taza-kaz

Мекемелердегі кездесу


30.10.2021

Дін және руханият

Қазан айының 22-жұлдызында біздің ауданымызға Қарағанды қаласынан дінтанушы, заңгер Тілекбаев Серік Қуатұлы жұмыс сапарымен келді. Ол кісіні ішкі саясат бөлімінің маманы Әлишер Аманбаев полиция басқармасына, Төтенше жағдай бөліміне, мәдениет үйі, әкімдікке  ертіп апарып, осы мекемелердің қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Бүгінгі таңда еліміздің есігі барша діндер үшін ашық. Бұл жақсы ма, әлде жаман ба деген сұрақтарға жауап іздеуден басталған кездесуде өзге діндердің еліміздің жастарына тигізіп жатқан әсері жөнінде ашық әңгіме өткізілді, көпшілікті алаңдатып жүрген сұрақтарға жауап берілді.

Отбасында бәрі ата-анадан бастау алады. Ата-ана баласының діни білімді қалай, қай жерден алып жүргендерін көбіне білмей жатады дейді баяндамашы. Өмірден алынған мына бір мысалдан көргеніміз – бала ата-анасына мешітке апарып жүріңіздерші деген өтінішін білдіреді. Ата-ана баласы үшін не істемейді, оны мешіттің жанына жеткізіп жүреді. Сонымен, біршама уақыт өтеді. Бала өте қатты өзгереді. Ата-анасы таң қалады. Баланың барып жүрген мешітінің адамдарымен кездеседі. Алайда, бала бұл жерге келмейтінін айтады мешіт қызметкері. Сөйтсе, ол мешіттің жанынан басқа көлікке отырып, өзге діннің ғимаратына барып, барлық уағызды сол жерден сіңіреді. Бала мінез-құлқының өзгеруі осыдан екенін білеміз баяндамашының айтқандарынан.

Елімізде мұсылман дінінен басқа 79 дін қатар тіршілік етуде. Біздің Бұқар жырау ауданының елді мекендерінде өзге діннің құрсауына кіріп кетіп жатқан отбасылар бар екен. Жұртшылықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын өткізуге жұқпалы індет мұрсат бермеген бір жарым жыл ішінде өзге дін өкілдері біраз әрекеттер жасап, біршама адамдарды өзіне қаратып алғаны, дін мәселесі еліміз бойынша өте өзекті болып тұрғаны, ата-анасын таң атпай жерлейтін, оларға бейіт көтермейтін, дұға бағыштамайтын діндегі балалар өсіп келе жатқан қоғамымызда ұлтымыздың салты мен дәстүрін өскелең ұрпаққа жалықпай-талмай сіңіре беруіміз керектігі айтылды. Қазір жастардың көбі арақ ішпейді, темекі тартпайды, мешітке барады. Ол жерде ол қандай тәлім алып жатыр, көбіміз біле бермейміз.

Ата-ана айтады:

- Менің балам сақалын қауғадай қылып өсіріп, шалбарын қысқартты. Аузынан «Альхамдуллиласы» түспейді. Мен шелпек пісірсем пісірме, әруаққа құран оқыма, бауырына мынандай сабақтарға барма, біз дұрыс деп санағанның бәрі оған ұнамайды, дұрыс емес деп есептейді, не істеймін, - дейді.

Енді ойлана беріңіз. Баланың санасы қаншалықты уланған, оны уағыздаушылар соғысқа да, адам өлтіруге де еш шіміркенбей жібере салады. Сириядағы қанды соғысқа елімізден қаншама адам аттанып, түгелі дерлік оққа ұшқан, «Жусан» операциясы бойынша елге олардың жұбайлары мен балалары қайтарылған. Алайда, елге оралғанымен, олар әлі бір қалыпқа келмей жүргені айтылды. Әйелдер ауызша туған жеріміз жақсы, қайтарғандарыңызға рахмет деп айтса-дағы, сол жаққа қайтуды аңсайды, балалар болса түстерді айыра алмайтын жағдайда. Барлық түс оларға қара түс болып көрінеді дейді теолог. Бүгінде ондай отбасыларға еліміз пәтерлер жалдап беріп, азық-түлігін тегін үлестіреді. Өмірге кірігіп кетуге олар да асықпайды. Дайын нәрсені пайдаланып, уақыттарын бос өткізеді. Ар жақта әйелдер күйеулері оққа ұшқанда, басқа азаматтармен қосыла салады екен. Әйелдердің бір емес, алты, жеті, одан да көп адаммен отасқан мысалдары да айтылды.  

Он бес республика ыдырап, әр республика бөлек кеткен уақытта үлкен қалалар мен қанаттас қалаларда ғимараттар бос қалған. Қалталарында қаражаты бар өзге елдерден келген дін өкілдері осындай ғимараттарды – мәдениет үйлерін, кинотеатрларды, балабақшаларды қалдық бағасымен сатып алып, діни ғимараттар ашып тастаған. Осы ғимараттарда қаншама қазақ жастарының санасы уланып, соңында қайғылы жағдайларға ұшырап жатыр. Теміртау қаласындағы «Қайырымдылық үйіндегі» он сегіз адамды шет елдерден келген алты адам мәпелеп күтуде. Оларға Ватикан мемлекеті қаржылай көмек көрсетеді. Олар бір жерде бес жыл қызмет етіп, басқа елге кетеді.

Қазақстанда орнығып алған діндердің ішінде қандай дін жоқ дейсіз. Үндістан, Коста-Рика, Польша, Индонезия – саусақпен санап алу мүмкін емес. Олардың көбі адамдарды өзінің сектасына кіргізіп алып, ақшасын, дүние-мүлкін, малын майлы шелпекше сорады. Соңында өздері байып алады, ал ол үйлерге барған адамдар – үйсіз-күйсіз, ақшасыз қалады.

Сырттан келген діндердің біздің еліміз үшін зиянын тілге тиек еткен басқосу баршаға ой салды деп ойлаймыз.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: мекемелердегі кездесулер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?