
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тіл – ең асыл құндылық
14.11.2024
Тіл қай елде де болса қадірленген, қастерленген. Расул Ғамзатовтың «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өтуге де бүгін-ақ» деген сөздерінен қай ел болсын өз ана тілін бәрінен де биік қойғанын байқау қиын емес.
Қазақ тілі қазақтың рухани мәдениеті болып табылады, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, сақталынып келеді. Қай ұлттың болмасын тарих сахнасында ғасырлар бойы жасап, өніп-өсіп, тамырын тереңге жаюы да немесе түп-тамырымен жоғалып кетуі де тікелей ана тіліне байланысты.
Тіл тұғырлы болып, мемлекет заңды түрде тілдің құқықтарын қорғаған жағдайда ғана ана тіліміз емін-еркін өркендемек. Осы орайда тіліміздің қордаланып келген мәселелері мен ана тіліміздің маңызы туралы ой қозғамақпын.
Бүгінгі статистика бойынша жер бетінде алты мыңнан астам тіл бар. Оларды қолданысына қарап үлкен екі топқа бөлуге болады: үнемі қолданыста болып, жаңғырып, жаңарып жатқан тілдер және аты мен заты ғана тарих беттерінде қалып, бара-бара мүлдем қолданыстан шығып кеткен тілдер де баршылық. Өсіп-өркендеп жатқан кейбір тілдердің маңызы мемлекеттік тұрғыдан дәлелденіп, әлемдік тілдер қатарына еніп жатқан жайы бар. Ал, өз елінде мемлекеттік тіл болып саналса да, қолданысы жөнінен өз атын ақтамай жатқан тілдерді де білеміз. Тәуелсіз еліміздің тарихы тамырланған, тіліміздің қадірі мен маңызы әр қазақтың ішкі жан-сырына айналған. Өз ана тілінің көз алдында солып бара жатқанына әбден көзі жеткен ұлт зиялылары жағдайды өз қолдарына алып, халық тағдырын шешуде елеулі шешімдер қабылдады. Міне, халық қалаулыларының оң шешімдерінің арқасында мемлекеттік тіліміз қолданыстан түспей, жасырын, астыртын болса да ел арасында ұмыт қалмады.
Егемендігіміздің тұғырланғанына отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт мерзіміндегі тіліміздің мәртебесі мен оның болжалды болашағын жоспарлап, нақты қадамдар жасау аса маңызды. Қазақ жұрты Алаштық кезеңнен бастап өз болашағы үшін тоқтаусыз күресіп келеді. Ғасырлар жылжып, заман өзгерді. Қазақ тілі өзінің лайықты мәртебесіне ие болып, Тәуелсіздікпен бірге қазақ тілі де өзіндік тұрғыдан дами бастады. Қазақстан жеке-дара мемлекет болғандықтан, Ата Заңы Конституциясының жетінші бабында да Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі саналатынын мақтанышпен жариялағандай. Жетпіс жыл уақыт қазақ тілі еркін қолданыста болмай, бірқатар мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар салаларда мүлдем пайдаланылмай келсе, егемендік алған соң тіліміз заңды түрде мемлекеттік тіл деп бекітіліп, қанатын кеңге серпіді.
Бүгінгі таңда қазақ балалары ана тілімізде білім алып жатыр. Әлемдік бестселлер кітаптар қазақ тіліне аударылып, қазақ тіліндегі кейбір ғасырлық туындылар әлемнің өзге тілдеріне тәржімаланып келеді. Жоғарғы оқу орындарында көбінесе қазақ тіліндегі даярлық топтарға мемлекеттік гранттар бөлініп, әртүрлі салаларда сапалы кадрлар даярлануда.
Кеңес үкіметі кезінде ана тіліміздегі бұқаралық ақпарат көздері жоқтың қасы болатын. 90-жылдардан бастап қазақша газет-журналдар, журналистика ісі мен баспасөз қызметтері толықтай дерлік қазақ тіліне көшіп, халықты әлемдік жаңалықтармен қамтамасыз етіп отыр. Әлі де шешілуі тиіс мәселелер баршылық, оны жасырмаймыз, әрине. Дегенмен, отыз жылда барлық мәселенің түгелдей дерлік шешілуі мүмкін емесін ескере отырып, шешімі табылған салаларды да тілге тиек еткен жөн-ақ.
Тіліміздің өркендеп, қанат жаюы өзімізге байланысты. Жаңадан өмір есігін ашып, әлемді танып, айналасындағылармен қарым-қатынас құру барысында сәби қандай тілде бірінші сөйлесе, сол тіл оған өле-өлгенше ыстық, жаны мен тәнінің ажырамас бір бөлшегіне айналатыны хақ. Ой-өрісі сол тілде дамып, ми-санасы сол тілде ойланып, небір жанға жылы сөздерді сол тілде айтып, өмірді тануды бастаған тілінің адамға ерекше жақын болуы да бір заңдылық болса керек. Отанды көркейту отбасы, ошақ қасынан бастау алады. Болашағымызды жарқын етіп, барымызды жоғалтып алмайық десек, қарапайым ұл-қызымызға беріп жүрген тәрбиемізге назар аударуымыз керек. Бүгінгі кішігірім отбасы ертеңгі қоғамның айнасы екенін ескергеніміз жөн. Иә, келісемін, адамның бірнеше тілді білуі өте орынды. Полиглот болу арқылы дүниені басқа қырынан танып, ой-өрісіңіз, таным көкжиегіңіз кеңейетіні рас. Дегенмен, өзге тілді біліп тұрып, ана тілінде сөйлей алмауы адамның полиглот екенін ақтамаса керек. «Алпауыт, бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына кіреміз» деген мақсатымызға жету үшін осы жолда аянбай қызмет ететін саналы ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет. Ал, өз кезегінде саналы әрі сауатты ұрпақ дегеніміз өз тілін барынша терең меңгеріп, емін-еркін, таза әрі сауатты сөйлей алады.
Қазақ тілі – бүгінгі мемлекеттік тіл титулына жеткенге дейін басынан талай қиыншылық дәуренді өткізген, небір құйтырқылыққа, сатқындыққа ұшыраған, жойылып кетуге сәл-ақ қалып барып өркендеген тіл. Кезіндегі алаштық Әлихан мен Ахаң сол кездегі дүйім жұрт өз ана тілдерінде емін-еркін сөйлегісі келетінін, халықтың қазақ тілін аса құрметтеп, қадір тұтатынын патшалық үкіметке ашық және батыл түрде жеткізген. Кеңестік үкіметтің өзінде қазақ тілі тағдыр тауқыметіне мойымай, халықтың табандылығының арқасында өз аяғына тік тұра білді. Міне, Тәуелсіздігіміздің тұғырына қонғанына да отыз жылдан асып барады.
Тіліміз мемлекеттік тіл титулына ие болды, ендігі тағдыры өз қолымызда. Қорытынды ретінде, мемлекетіміздің «Тілдер туралы» Заңына үңілер болсақ, халықты топтастыру үшін аса қажетті фактор болып саналатын мемлекеттік қазақ тілін жетік түрде меңгеру – әр азаматтың парызы екені жазылған. Қазақстандағы қазақ емес этностардың Заңда жазылған парызы «атқарылмаған парыз» болып қалмауы да өзекті мәселе дер едім.
Асыл Бекдәулетқызы,
«Киров НОМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі