taza-kaz

«Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі оқулары


06.07.2023

Биыл Бұқар жырау бабамыздың туғанына 355 жыл толады. Баба атын иеленген ауданда жыл он екі ай бойында қызу еңбек атқарылып, мән-мағынаға толы дүбірлі шаралар ұйымдастырылып жатады. Маусым айының 30-жұлдызында «Бұқар жырау оқуларының» он алтыншы аудандық кезеңі өтті. Оған қырыққа жуық өнер сүйер қауым қатысты.

Бұл шара бұрынғы шаралардан өзгерек екенін айта кету орынды болар.

Он алтыншы рет өткізіліп отырған «Бұқарекең жырлайды» оқуларының қазылар алқасына төраға болып мәслихат төрағасы Асхат Әли, аудан әкімінің орынбасары Ә.Шайкенова, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматшасы М.Шибаева, аудандық мәслихат депутаты А.Акишев, «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбие ісінің меңгерушісі А.Есіргепова, С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Қ.Шыныбектегі сайланыпты.

Байқаудың төрт түрлі жанр бойынша ұйымдастырылатыны туралы алдын ала  хабарландыру жарияланған болатын. «Бұқар жырауша» мүшәйра үлгісінде ақын өз туындысын жыраулар поэзиясы, жыр-толғау үлгісінде жазуы тиіс номинацияға 26 өнерпаз қатысты.

Бұқар жырау ауылына қарасты Шалқар ауылында Бұқар баба кесенесінде меңгеруші болып Әлихан Увалиев бірнеше жылдан бері қызмет етіп жүр. Кесененің кез-келген уақытта адамдарды қабылдауға дайындығы осы адамның құзырына кіретін үлкен міндет. Әлихан жұбайы Наурызгүлмен Ақниет атты қыз баласын Бұқар жыраудың «Он бір тілек» өлеңімен алып келіпті.

Байқауға қатысушы өнерпаздардың жастары шектеусіз, оған кішкентай бала да, үлкен де үкіленіп келді. «Бұқар жырау оқулары» сайысында қатысушы Бұқар жыраудың жыр-толғауларын жатқа, мәнерлеп оқуға тиіс болды. Сайыстың аты сайыс, бұл өнер жарысында алға оза шапқандар, өте көп өлеңдер жаттағандар да, аз ғана өлең жаттап, керемет етіп оқып бергендер де болды. Әділқазылар алқасының мүшелері әрбір қатысушының жаттаған өлеңдерін тізім арқылы тексеріп отырды. Киелі сахнада өнер көрсету оңай болған ба, онда тұрған сайыскерлердің кейбіреуі мүдіріп, жаттаған өлеңдерін ұмытып қалып жатты.

«Бұқар жырау оқулары» сайысының соңында «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Саян Бөдесов Бұқар жыраудың «Ай айташы, Алланы айт» өлеңіне сөз жазған Қ.Шыныбектегінің әнін орындады. Әнді көрермен қауым жылы қабылдады.

Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан он алты жыл бұрын Ботақара кентіндегі қазақ орта мектебінде ұстаз Қ.Шыныбектегінің бастамасымен бірінші мәрте «Бұқар жырау оқулары» өткізілген. Содан жыл сайын оқулар дәстүрлі түрде өткізіліп, бүгінгі таңда осындай керемет шараға айналып, облыстық деңгейде де өтіп жүр. Осы оқулардан қанаттанған оқушылардың жыл сайын өлеңдерін қосып, сайыстардан үлкен жетістікке ұмтылары анық.

Онан соң «Жыршы-жыраулар сайысы» мен «Әлемді түгел білсе де» сайыстары дүбірледі.

Әділқазылар алқасының шешімі жарияланатын кез келді. Сайыс төрағасы Асхат Әли осы шараға қатысқан барша өнерпазға алғыс сезімін білдіріп, «Бұқар жырауша» мүшәйра үлгісіндегі үшінші дәрежелі дипломды Дүйсенбай Сезім мен Ақанұлы Расулға табыстады. Екі жеңімпаз да 20 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші дәрежелі дипломдармен Мәлік Тілек пен Қиса Аружан 25 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Бірінші дәрежелі дипломға Берікбаева Аружан ие болып, 30 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығалады.

Мүгүлсім Шибаева Бұқар жырау аруағы өнерпаз балаларды желеп-жебеп жүрсін деп «Жыршы-жыраулар» сайысын қорытындылады. Төлеубек Мейіржан, Ербол Илла Алғыс хат пен 8 мың ақшалай сертификатқа қол жеткізсе, үшінші орын жеңіпаздары болып Байыққызы Нұржанар, екінші дәрежелі дипломмен Аленина Виктория 25 мың ақшалаай сертификатпен, екінші дәрежелі дипломмен Төлегенов Әділхан 25 мың ақшалай сыйлықпен, бас жүлдемен 30 мың ақшалай сыйлықпен Дәулен Әділ марапатталды.

Қ.Шыныбектегі Бұланбаев Дәуренбекке Алғыс хат пен 8 мың ақшалай сыйлық табыстаса, үшінші дәрежелі дипломмен Менгельс Арай, Аманжол Айгерім 20 мың ақшалай сертификатқа ие болды. Екінші дәрежелі дипломмен Манов Қабылбек, бірінші дәрежелі дипломмен Айтуар Бекежанов марапатталды. Ұстаз мәтіндегі сөздердің орфоэпиясын бұзып айтатын балалардың бар екенін, болашақта осымен жұмыс жасау қажеттігін, сахна мәдениетін сақтап, ұлттық киім кию қажеттігін де айтты.

«Әлемді түгел білсе де» сайысынан Гебельт Виктория үшінші дәрежелі, Гарипов Дмитрий екінші дәрежелі дипломмен, екеуі де 20 мың теңге ақшалай сертификатпен, бірінші орынды Годжаев Руслан қанжығасына байлады 25 мың теңге ақшалай сертификатпен. Марапатты Әлия Шайкенова тапсырды. Амантай Акишев ең жас қатысушы Мереке Ақниетке алғыс хат пен 8 мың теңге, Жолтай Маликаға да осындай ақшалай сертификат ұсынды.

Саламат Ақылжан, Дәурен Дарын, Сапар Әлібек, Серікбол Жолжібек, Мейрамбек Нұрислам, Ерланқызы Іңкәр, Изат Іңкәр, Жанарбек Аяулым, Асанова Адель, Қосшығұлова Асылжан – бәрі де Алғыс хаттармен марапатталып, 8 мың ақшалай сертификатқа ие болды.

Ақмарал Есіргепова сайысқа қатысушы әрбір баланың жеңімпаз екенін айтып, Ақтанова Әминаға, Мұқашбекова Сезімге, Қайратқали Ғазизға, Рымбек Еркежанға, Сайлау Асылнұрға, Сұлтанмұрат Раянаға, Берікбаева Аяжанға, Жетей Біржанға, Қазкен Хақназарға, Жетей Бекжанға Алғыс хаттар мен Бұқар жыраудың жырларының жинақ кітапшаларын тапсырды. Осылайша, Бұқар жырау оқулары мәресіне жетті.

Қ.Ахметова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: көрмемен таныстыру; дүбірлі шара сәттерінен көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?