
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тіл ертеңі – ел ертеңі
17.03.2025
«Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтеді, оған сіз Бұқар жырау ауданы бойынша халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде шақырыласыз» дегеннен бастап сан алуан ойлар мен үміт оты туындады. Құрылғанына 30 жылдан асқан ұйым нені талқыламақ? Келелі жиынға кімдер қатысады? Қазақ тілінің әлемдік аренадағы орны қандай болмақ?
Қарағанды облысы атынан өңірлік төрағасы, ақын, доцент Айтбай Жұмағұл бастаған делегация тобымен екі жүз елу километрді артқа тастап, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайына да келіп жеттік.
Жиынға жер-жерден келіп жеткен халықтың қарасы қалың. Оған ұйым мүшелері, тіл жанашырлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғам құрылтайшылары мен аймақтық филиал төрағалары қатысып жатыр.
Былтырғы жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлар сараланады. Атап айтсақ, қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейту, ұйымның жұмысы мен басқару тетіктерін жетілдіру сынды мәселелер қаралады. Осы тұста бір қызық дерекке тоқтала кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар екен. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтаған деген мәліметті әр кездері, әр түрлі ақпарат көздерінен көзім шалып қалатын. Дәл осы күні биік мінберден, тіл жанашырының өз аузынан естігенде қуанышым еселене түсті.
Жиынға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы қатысты. Ол құрылтай қатысушыларына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Маңызды жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру арқылы қазақ тілін барынша насихаттаудың және оның қолданыс аясын кеңейтудің маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, қазір қазақ тіліндегі цифрлық контенттерді көбейтуге, білім беру жүйесін әдістемелік тұрғыдан қолдауға және ІТ саласындағы жетістіктерді тіл мәселесін шешу үшін тиімді пайдалануға айрықша мән беріліп жатыр.
Құрылтай делегаттары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 2023-2024 жылдары атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындады. Құрылтайда сөз алған Рауан Кенжеханұлы:
- Біздің жаңа кезеңдегі жұмысымызды жандандырып, жаңа күш алуға септік еткен негізгі оқиға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына ерекше ықылас танытып, бастамаларымызды барынша қолдап, мемлекеттік тілдің бірінші жанашыры ретінде танылуы дер едім. Бұл біздің жаңа кезеңдегі белсенді қызметімізге даңғыл жол ашты. Соның арқасында мемлекет, бизнес, қоғам тарапынан кең қолдау таптық. Міне, бүгін де Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамы құрылтайының қатысушыларына арнайы құттықтауын жолдады. Тілімізге деген осындай құрметі мен қамқорлығы үшін барша тіл жанашырларының атынан Мемлекет басшысына ризашылық білдіреміз, - деді.
Шара барысында өткен бір жыл ішінде «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен 30-дан аса аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралар өткендігі және қазақ тілін насихаттау және кеңінен тарату мақсатында негізгі үш бағытта ауқымды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылғандығы айтылды. Сол үш бағытқа атқарлыған жұмыстарға жеке-жеке тоқталар болсақ.
Алғашқы бағыт – қазақ тіліндегі мазмұн қорын арттыру. Тұңғыш рет «Qazaq Oxford» сөздігі басып шығарылып, еліміздің барлық университеттері мен кітапханаларына тегін таратылды.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Абай Құнанбайұлының академиялық жинағы, басқа да ана тіліміз бен мәдениетімізді дәріптеп, насихаттауға көмектесетін кітаптар аударылып, басылды. «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен «Disney», «Pixar» және «Sony» студияларыны «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Веном: Соңғы би» секілді танымал туындыларын алғаш рет өз есебінен қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттап, үлкен экранда көрсете бастады. Аталған фильмдердің қазақша нұсқалары кассалық табыс үлесі бойынша бұрын-соңды болмаған жаңа рекордтар орнатты. Сонымен қатар, «BI Group» холдингімен бірлесе отырып, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн курстар кешені жасалды.
Келесі бағыт бойынша білім беру жүйесіне әдістемелік қолдау көрсетілді. Қазақстанның барлық аймағында 5000-нан аса қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосқан 10-нан аса аймақтық форум өтіп, педагогтардың қауымдастығы құрылды.
Мектеп оқушыларының тілдік дағдылары шыңдалатын «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы ұйымдастырылып, жеңімпаздарына еліміздегі үздік университеттердің гранттары тапсырылды.
Үшінші бағытта – IT саласындағы жетістіктерді тілді дамыту мақсатына тиімді қолдану. ҚР Цифрлы даму министрлігімен бірге қазақ тілді стартаптарды қолдау гранттарын тағайындау, тілдік модельді дамыту арқылы жасанды зердені қазақша сөйлету жобаларын іске асырудың жоспары жасалды. Қазақ тілін үйренушілерге арналған «Qazaq Lingo» мобильді қосымшасын әзірлеу жұмысы басталды.
Сондай-ақ қоғамның ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «Qazaq Tili Endowment» қоры құрылып, оған алғашқы болып Мемлекет басшысы қолдау көрсетті. Соның арқасында бұл бастаманы ірі кәсіпкерлер мен компаниялар қолдап, қазіргі таңда қорға 500 миллион теңгеге тарта қаржы жиналды. Эндаумент қорына келген қаражат жұмсалмайды. 2024 жылы қордың үстеме табысы 75 473 020 теңгені құрады. Нәтижесінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тұңғыш рет қаржылық дербестік пен тұрақтылыққа қол жеткізді.
Құрылтайда ұйым жұмысының тиімділігін арттырып, басқару тетіктерін оңтайландыру мақсатында Қоғамның құрылымдық жүйесі мен жарғысына өзгеріс енгізілді. Қамқоршылар кеңесі, Басқарма және Орталық кеңес мүшелерінің құрамы жаңартылып, толықтырылды. Алдағы уақытта білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілді мазмұнды арттыру және оны цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қойылады. Аталған міндеттерді іске асыру үшін 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары бекітіліп, жаңа міндеттер талқыланды.
«Қазақ тілі қоғамы» 1989 жылы құрылған болатын. Құрылудағы түпкі мақсат – Қазақстанда қазақ тілін қолдау және оны мемлекеттік тіл ретінде дамыту болды. Өйткені алмағайып кезеңде қазақ тілі орыс тілінің жетегінде жүріп, ресми салада да, күнделікті тұрмыста да мүмкіндігі шектеулі күйге жетті. Ана тілінің сол кездегі күйіне алаңдаған қайраткерлер, жанашырлар қоғам аясында ұйысып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге уағдаласты. Бес бағыт бойынша жұмыс істеп, «тіл ертеңі – ел ертеңі» екенін уақытында түсінді. Қазақ тілін дамыту, ағарту жұмыстары мен терминологияны жетілдіруге ден қойды. Қазақ мәдениеті мен әдебиетін қолдағанда ғана тіл шұрайы бұзылмасын білді. Қоғамдық бақылау енгізіп, мекемелерде қазақ тілінің ресми қолданылуын тексеруді бастады.
Содан бері бұл қоғам тынбай еңбек етіп келе жатыр. Алда «Қазақ тілі» қоғамының нәтижелі жұмыстарының жемісімен қуанарымызға сенімдіміз.
Амантай Акишев,
аудандық мәслихат депутаты
Суретте: мақала авторы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясатпен.