taza-kaz

Көрнекі ақпаратта қазақ тілі міндетті болады


28.07.2023

Ономастика жүйесі – кез келген қоғамның ажырамас бөлігі, тіл саласының маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Ал ономастиканың негізгі тармағы – жарнама тілі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, бүгінгі таңда елімізде жарнама секілді көрнекі ақпарат құралдарында орыс тілінің қолданылуы алынып тасталды.

Осыған орай елде жарнама секілді сырттағы афишалар, баға көрсетілген құлақшалар, ас мәзірі, жол белгілері, ауыл және тарихи мекендердің атаулары секілді көрнекі ақпараттар тек қазақ тілінде жазылады.

Ауданымызда осы салада біршама жұмыстар атқарылса да, көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдегі атаулардың мүлдем жазылмауы, жарнамалардың тек бір тілде (орыс тілінде) жазылуы, нысан атауларындағы орфографиялық, пунктуациялық қателер сияқты олқылықтар әлі де бар.

Бұқар жырау ауданында жыл бойы әр тоқсан сайын көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» ҚР заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен  «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға сауаттылық!» аудандық айлығы ұйымдастырылып тұрады.

Құрамына кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдерінің мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары, еріктілер кіретін мониторинг тобы құрылған. Топ мүшелері рейд барысында сыртқы жарнама объектілерін, маңдайшаларды, баға белгілерін, ақпараттық стендтерді бақылап шығады.

Ендігі мәселе – көрнекі ақпарат саласындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу. Сауатсыз көрнекі ақпараттың санын азайту және бизнес өкілдеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан құрылған көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндері бойынша тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» («Call center») 2-16-70 қызметі бар, оған кез-келген кәсіпкер жүгіне алады.

Қорыта келгенде тілге құрмет өзімізге байланысты дегім келеді. Әр азамат, әр кәсіпкер мемлекеттік тілді меңгеріп, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге белсене атсалысулары қажет!

 

М.Төлеуов,

Бұқар жырау аудандық

мәдениет және тілдерді

дамыту бөлімінің маманы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?