taza-kaz

«Домбыра - дастан» сазды кеші


30.06.2023

Маусым айының 24-жұлдызында аудандық музейдің ұйымдастыруымен, «Руханият» қосымша білім беру орталығының домбыра және бейнелеу өнері пәні ұстаздарының қолдауымен, «Ұлттық домбыра» күніне орай «Домбыра - дастан» атты әдеби сазды кеші өтті. 

Қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі - ол өзінің ұлттық музыкасының, ұлттық аспаптарының  болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналған. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған. Өзіне тән ерекшелігі бар, ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып немесе құрап жасалады. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Арнайы құлақ күйге келтіріледі. Домбыраның екі ішектісінен басқа үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдек деп аталатын түрлері бар. Даусы майда, қоңыр, құлаққа жағымды.

Аудандық музей ұлттық мерекеге орай домбыраның құрылымы мен түрлері жайлы, сонымен қатар атақты сазгерлер мен күйшілердің домбыралары туралы  ақпараттық көрмесін және «Бұл қай аспаптың үні?» ойынын ұйымдастырған болса, аудандық «Руханият» қосымша білім беру орталығының бейнелеу өнері пәнінің ұстазы Ыдырысов Айдар саз балшықтан сазсырнай жасау әдістері туралы шеберлік сағатын өткізді. Кешке қатысушы қонақтар осы сәтте бақтарын сынап, нұсқаулық бойынша өз сазсырнайларын жасауға тырысып жатты. Ал домбыра сыныбы пәнінің ұстазы Ғабдулла Диас болса  шараға  жетіген, асатаяқ, сазсырнай, тоқылдақ, шаңқобыз, дауылпаз, үш ішекті домбыра, прима қобыз секілді аспаптардан құралған көрме ұйымдастырып, кеш қонақтарына аспаптарды ұстап, тіпті ойнап көруге мүмкіндік берді. 

Кеш соңында сөз аудандық музей басшысы Набиева Орал Ынтуқызына берілді, ол өз кезегінде кешке атсалысқан  ұстаздарға ризашылығын білдіре отыра, арнайы алғыс хаттар табыстады. Ал кештің жүргізушісі әрі музей қызметкері Болат Досымбек кешті ұйымдастырғанда баса назар аударған мәселелері туралы аз-кем сұхбат берді.

- Шара ұлттық мереке – домбыра күніне орай ұйымдастырылғаны белгілі. Осы шараны ұйымдастырып жатқанда ерекше әсер қалдыру мақсатында өнер орталығынан көпшіліктің қолына түсе бермейтін, көрсе де ұстап, шертіп көруге мүмкіндік бола бермейтінін ескеріп түрлі аспаптар алдыртып, көрермендерге ұстап, шертіп көруге мүмкіндік бердік. Мүмкін біздің шара жақсы әсер қалдырып, көрермендердің аспаптарға деген қызығушылықтары оянып, болашақта елімізге танымал тұлғалардың біріне айналар, - дейді.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп бекер айтылмаса керек, осы сөздің ішінде көп мағына жатқан секілді, егер де қазақты біліп-танығың келсе домбыра үнін тыңда.

 

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: Д.Ғабдулла; көрмемен таныстыру; шараның тартымды сәттерінен көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?