taza-kaz

1-наурыз – Алғыс айту күні


29.02.2020

Мерекеге үлес қосқан қос ұжым

Ақпан айының 25-сі күні мәдениет үйінің кіші залында аудандық тарихи-өлкетану музейі мен архив ұжымының ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне арналған «Қазақ еліне алғысым шексіз» тақырыбымен әсерлі кеш өтті.

Мерекелік кешке Ю.Гагарин атындағы орта, №1 қазақ тірек мектебінің 5-6-7-сынып оқушылары қатысты. Музей қызметкерлері көрермендерге кәріс, украин халықтарының ұлттық киімдері мен салт-дәстүрлерінен ақпарат бергетін көрме ұсынды.

Кеш қонағы, Сарытөбе негізгі мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ирина Лим әжесінің қазақ жеріне қалай, қашан келгені, кәріс халқының біз білмейтін салт-дәстүрлерімен бөлісті.

- Менің әжем тарихи депортация кезінде қазақ еліне жер аударылып келген екен. Ол кезде әжем кішкене бала болған. Және өз ата-анасы жайлы көп нәрсе біле бермейді. Жер аударылған кезде анасы орамалға сақинаны орап, қолына ұстатқан көрінеді. Әжемнің айтуы бойынша біздің арғы әулетіміз ауқатты адамдардан болуы мүмкін. Өзінің тәтесімен қазақ жеріне келген әжем бойжетіп, тұрмыс құрады, осы елдімекенде анам, кейін мен дүниеге келгенбіз. Тарихи депортация кезінде қазақ еліне ғана емес, Өзбекстанға жер аударылғандар саны да жетіп артылады,- дейді Ирина Лим.

Тарихи мәдени мұраға, сан ғасырлық салт-дәстүрге бай кәріс халқында ертеректе бала өлімі көп болған деседі. Сол себепті бала дүниеге келгенде оған бірнеше есім қойылған. Баланың бір жасқа толған мерекесі де тойланатын болған. Үстел үстіне ақша, қалам, тағам сынды түрлі заттарды қойып, бала қайсын таңдаса, өмірі сол салаға сай өтеді деген ырымы бар кәрістердің бұл салты біздің тұсау кесер рәсіміне ұқсас.

Сонымен қатар кәріс халқы ата-анаға зор құрмет көрсетеді. Олар үлкенге құрмет көрсетіп, басын иіп, табынатын болған. Бұндай сәлем салу дәстүрі дүниеден өткен адамдардың рухына да жасалады. Дүниеден өткен адамдарды еске алғанда олар оның рухына бас иіп, сәлем салады. Кәріс халқында баланың бір жасы, үйлену тойынан бөлек азаматтың мүшелі 60 жасын салтанатпен тойлау салты бар. Бұл салтанат ата-анаға құрмет көрсету сынды өтеді. Бұл мерекеде жасалған тағамның биіктігі ата-анаға деген сыйластығының дәрежесін көрсетеді екен. Осы сынды қызық деректермен таныстырған Ирина Лим ер, әйел және балаларға арналған бамбук ағашынан жасалған веерлер мен кәріс халқының шай ішуге арналған ыдыстарымен таныстырды.

Сонымен қатар «Рябинушка» тобы славян халқының «Вечерние посиделки» салт-дәстүрімен таныстырды. Кешкі уақытта қыз-келіншектердің жиылып, әңгіме-дүкен құратын, ән айтып отырып қолөнер жұмыстарымен айналысатын бұл кездесулері барысында Е.Сарычева ұршық иіру дәстүрін ұсынды.

Сондай-ақ кәріс халқының қазақ жеріне қоныс аударуы, славян халықтарының өмір тарихына байланысты деректі слайдтар көрсетіліп, тұрғындардың өз қолымен музей қамқорлығына табысталған бұйымдар кеш барысында дәріптеліп, көрермендер оларды тамашалауға мүмкіндік алды.

140 ұлт өкілімен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырған мемлекетіміздің жастары бұл кештен қосымша ақпарат көзін алып, білімдерін шыңдай түсті деген ойдамын. Өзге ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі, тарихы жайлы біліп жатқан оқушылар кештен алған әсерлерін қатты соққан шапалақтарымен білдірді.

Қиын-қыстау заманда иық тіресіп, бір-біріне қол ұшын созған, жүрегі мен ниетін бір арнаға тоғыстырған болаттай берік мемлекетіміздің шаңырағындағы ұлттардың салт-дәстүрімен таныстырған қос ұжымнын еңбегін бағалап, алғыс айтқым келеді.

Б.Жакешова

Ж.Макишевтің суреттері



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?