
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тілім - асыл қазынам
13.09.2024
5 қыркүйек - Қазақстан Республикасы тілдері күніне орай аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тілім – асыл қазынам» атты аудандық клуб меңгерушілері арасында байқау өтті. Қазақстан халқының тілдер күні - әртүрлі халықтар мен этностардың өкілдеріне құрмет көрсету және оларға көңіл бөлудің тамаша себебі. Әр халықтың тілі - оның ғасырлар бойы келе жатқан тарихы мен мәдениетінің коды. Сондықтан оның сақталуы мен дамуы ұлттық бірегейлік пен қадір-қасиетті қалыптастырудың маңызды шарты болып қала береді. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің жоғары мақсаты - ана тіліне деген сүйіспеншілік пен құрметке тәрбиелеу, сонымен бірге қасымызда тұратын басқа халықтардың тілдері туралы білімдерін кеңейту болып табылады.
Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сол себептен де барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде тіл мерекесін тойлайтын болады. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын. «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай.
Атаулы күні өткен байқау ұлттың ұлы ұстазын насихаттау, әрі тіл мәртебесін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ қазақ тілінің тек бір ұлттың емес, бүкіл халықтың ортақ қарым-қатынас құралына айналу қажеттігін жүзеге асыру. Қазақ тілін үйренуге, дамытуға және оны қоғамдағы барлық салада кеңінен қолдануға бағыттау, қоғамдағы рөлін арттыру, насихаттау болды.
Жүз жүйріктен шын жүйріктер анықталатын байқауға ауданымыздың 25 ауылдық мекенінен қатысушылар келіп, бақ сынасты. Жеңістен үміт етіп, қарсыластарына сәттілік тілеген байқаушыларды екі кезең күтіп тұрды: бірінші - «Өнерліге өріс кең» қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қосып жүрген үлесі, белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылардың ұлағатты сөздерінен үзінділер оқу, екінші - «Тіл мәртебесі - ел мерейі» тіл туралы өлең оқу.
Байқауға қатысушылардың шеберлігі мен білімін әділқазылар алқасының мүшелері бағалады, оның құрамын аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің жетекшісі Төлеубаева Зәуре Әубәкірқызы, «Зерде» бейнемобилінің жетекшісі Азамат Амантайұлы құрады.
Нәтижесінде Бас жүлдені Сарыарқа ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Асылбекова Нұрбала Сауранқызы қанжығасына байлады. Жүлделі І орын Шешенқара ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Бурашева Жанна Амангелдіқызына лайық деп табылды. Ал ІІ орынды Сарытөбе ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Жомарт Жанасыл, Ынтымақ ауылдық клубының меңгерушісі Майкөбенова Назым Балғабайқызы, Урожайное ауылдық клубының меңгерушісі Сабитова Лариса Петровна иеленді. Үш те болса күш болған жүлделі ІІІ орынды Ростов ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Тункина Надежда Сергеевна, Тоғызқұдық ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Биболова Бақтыгүл Ахметқызы, Ақбел ауылдық клубының меңгерушісі Молдабаева Гаухар Ғылымқызы, Тегісжол ауылдық клубының меңгерушісі Балабекова Жанар Амангелдіқызы бөлісті.
Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Байқаудың қалған қатысушылары ұйымдастырушылардан қатысқаны үшін алғыс хатымен марапатталды.
Байқау соңында әділқазылар алқасының мүшелері қатысушыларға одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді және мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді тіледі.
Айта кету керек, әділқазылар алқасы өз шешімін шығарғанша көпшілік қауым тағылымды туынды, Ахмет Байтұрсынұлы жайлы деректі фильм тамашалады.
Шара соңында құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәдениет үйінің басшысы Талашев Қазбек Александрұлы аудан тұрғындары мен қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, әр ұлттың ана тілінің, салт-дәстүрінің өзі үшін қастерлі екенін еске салып өтті. Сондай-ақ «Тілге құрмет – елге құрмет» деген қағидамен өнер ордасы алдағы уақытта да мемлекеттік тіліміздің көркейіп, кең етек жаюы үшін және мәртебесі мен мерейін арттыру барысында табанды қызмет ететін болады деді.
А.Ерубаева
Суреттер аудандық Мәдениет үйінің әлеуметтік беттерінен алынған.