taza-kaz

Ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған


28.09.2019

Сан саңылақты дүниеге әкелген, самғау көкке түлеткен Сарыарқаның сары даласының перзенті, саналы ғұмырын ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, ғылым-ілім жолында сарқылмас еңбектерімен танылған ардақты ел ағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың 60 жасқа толған мерейтойы ауданымыз төрінде дүркіреген тойдан кем емес дәрежеде аталып өтті. Осынау атаулы мерекеде өмірде де, ғылымда да биік белестерден көрініп, өңіріміздің атын асқақтатып жүрген ел ағасына «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі табысталды.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырумен өткен шығармашылық кеш шымылдығы Жамбыл Артықбаевтың зұлмат жылдардағы қазақ отбасының тағдыры мен тауқыметі бейнеленген «Бір адамға екі өлім жоқ» драмалық шығармасымен ашылды. Режиссер Сланбек Жұмағали ағамыздың дайындауымен, мәдениет бөлімінің өнерпаздарының қатысуымен өткен үзінді жан тебірентіп, көзімізге жас әкелді.

Ауданымызға қарасты Жаңақала ауылында дүниеге келген Жамбыл Омарұлы туған ауылына, ауданына ғана емес, барша Алаш жұртшылығы мақтан етер азамат. Сайын дала қойнауында ашылмай жатқан тарихты зерттесем, білсем деген үлкен арман жолында ғылым атты киелі шаңырақтың төріне шығу бақытына кенелген ел ағасы асқақ арманымен қанат қағып елден 11 жасында білім іздеп, жыраққа кетеді. Білім жолында жүрген жас бала туған жерге қонақ ретінде келіп жүріп, кеудесіндегі сағынышты «Ботақара таулары күтіп мені қарсы алшы, ағып жатқан ақ нұра арындашы, ойнашы» деген өлең жолдарымен жеткізген. Кешегі жас жігіт, бүгінгі ел ағасы кіндік қаны тамған туған өлкесін қанша жасқа келсе де, төрткүл әлемнің қай шетінде жүрсе де, ыстық сағынышпен еске алып, осы өлкеде дүниеге келгеніне мақтанатындығын айтады.

Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған Жамбыл Артықбаевтың ғылыми еңбектері, кітаптары мен жеткен жетістіктерін паш ететін стендті аудан басшысы Шагурашид Мамалинов, мәслихат хатшысы Асхат Әли мерейтой иесімен бірге тамашалады.

Бір бойынна жеті өнердің мәйегін сыйғызған Майгүл Асқарова апамыздың жүргізуімен өткен ғылыми мазмұнға толы шығармашылық кеш көптен бері сыр мен сезімді парасат көгіне көтерер серпіліс күшін күтіп жүрген көрерменге естен кетпес, ауыздан түспес мереке сыйлады. Кез-келген шараны гүлге айналдырып, әуезді мәйегімен, көңілімізге түйіп алар өнегесімен өткізе білетін Майгүл апамыз сұхбат түрінде жүргізген кеште отандық ғылымның сардары болған ағамыздың өмірі мен жеткен жетістіктері, еңбектеріне байланысты сұрақтар қойылып, мерейтой иесімен тарих хақында сырға толы әңгіме өрбіді.

Ел ағасының балалық шағы, білім-өнеге алған ұстаздары, археология ғылымының атасы Әлкей Марғұланның еңбектерін зерттеп-зерделеу жолындағы атқарылған жұмыстары жайлы өрбіген әдемі әңгіме кентіміздің атауының шығу тарихымен жалғасты. Үлкен тарихи ізденіс, тынымсыз жұмыс жолында өткеннің көзі данагөй қариялардың аузынан естіп жүрген әңігмелерді тыңдап, ойға түйе білген Жамбыл Омарұлы оларды зерделей келе тылсым, сыры ашылмаған тарих беттерін қайта ашқандардың бірі.

Сонымен қатар кеш барысында Жамбыл Омарұлының халқымыздың сан ғасырлық өмірбаянын, жүріп өткен сара жолын зерттеп, ұлт санасын қалыптастыруға арналған ғылыми шығармашылық еңбектері, шежіре мен әдебиетті тоғыстырған тарихи киноларға кеңесші, әрі сценарийлер жазушысы болып жүрген орасан зор қызметі жайлы сөз қозғалды. Қазақ этнология ғылымында шежіретану бағытының негізін салушылардың бірі, тарихшы, жазушы-драматург, педагог Жамбыл Омарұлы өзінен тікелей білім алғандар үшін ғана емес, ғалымның қолтаңбасы түскен әр ғылыми мақаласын, құны жоғары кітаптарын оқып жүргендер үшін де ұлағатты ұстаз атанып жүр. Ал ағамыздың қолғабысымен жасалған туындылар ел көңлінен шығып, бүгінгі күні үлкен сұраныстарға ие. Сондай атаулы туындылардың бірі Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арнап түсірілген «Көмекей әулие» деректі-көркем, «Төле би», «Қазақ» елі тарихи аннимациялық фильмдерінің жас өркенге берер өнегесі мол.

Қардай ақ көңілі, судай таза тұрпаты, қарапайымдылығы өзгелерден ерекше Жамбыл ағамыздың ғылым жолында жасаған сара жолынан бөлек қоғамда болып жатқан дүниелерге бейжай қарамайтындығын көріп, естіп жүрміз. Әсіресе ұрпақ тәрбиесінде сүбелі еңбек атқарып жүрген ел ағасы жастарды жаңашылдықтан қорықпай, ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту жолында жарқын бастамалар жасауға шақырады. Ағамыздың бабалар мұрасы болып қалған ғибратты сөздерді жинақтап, өсіп келе жатқан жас өркен естісін, білсін деген ниетпен ұсынып жүрген дүниелерін күнұзақ телефонға үңіліп отырар жастарымыз ізденіп, тыңдайтын болса, ғанибет емес пе?!

Мерейтой иесін құттықтаған аудан басшысы:

- Жамбыл Омарұлы, өзіңізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, ауданымыздың тумасы ретінде отандық ғылым саласына қосқан еңбегіңіз бен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіңізді құрмет тұтамыз. Сіздің сүбелі еңбектеріңізбен сусындап, білім алушы шәкірттеріңіз арта берсін,- дей келе «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін аудандық мәслихат хатшысы Асхат Әлимен бірге салтанатты түрде табыстап, ардақты ел ағасының арқасына зерделі шапан жапты. 

Жамбыл ағамыздың шашбауын көтеріп келген әріптес достары, құрметті қонақтарымыз кеш төрінен орын алды. Қарағанды медицина университетінің қазақ тілі кафедрасының және үштұғырлы тілдерді дамыту департаментінің атынан әуезді ән арнаған Марина Маретбаеваның ән шашуын шертпе күйдің шебері атанған Жанғали Жүзбай ағамыз Тәттімбеттің «Саржайлау» күйімен жалғады.

Кітапханалар жүйесінің қызметкерлері С.Мұхаметқали, А.Ақжиева, Е.Смағұлова, А.Қабдиеваның «Сен қазақ ұрпағысың» өлеңі мен аудандық орталық балалар кітапханасының жас оқырмандары, №1 қазақ тірек мектебінің 8-сынып оқушылары А.Тілешова, А.Қаманбекова, А.Қартабаева, А.Нұртай, А.Юсупова, С.Оспанов, Д.Болат, А.Кабирахмановтың Жамбыл ағамыздың көрікті ойларын орындау шеберлігі кеш дәрежесін шарықтау биікке көтерді.

Мәдениет үйі өнерпаздарының «Айналайын ауылым», «Ботақара баурайында» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Ақзер Мұхаметқалидің орындауындағы «Дей салдым» әндері көрікті әуез сыйласа, шығармашылық кештің нүктесін қойған «Жалын» тобының орындауындағы «Жүрегім қазақ» әніне көрермен тік тұрып қошемет көрсетті. 

Кеш соңында «менің өмірбаянымды өзімнен жақсы зерттеп алыпсыздар» деп тамсанған Жамбыл Омарұлы:

- Бүгінгі жасап отырған іс-шараларыңыз мен үшін емес, қазақ ғылымына жасаған құрметтеріңіз деп білемін. Ал менің ауданымды осындай биіктерден көру мен үшін үлкен қуаныш. Сіздерге қызмет етуге ардайым дайынмын, - деп атаулы іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен жерлестерінің баршасына өз алғысын білдірді.

Даладай дархан, баладай ақкөңіл ағамыздың дара қасиеттерін саралаған кештен бірден тарқамаған бұқаржыраулықтар Бұқардай бабаның рухын сіңірген қайраткермен естелік суретке түсіп, ел ағасына жыр абызы Жамбылдың жасын тіледі.

Б.Жакешова

 

Д.Торжановтың суреттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?