
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тіл – тұмарым!
08.12.2023
Тіл – ұлттың қазынасы яки тұғыры! Әрбір адам өзінің төл тілін қастерлеп, қадірлеуі шарт. «Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады», «Тілі жоғалған ұлт – түбі жоғалған ұлт». Жалпы, тіл туралы айта берсе, сөз көп. Тіл - әрбір ұлттың бойтұмары. Қазақтың керемет ақыны Қадір Мырзалиев:
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, - деп бекер жырламаса керек.
Қазіргі таңда қазақ тілінің жағдайы мүшкіл. Тілді дамыту саясаты ақсап тұр. Жалпы, тілді дамыту үшін не істемек керек!?
Абай атамыз бірінші қара сөзінде: «бұл жасқа келгенше, жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе!? Әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік…» демекші, тіл туралы солай айтуға болады. «Тәуелсіздік алғалы 30 жыл болды, тілімізді дамыттық, дамытпадық па, әйтеуір тілді дамытуға тырыстық» деп айтуға болады. Сонау Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ елінің тарихы тілмен тікелей байланысты. Әлем тілдерінің ішіндегі ең бай, ең әдемі әрі сөздік қоры бай тілдердің бірі – қазақ тілі!
Ендеше, осы тілді дамыту жолында әр адам өз үлесін қосуы шарт. «Әр қазақ - менің жалғызым» демекші, әрбір қазақ төл тілімізге жалғыз, дара тілім деген көзқараспен қарайтын болса, кез-келген ортада орысша сөз араластырмай, тек қазақша сөйлейтін болса, онда қазақ тілінің мәртебесі зор болмақ. Тілді үйрену үшін ешқандай мектеп, ұстаз қажет емес. Әр адам өзі тілді үйренем десе, оған кім тосқауыл бола алады?!
Кейде таңғалатыным бар. Жануарлардың өзінің тілдері бар. Олар өз тілдеріңде сөйлейді. Мәселен, торғай шырылдайды, сиыр мөңірейді, тағысын тағы. Ал, сонда қазақ неге өз тілінде сөйлеуге құмар емес. Қит етсе, орысша араластырып, орысша сөйлей жөнелеміз. Ол ойланатын нәрсе. Бұл – Арал теңізінен бетер үлкен проблема.
Әрине, тіл дамыту жолында өкіметтің де ықпалы зор болуы керек. Мәселен, телеарна, интернет қай тілде, қандай ақпарат тарататыны маңызды. Оны қадағалау шарт. Жақында естігенім бар. Көршілес Өзбекстан елінде ақпараттың бәрі, кино өзбек тілінде көрсетіледі екен. Тағы бір ақпарат естігенім – Жапония мектептерінде 7-сыныпқа дейін өзге тіл оқытпайды екен. Біздің елде де тілді дамыту саласында түбегейлі өзгерістер қажет. Тілді жетік меңгерген азаматтарды көтермелеу керек. Ал, керісінше тілді білмеген адамды ілтипатқа бөлеудің қажеті жоқ. Меніңше, тіл жайында бөлек кодекс болуы шарт. Қылмыстық кодекс іспеттес. Сол тіл кодексінде әрбір пункт сараланып, сарапталып жазылу керек. Өз тіліміз өзімізден басқа ешкімге керек емес. «Жаман үйді қонағы билейді» деген сөз бар. Біз тура сондай халдеміз қазіргі таңда.
Тіліміз – дүдәмал, қазақтығымыз оңып тұрған жоқ. Әр адам санасына қазақ тілім – жүрегім деп түйетін болса, сол оймен өмір сүрсе, керемет өзгерістер болатынына мен сенімдімін. Жалпы, тілді дамыту, оны дарыту бала кезден, отбасыдан бастау алу керек. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» деп те айтып жатады. Яғни, болашақ азамат отбасыдан қалыптасады. Ал, қазіргі таңдағы тіл үйрету курстары, мейлі ол тегін болсын, ойдағыдай нәтиже бермесі айдан анық. Тілді дамыту әр қазақтан бастау алуы керек. Кез келген ортада қазақша сөйлесер болсақ, басқа тілде сөйлесе, қазақшаны талап ететін болсақ, бара-бара қоғам тілді үйрене бастайды. Бұл – ақиқат!
Сонымен қатар, құжаттар тек қана қазақ тілінде жүргізілуі керек. Мемлекеттік қызмет те қана төл тілімізде іске асуы тиіс. Сол кезде өзге тілде сөйлейтін азаматтар амалсыз қазақ тілін үйренуге мәжбүр болады. Жарнама да солай болуы керек. Көшелердегі «дүкен», «магазин» дегендерді жазбай, тек қана «дүкен» деп жазылуы шарт. Өз елімізде «өзіміз би, өзіміз қожа» болсақ, кім бізге қарсылық танытады?
Өзіміз өз тілімізді құрметтемесек, өзге ұлттар құрметтемесі анық. Мәселен, қазіргі таңда көп елдер Димаш Құдайберген секілді әншіміздің арқасында қазақ әніне, сол арқылы қазақ тіліне қызығушылық танытып отыр. Бұның өзі үлкен қадам, үлкен жетістік. Бәлкім, болашақта қазақтың әні мен жыры арқасында күллі әлем тілімізге құштар болар. Халықаралық қатынас тілі болып жаңғырар. Тіл туралы заңдарды қайта қарап, мықты заңдар қабылдануы керек. Бұл әбден керек біздің қоғамға. Бабаларымыз тілдескен, ұлы елдің, ұлы тілінің гүлденер уақыты әлдеқашан келген. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың тілі мың бұрмаланбай, мәңгілік естілер күн туады. Қазақтың әні боп, қазақтың жыры болып, қазақ тіліне жер-жаһан сүйсінері сөзсіз. Кешегі өткен бабаларымыз ел тәуелсіздігін армандады, тәуелсіз болдық.
Енді біз тіліміздің асқақтауын көксейтін болсақ, ол күн де сөзсіз келеді. Себебі, армандар орындалады.
Айтуар Бекежанов,
(«Үздік мақала»
байқауының
3-ші орын иегері)
Ботақара кенті