
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Мейірімді ата-ана, мейірімді бала!
14.11.2024
Бүгінгі жаһандану заманында ұрпақ тәрбиелеу мәселесі кенжелеп қалғаны ешкімге де таңсық мәселе емес. Бүгінгі күні елімізді жаулаған буллинг мәселесі, жастардың суицид жасауы шарықтап тұр. Қатерлі ойындардың кесірінен қаза болып жатқан жастардың оқиғасын әлемжеліден күнде көріп, етіміз де үйреніп кеткендей. Бүгінгі қоғамға не болды? Бұл мәселелерді шешу үшін қайтпек керек?
Аудандық жастар ресурстық орталығы ауылдық округтер мен кенттердің жастары мен тұрғындары үшін психологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Жобада жас отбасылар мен балалары бар отбасыларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, отбасыны әлеуметтік институт және отбасылық құндылықтар ретінде дамытуға және нығайтуға жәрдемдесу, жас ата-аналар мен олардың балаларының саналы және жауапты мінез-құлқын қалыптастыру көзделген.
Атаулы жоба аясында қараша айының 6 жұлдызында С.Торайғыров мектебінің акт залында мектептің қолдауымен, аудандық жастар орталығының ұйымдастуымен Қарағанды қалалық «Сеніммен Болашақ» атты қоғамдық бірлестігінің білікті психолог мамандары шақырылып, «Қоғам мен құқық» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.
Күн тәртібіндегі мәселе - қоғамның келеңсіз тұстарының жастардың санасына әсер етуі, сонымен қатар отбасындағы бала тәрбиесі.
Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, қоғамның міндеті екенін танытатын ауқымды басқосуға ата-аналар, мектеп ұстаздары, ата-әжелер мен балабақша тәрбиешілері қатысты.
Ал жиналыстың басты қонағы Қарағанды қалалық «Сеніммен Болашақ» филиалы қоғамдық бірлестігінің басшысы Индира Жанұзаққызы Тоқмұрзина мен Қарағанды қалалық «Отбасын қолдау» орталығының бас психологы Лаура Есболатқызы болды.
Алғы сөзді мектеп директоры Еркін Рахымбайұлы Жетпісбаев бастап, бүгінгі күні жастардың тәлім-тәрбиесі, бұрынғы аталар, әжелер, аналар, әкелер мектебін көрген буыннан өзгерек екенін атап өтіп, заманның ағымына қарай түрлі тәрбиелеу шараларын ұйымдастырудың маңызы мен мәні жайлы сөз қозғап, атаулы шараның мақсатына тоқталды. Сондай-ақ жиналысқа қатысқалы отырған арнайы мамандар, яғни спикерлермен таныстырып өтті.
Бұл жиналыс бұрынғыдан өзгеше. Ол алаңда қоғамның дерті болып жабысқан мәселелердің аты аталып қана қоймай, ұлттық мәдениетіміз мен тәрбиемізге сын келтірер тұстары мен шешілу жолдары қарастырылды. Өзінің бір сағаттық баяндамасында жұрт назарын бұрғызбай тыңдатқан, атаулы филиалдың басшысы Индира Жанұзаққызы ел мүддесі үшін мүлт етпей қызмет етіп келе жатқан орталық туралы сөз қозғады: «Сеніммен Болашақ» қоғамдық бірлестігі Қарағанды қаласында ашылғанына биыл 3 жыл толды. Қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы қоғам қайраткері, меценат Нұркен Жарылқапұлы Асанов.
Аталмыш ұйымның негізгі мақсаты ата-аналардың санасын ояту, олардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттыру, сондай-ақ жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. Онымен қоса, әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге біріктіру. Бала мен ата-ана арасында тығыз әрі шынайы қарым-қатынас болса, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды. Сондықтан әрбір ата-ана қоғамды жақсартуға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі орта қалыптасады деді.
Одан әрі Индира Жанұзаққызы қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, баланы жан-жақты дамыту үшін ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі тақырыбындағы мәселелерді қозғап, баяндама жасады.
Ол кешегі күні тарихымызда сайрап тұрған, ұлы тұлғаларымызды тәрбиелеген, ел анасына айналған атақты қаз дауысты Қазыбек бидің анасы Тоқмейіл жайлы, қазақтың бас ақыны атанған Абайдың шешелері Ұлжан мен Зере жайлы, «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген арыс ұл Әлихан Бөкейханның анасы Бегім жайлы сөз қозғап, аңыз-қиссалардан үзінді келтіріп, рухты жырлардан сыр тарқатты. Сондай-ақ қоғамдағы қатыгез балалар - қатыгез ата-аналардан туындайтынын өкінішпен еске алды.
Бүгінгі ата-ана бар жауапкершілікті мектепке, балабақшаға, ұстаздарға артып, ес білгелі өздерін көрген есті-ессіз балаларының қылығын қоғамнан көруге дайын екендігін баса айтып, жауапкершілік сезінуден қалған ата-аналарға ескерту жасады. Сөз соңында әлемді тек мейірімділік құтқарады деген әдемі тәмсіл келтірді.
Шара барысында сондай-ақ отбасындағы ер адамның рөлін арттыруға арналған психологиялық тренинг, бала тәрбиесінде тәжірибе және озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ ұжымдық рух пен отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға арналған жұмыстар өткізілді. Сондай-ақ, команда құруға қатысушылар отбасы тәрбиесінің маңызды мәселелерін талқылап, өз идеяларымен және тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.
Ата-аналар білім сапасы, білім жүйесіне қатысты өз ойларымен бөлісіп жатты. Бірі білім жүйесін Жапония халқының жүйесімен жүргізсе десе, енді бірі ұлттық – рухани бағыттағы пәндерді көбейту керек деген болжамдар жасады. Жиналыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң пікірлер айтылып, оның қоғамдағы отбасылық қарым-қатынасты дамытудағы маңыздылығына тоқталды.
Ал Қарағанды қалалық «Отбасын қолдау» орталығының бас психологы Лаура Есболатқызы ата-аналардың сауалдарына жауап беріп, «Сэндвич» техникасын қолдану арқылы тренинг ойындар өткізді. Ата-аналар ойын барысында балаларының бойындағы ерекше қабілеттерін анықтап, оларды мақтау-мадақтау техникаларымен жұмыс жасады.
Жиналыс соңында сөз сөйлеген Жастар орталығының басшысы Жанболат Жаңбырбаев қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен «Сеніммен Болашақ» РҚБ жұмысына сәттілік тіледі.
Өскелең ұрпақты еңбекке, ұлтшылдыққа тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ, атаулы форматтағы шараларды жиі ұйымдастыруға тырысатынын атап өтті.
А.Ерубаева