taza-kaz

Тіл - ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі


16.02.2024

Тамыр соқпай қалса, демек, тағдырыңның сол сәтте тоқтағаны. Отбасыңды, туған жеріңді, кең-байтақ жері мен қыран-бүркіт еркін қалықтай ұшқан көк аспан, тектілік қанмен таралған шығу тегің мен жазира дархан далаңды қадірлесін деп жеке дара тұлға болып қалыптасқан тұла бойыңды бейқамдықтан сақтаған.

Сөйлеу үшін тіл берсе, сезіну үшін жүрек берген. Ақ пен қарадан тұратын мынау өмір деген ғаламаттағы қозғалыстың құны да осымен өлшенген. Бұл тіршіліктің түпкі тамырының діңгегі осы ана тілінің құдіретінде. Сондықтан да, біздің көк бөрінің текті ұрпағы «қазақ» деген халқымыз оны жанындай, көзінің қарашығындай, аманат қазынасындай қадірлеген. Ұлан байтақ даламызды қалай қан майданда қорғаса, ана тілін де арындай сақтаған. Жазуға сауаттылық жетіспеген сәттерде аңыз-әпсаналарды, ән-жырларды, ғажайып дастандарды есту арқылы бірінен-бірі ауызекі жаттап алып отырған. Оны ұрпағына қалдырған баға жетпес асыл мұрасы деп санаған. Міне, біздің тілдің шұрайлылығы мен тереңдігі сол ғазиз бабаларымыздың ең үлкен ерлігі еді. Бүгінде көкірегі ояу, көзі ашық ұлтымыздың ұрпақтары оны әлі де байыта түсуде. Тәуелсіздіктің әр баспалдағына тәу ете отырып, қара көздері мөлдіреп, елжіреп тұрып анасын аялағандай, ана тілінің мерейін көтеріп жүрген сол жандарға сүйсінесің.

Сәбиінің тәй-тәйлай бастағанда табанына шөңге қадалмауын тілейтін ата-ана секілді, ана тіліміз де аядай ортада болсын, адам мен адам арасында болсын, ақсап қалмаса екен. «Қала» деген өркениетке құлаш ұрған халықтың сана түкпірінде бәрібір ауылдың адалдығы алыстан-ақ аңқып тұрады. «Өзге тілдің бәрін білсе де, өз тілін құрметтейтін» қазақтар қауымы баршылық. Ана тіліңді сақтау, аялау - адалдығың алдындағы жауапкершілік. Өзгеден сұрап, мүлкіңмен айырбастай алмайтын қазынаңның қадірін өзің жоғалтсаң, ұрпағың алдындағы борышыңның да өтелуі неғайбыл. Өз мініміз бен міндетімізді өзгеден емес, өзімізден тауып, қара жерде талай бабаның аманаты барын, жайқалып өскен гүлдің тамырында ақ жаулықты аналардың арманы барын сезіне түссек деймін

Әлемдегі мүйізі қарағайдай алпауыт елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты сауатты сонымен қатар ой-санасы жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз - өз ана тілімізде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Қазіргі таңда отбасы, ошақ қасындағы ұрпақ тәрбиесі - қоғамның бар саласына қатысты өзекті мәселе. Өйткені, бүгінгі шағын отбасы – ертеңгі үлкен мемлекет. Мемлекеттің тізгіні сенімді адамның қолында болу үшін ұрпаққа саналы білім қажет. Адам көп тіл білгеннен зиян көрмейді. Керісінше, оның талабы да, талғамы да артады. Бірақ, ең басты тұғырда өз ана тілі тұруы керек деп есептеймін. Адамның ой-өрісі өз тілінде дамып жетілгенде ғана құндылығы арта түседі.

Тіл - әр адамның болмысы. Егер тіл жойылса адам болмысы да жойылады. Сенің қазақ екеніңді айғақтайтын таптырмас дәлел, ол – ана тілің. Шыны керек, бүгінгі күні қазақ тілінің қолданысына мен де қатты толғанамын. Тіліміздің қолданысының кеңеюі артады деген үмітпен әлі де таң атырудамыз. Өкінішке орай, өзге ұлт түгілі өз қазағымыздың  қазақша сөйлей алмай тұрғанына іштей қынжыламыз. Егер қазақ қазақ болып өз ана тілінде сөйлемесе, өзге ұлт қазақ тілін қайтсін? Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы ана тіліміз өмір сүруін жалғастыруда.

Түйіндей келе, біз бабаларымыздың күресімен өсетін бойымызға сіңіріп, олардың бүгінгі күнімізбен тікелей сабақтас құндылық екендігін әрқашан сезінуіміз қажет. Осы тамырластық дегдар сезім бүгінгі қазақтың азаттығына, ел болуына, ел болу үшін басқа да мемлекеттік атрибуттармен, істермен бірге ұлт тілінің мерейін асыратын, отаршылдық қалдықтармен күресетін баянды шаруаларға жұмылдыру шарт һәм міндетті. Бағзы бабалардың да, абыз Абайдың да, Алаш зиялыларының да аманаты осында.

Аяулым Жанатова,

Қарақұдық ауылы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?