол Дмитрийден сұхбат алып, естігенімді сіздерге жеткізгім  келіп отыр.
- Дмитрий, өзің туралы әңгімелеп берші.
-  Туып-өскен жерім Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кенті. Осы жерде 1986 жылдың 10 қазанында дүниеге келіппін. 1993 жылы кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектептің 1-сыныбының табалдырығын аттап, оны 2004 жылы жақсы бітірдім.   Жұрттың бәрі жоғарғы білім іздеп жан-жаққа кетіп жатқанда, мен өз ауылымда қалдым. Мектептен кейін ата-анама қолғабыс тигізбекші болдым. 2005 жылдың күз айында әскер қатарына шақырылып, 2007 жылдың күзіне дейін Отан алдындағы борышымды Алматы облысы, Жаркент қаласында шекара қызметінде атқарған едім,- деп бастады әңгімесін Дмитрий Абермет.
- Әкем Теодор Тедорович Абермет пен анам Тамара Петровна Абермет осы кенттің тумалары. Отбасымызда менен басқа әпкем Инна мен  Елена атты қарындасым  бар. Олардың барлығы да қазақ тілін жақсы біледі. Бұқар жырау ауданы ішкі істер басқармасына 2008 жылдан бастап қызметке келдім. Қызметімді уақытша ұстау изоляторының кезекші полицейі лауазымынан бастадым. Одан әрі патрульдік полиция және қылмыстарды іздестіру бөлімінде, соңғы жылдары кезекші бөлімінде жедел кезекшінің көмекшісі қызметін атқарып жүрмін.
Өз қызметіне әрдайым ұқыпты қарайтын Дмитрий осы кезекші бөліміне келген адамдарды жылы жүзбен қарсы алып, туындаған сұрақтарға сыпайы жауап беріп, түсіндіреді. Оның бір ерекшелігі - өзі басқа ұлт өкілі болғанымен, мемлекеттік тілде еркін сөйлегенімен қоймай, іс қағаздарын да қазақ тілінде жүргізеді.
- Дмитрий, қазақ тілін еркін меңгеруіңе не себеп болды?
- Мен осы Ботақара кентінде өстім, қарадомалақтардың арасында сары домалақ болып жүруші едім. Достарымның бәрі қазақ балалары болғандықтан, қазақ тілін жетік меңгеруіме көп көмегін тигізді. Әскер қатарында болғанда да жанымдағы құрбы-құрдастарым қазақ балалары болды. Ешкім маған  «сен қазақ тілін үйрен» деген жоқ. Өз еркіммен үйрендім. Өзіме керек болғаннан кейін меңгердім. Сол үшін де достарыма қарыздармын. Рас, көп достарым менің қазақша сөйлегеніме таңғалады. Бірақ, ол таңғалатын дүние емес. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілді беске білуі керек. Кіндік қаның тамып, кір жуып өскен жерің – ол сенің Отаның. Адамда екі жүрек болмайды. Сол сияқты Отанның да екеу болуы мүмкін емес. Әркімнің туған жері - жерұйық. Менің жерұйығым - Қазақстан. Осы жерде жетілдім. Маған Отаным оттан да ыстық десем, қоспасыз айтқан болар едім.Сондықтан мен үшін Отанымның орны бөлек. Қазақ елі - өз елім, маған қашан да ыстық. Әрине, өз ана тілім - неміс тілін  де ұмытпаймын, бірақ,  қазақ тілі де мен үшін өз тілім іспетті. Мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, оны іс жүзінде пайдалану біздің міндетіміз деп ойлаймын, себебі, мен – елімнің патриотымын. Патриоттық сезім - ол Отанын, жері мен суын, халқын шексіз сүйіп, бар күш-жігерін ел мүддесіне арнаған ең терең сезім деп ойлаймын. Сондықтан,  Отаныма  қолымнан келгенше қызмет етемін, - деп сөзін аяқтады неміс ұлтының өкілі Дмитрий.
Айта кететін бір жәйт, Дмитрий Абермет тек өз жұмысын атқарып қана қоймайды, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. ІІО-да болып жататын көркемөнерпаздар байқауларына өз отбасы мүшелерімен қатысады және басқарма бойынша спорттық шаралардың жетекшісі. Қызмет барысында талай марапатқа ие болған.
Дмитрийге ұдайы қолдау көрсетіп отыратын жұбайы Евгения, ол да осы Ботақара кентінің тумасы, екеуі үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі. Үлкені Алина 2-сынып оқушысы болса, Каролина мен Вячеслав балабақшада.
Елдегі бірлік пен ынтымақтың, достық пен тұрақтылықтың кепілі – Елбасымыз десек, артық айтқандық болмас. Осы тыныш тірлігіміз бен бақуатты тұрмысымызға сырт көздің өзі қызыққандай.  Болашағымыздың бұдан да жарқын болатынына сендіре түседі. Егемен еліміздің ертеңіне қызмет етудің өзі бір мақтаныш. Дмитрий сияқты ойлайтын ұл-қыздарымыздың қатары көбейе берсе екен. Туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген Дмитрий Теодорович Аберметке, отбасына амандық, саулық, бақыт тілей отырып, еңбегіңнің жемісін көр дейміз.
Ғалима Қазалиева,
Бұқар жырау ауданының ІІБ МТАТ  жетекші маманы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?