taza-kaz

Тіл – атадан қалған асыл мұра


21.04.2017

Мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті мемлекеттің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді ана тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де — мемлекеттігіміздің негізгі атрибутта-рының бірі.
Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың ұлттық, ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық берілетіні анық.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген А.Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тіліміздің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Ана тілімізді меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше, әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді қолға алуып, қазақы тәрбиені бойына сіңіре білгені дұрыс.
«Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші, өз ана тілін білмеген жаннан анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жәйт. Себебі, қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Тілдерді дамыту – елдің мемлекеттік саясатының аса маңызды бағыттарының бірі. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс.
Тілді насихаттауда, үйретуде жеке адамдардың, отбасының атқарар қызметі мол болуы тиіс. Әрбір отбасында осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деп ойлаймын. Елбасымыз: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған – оның ғажайып тілі» дегендей, әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

А.Үсерова,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы
 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?