taza-kaz

Құттықтаймыз! «Балдәурен» жеңіс шыңында


14.12.2019

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен «Sálem Qazaqstan–2019» республикалық байқауында ұлттық нақыштағы «Шаңырақ» биін орындаған «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының «Ақбота» ересектер тобы бас жүлдемен қанжығаларын майлап қайтты.

Салауатты өмір салтын насихаттау, бүлдіршіндерді хореографиялық өнерге, вокалды шығармашылыққа және сахналық шеберлікке баулу, тәрбиешілер арасында шығармашылық тәжірибе алмасуды мақсат еткен байқау бірнеше номинация бойынша өтті.

5-7 жастағы 8 қызымыздан құралған «Балауса» би тобы екі жұманың ішінде қызу дайындыққа кірісіп, бас жүлдені аламыз деген жігермен сахна төріне шығады.

«Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы А.Гүмарованың айтуы бойынша, бүлдіршіндеріміз байқауға ерекше ынтамен дайындалған көрінеді.

- Осы жылы орыс топтарынан «Русалочка», қазақ тобынан «Балдырған» топтары байқауға қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленген еді. Араға көп уақыт салмай «Ақбота» ересектер тобы тағы бір жеңістерімен қуантып отыр. Бүлдіршіндеріміздің «біз бас жүлдені аламыз» деген ынта-жігерлері, байқауға деген ерекше жауапкершіліктері өз жемісін берді. Балалардың қуанышында кеш жоқ. Байқауға деп балапандарымыздың ажарын аша түскен киім үлгісі тігілді. Тәрбиешілер мен бүлдіршіндердің таңдауын қолдап-қолпаштаушы ата-аналарға алғыс айтқымыз келеді, - деген А.Гүмарова алар асу әлі алда екендігін жеткізді.

Кішкентай бүлдіршіндердің өнерін спорт, музыка, хореография саласындағы жоғары білікті мамандар, Қазақстан Республикасы және көрші елдердің өнер қайраткерлері, Қазақстанның оқу орындарының хореографиялық, вокалды, эстрадалық, фольклорлық және аспаптық бөлімдерінің оқытушылары бағалады.

Жеңімпаз бишілерімізді дайындап, жетелеген музыкалық жетекшісі Р.Алимбаева, тәрбиешілері Г.Түстікбаева, Қ.Амирбековалардың еңбегі мол.

Зор қуаныш әкелген бүлдіршіндерімізді жеңістерімен құттықтай отырып, табандылықтарыңыздан танбай, ауданымыздың мерейін үстем ететін жандар болыңыздар деген тілек білдіреміз.

Б.Жакешова

Д.Торжановтың суреті



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?