
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тіл - ең асыл құндылық
27.04.2024
Қай ұлтта, қай мемлекетте болмасын тіл маңызды рөл атқарады. Адам баласының бойына ана тілі анасының ақ сүтімен дариды. Мемлекеттік тілді сол елдің төлқұжаты десек те болады. Әрбір елдің өзіне тән ерекшелейтін ана тілі, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрыптары бар. Оның бәрі ата-бабамыздан келе жатқан сарқылмас қазына.
Тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген жақсы сөзі бар. Расында да тілсіз біз ешкім емеспіз. Ұлттық болмысымыздан, дәстүрімізден айырыламыз.
Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады.
Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы. Тілге деген құрметті алдымен әркім өзінен бастауы керек. Күнделікті қолданыста ауыз екі тілде ғана емес, техника тілін де өз ана тілінде қолданса, тілге деген сұраныс артады. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру – өз қолымызда.
Қадыр Мырза Әлі ағамыз өлеңінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. Көп тіл білу, әрине, қазіргі жаһандану дәуірінде даму жолында үлкен қажеттілік тудырып отыр. Алайда өз тіліңе деген құрмет сонша тілдің арасында жүрегіңде сайрап тұруы керек деп ойлаймын.
Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі, тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған.
Бүгінгі күні қазақ тілінің қолданысына мен де қатты толғанамын.
Тіліміздің қолданысының кеңеюі артады деген үмітпен әлі келе жатырмыз. Өкінішке орай, өзге ұлт түгілі өз қазағымыздың қазақша сөйлей алмай тұрғанына іштей қынжыламыз. Егер қазақ қазақ болып өз ана тілінде сөйлемесе, өзге ұлт қазақ тілін қайтсін?! Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы ана тіліміз өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ, ертеңгі болашағы да қазақ ұрпағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің мәртебесі, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – қаны қазақ баласының бірден – бір міндеті болып табылады. Тіл – еліміздің іргетасы. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл – асыл ойдың бұлағы. Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. Қазіргі кезде кейбір қазақтар өз ана тілінде сөйлемейді.
Біздің елде адамдар қазақша түсінбеген соң, сөйлемейді, соның салдарынан тілдік орта қалыптаспайды. Неге ТМД- дағы кәрістер кәрісше білмейді. Себебі, тілдік орта жоқ, орыс тілді қазақтарда да осы мәселе бар. Біз оларға тілді академиялық тұрғыдан түсіндіріп, көмектесуіміз керек.
Оған қандай кедергілер кездеседі?
Қазақ тілді ортаның қалыптасуына кедергі болатын тағы бір нәрсе, орысша сөйлейтін қазақтар «біз қазақпыз ғой, қазақша қатесіз сөйлеуіміз керек» деп өздеріне қатаң талап қояды. Егер олар қате сөйлесе де, акцентпен сөйлесе де, қазақша сөйлей берсе, біртіндеп үйреніп қалады. Біздің қоғам қазақша сөйлегісі келген әрбір адамға күлмей, кіналамай, қолдап, көмектесуі қажет. Көп ұзамай тіл байлықтары көбейіп, қатесіз сөйлеп, қазақ тілін дамытуда көп үлестерін қосатын болады.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» - деген.
Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Біз қазақ деген ұлы халықпыз, тіліміз де, дініміз де тек қана өзімізге тән. Еліміздің іргесін шайқалтпай, босағасын берік ұстап тұрған осы біздің тіліміз бен ұлттық салт-дәстүріміз. Менің ойымша, әрбір патриот жан елі, жері, тілі, ұлты үшін тер төксе, адал болып, құрметтесе, біздің елдігіміз баянды болмақ. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Әрбір адам өз тілінде, анасының ақ сүтімен дарыған туған тілінде сөйлеуі тиіс.
Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да ойлап, қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Өзі қазақ бола тұра қазақ тілінде сөйлеуге намыстанады, оған қоса тілімізді шұбарлайды. Ал бұл қазақтыққа жат нәрсе. Сонау қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларымыз осы тілімізді сақтап қалу үшін өз жандарын құрбан еткен. Қазір бәріміз бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, қолда бар асылымыз - тілімізді бағалай алмай жатырмыз.
«Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиістіміз» деп Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай, айрандай ұйыған береке бірлігімізді сақтап, тәуелсіз Отанымыздың болашағын жарқын ету үшін тілімізді қадірлеп, құрметтеуіміз керек. Сол себепті де өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!
Ширек ғасыр - өтсе уақыт бедері,
Жүзеге асты кейбір іс те келелі.
Мына әлемде өзің барсың, ана тіл,
Сен бар жерде ұлтың да аман келеді.
А.Ақбаева,
«К.Боранбаев атындағы негізгі орта мектебі» КММ қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі
Жаңақала ауылы