taza-kaz

Гауһарға балағаным – қазақ тілі


03.10.2024

«Түрік тілдері ішіндегі ең жәуһары – қазақ тілі» - деп әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтыпты бір кезде. Әулие сөзінің жаны бар екенін мынадан-ақ білуге болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниедегі халықтар тілін жалпы үшке бөліп, жалғамалы, қопармалы, түбіртек деп таратады.

Түркі тілдері жалғамалы тілге жатады, яғни түбір сөзге қосымша жалғану арқылы жасалады деп тұжырымдайды. Қосымша – жалғау мен жұрнақ десек, жалғаудың төрт, жұрнақтың екі түрі бар  екені белгілі. Қазақ тілі үндестік заңына бағына отырып жасалса, басқа түркі тілдері – түрік, өзбек, татар, башқұрт т. б.  бір көптік жалғауы – ләрді бүкіл сөздерге жалғай береді.

Осыдан-ақ қазақ тілінің  басқа түркі тілдеріне қарағанда кейінгі  жаңарған, жасарған, заңдылығы басым, сөз қоры мол тіл деп әбден мақтана айта аламыз.

Сөз байлық қоры жөнінен алты мыңнан аса тілдер ішінде үшінші орын алуы да тегіннен тегін емес.

Балбал тас үлгісін жасап, онда өзіндік жазуы мен сызуы  болған, әдеби жыр үлгісіндегі Күлтегін, Тоныкөк, жырларынан (оның алдынан Сақ, Ғұнды айтпағанда) бастау алған Иассауи, Қашқарилермен жалғасып, жырауларға тізгін берген - қазақ тілі «Үлгісіз сөз болмайды» - (Бұқар жырау) деген қағида ХХІ ғасыр табалдырығын аттапты. Қанша ауызша, жазбаша әдеби мұраларымыз, тарихи жәдігерлеріміз ұлық тіл – қазақ тілі арқылы өсті, өрбіді, қанат жайды.

Енді егеменді елміз деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Ұлт жаны – тіл әлі сол табалдырықтан аттай  алмай, әлі босағаға сүйеніп, сығалап қарап тұрғандай әсер береді маған.

Ғылым мен техника, экономика тілі бола алмайды, тек от басы, ошақ қасында ғана жарайды дейтін кейбір кейбір керауыз жандарға айтарым – кеудесіне рух үрлеген, жанына жалау болған, бабамның қанына суарылған, ұрпағымның болашақ болмысына  кие болатұғын – Ана тілім бүгін сәл сығалар есіктен, ертең орны төр боларына сенемін.

Біз әлі күнге тіл туралы мақалаға бәйге жариялап, оған өзді өзіміз орын беріп, қауқылдасып жатқанда, басқалар бізді қолын шошайтып, мазақтап тұрғандай әсер береді маған.

Сондықтан бәленбай жыл өткізіліп келе жатқан бұл тіл бәйгесінің озық шыққандарын, көкейге қонатындарын бір жинаққа шығарып, ауданымыздағы әрбір мекеменің төріне қойып қойса дұрыс болар еді деймін.

Содан оларға осы мақалаларда айтылған әрбір пікір, ұсыныстар бойынша жұмыс істеуге пәрмен берсе, керемет болар еді-ау!

Жәуһәр һәм гауһар тіл, бабамның тілі, ұлтымның  жалқы рухани байрағы тіліміз төрге шықсын десек - бүкіл отырыс, жиын, мәдени шара т. б. басқосулар тек қазақ тілінде, шырқалатын әндер, биленетін билер ұлттық үлгіде, тіпті тойдағы ойнатылатын ойындар да баба өрнегінде өткізіліп, бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп, банкомат, әлеуметтік желіде – бәрі-бәрінде қолданатын болсақ қана арман орындалады. Ата-бабам аруағы шат  болады.

Ағжан Шыныбек,

ҚарУ-нің филология

 факультетінің 3-курс

студенті 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?