taza-kaz

Көрнекі ақпарат туралы ұғым


12.01.2024

Көрнекі ақпарат құралдарына баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар секілді елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар жатады.

Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапалы жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған.

Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдеріндегі) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр. Көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимараттар ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.

Сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуды қамтамасыз ету, мәтіндердің екі тілде тең түпнұсқалылығын сақтап жазуды қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Заңнамаға енгізілген түзетулер мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған және «Тіл туралы» Заңның 19-бабында еліміздегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің атаулары мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлетін. Мәселен, қаланың кіре берісінде Қарағанды деп, оның қасында Караганда, Үржар (Уржар), Жем қаласы (Эмба), Қапшағай (Капчагай) деп жазылып келсе, енді тек қазақша ғана жазылатын болады.

Ендігі жерде «Тіл туралы» Заңның 21-бабына енгізілген толықтыруларға сәйкес мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастырылатынын жоғарыда айтып өттік.

Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері (мысалы: «Билайн», «Мегафон», «hp invent», «Coca Cola», «Canon» және т.б.) өзгеріссіз жазылады.

Енгізілген нормалар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін (тілдерін) нақтылайды. Бұл ретте мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.

Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде берiледi.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі - Комитет) маңдайшалар бойынша сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақыны есептеу бойынша әзірленген ұстанымның негізінде Комитет шешімдер қабылдады. Егер маңдайшаны айқындауға жататын объектіде қызығушылықты қалыптастыруға арналған қосымша ақпарат болса, онда бұл объект сыртқы (көрнекі) жарнаманың объектісі болып табылады және тиісінше төлемақы төлеуге жатады.

Мысалы, көрсетілген кейбір белгілерде атау туралы ақпараттан басқа, акциялар мен жеңілдіктер («Жаңа жылдық жеңілдіктер», «Акция! Барлығы 100 теңге» және т.б.), бұл тауарға деген қызығушылықты қалыптастырады, осыған байланысты бұл белгілер сыртқы (көрнекі) жарнама объектілеріне жатады.

Сондай-ақ, жүгіртпе жол түріндегі кейбір маңдайшалар көрсетілетін қызметтің сапасы туралы қосымша ақпаратты қамтиды және тиісінше төлемақыға жатады.

Белгіде тауарға деген қызығушылықты қалыптастыратын атаудан, сондай-ақ ақпараттан басқа мұндай объект сыртқы (көрнекі) жарнама объектісі ретінде қаралады. Белгіде, атауынан басқа, қосымша ақпарат көрсетіледі – «Жаңа және арзан өнімдер», тиісінше, бұл сыртқы (көрнекі) жарнама объектісі. Мысалы, егер дүкен маңдайшасында қызмет түрі туралы ақпарат көрсетілсе «Азық-түлік дүкені», бұл жағдайда мұндай объект белгі болып табылады және төлемақыға жатпайды.

Жарық конструкциялары сыртқы (көрнекі) жарнамаға жатады. Сонымен қатар, егер жарық конструкциялары белгінің анықтамасына сәйкес келсе және қосымша ақпарат болмаса, ол сыртқы (визуалды) жарнамаға жатпайды.

Сонымен, жарық конструкциялар ғимаратқа кіру шегінде орналастырылған және тек субъектінің атауы туралы ақпаратты қамтиды және сәйкесінше белгі болып табылады.

Нұсқағыш сыртқы (көрнекі) жарнама болып табылмайды. Бұл ретте, егер нұсқағышта тауарға қызығушылықты қалыптастыратын қосымша ақпарат болса, бұл көрсеткіш сыртқы (көрнекі) жарнама объектілеріне жатады. Сонымен, құрылымы екі шаршы метрге дейінгі нұсқағыш, субъектінің атауы мен навигациясы туралы ақпараттан басқа, акциялар мен жеңілдіктер туралы қосымша ақпаратты да қамтиды, осыған байланысты төлемақы төлеуге жатады.

Бұдан басқа, үй-жайлардан тыс орналасқан нұсқағыш атауы, даралау және навигация құралдары туралы ақпаратқа қарамастан, конструкциясының мөлшері екі шаршы метрден асатын болса, бұндай нұсқағыш сыртқы (көрнекі) жарнама объектілеріне жатады.

Сондай-ақ, жақын жерде орналаспаған және үй-жайлардан тыс орналасқан, сондай-ақ навигация туралы ақпаратты қамтымайтын (яғни субъектінің орналасқан жерін көрсетпейтін) ұйым атауы бар нұсқағыш сыртқы (көрнекі) жарнама объектілеріне жатады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабы –  «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық көзделген», атап айтқанда аталған баптың «деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады».

Осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға сауаттылық!» атты облыстық айлық аясында тоқсан сайын облыс, аудан, ауылдық округ, кент, ауылдарда орналасқан көрнекі ақпарат құралдарын маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама тағы басқа құралдарға рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасатын болады.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, ең бастысы мемлекеттік емес ұйымдардағы көрнекі ақпарат құралдарындағы кемшіліктер уақытылы түзетіліп, көрнекі ақпараттар тіл заңдылығына сәйкестендірілгені абзал.

 

Е.Кенжебаев,

Шешенқара ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?