taza-kaz

Жан азығы - кітапхана


09.11.2019

Күз - жыл бойы атқарылған істердің қорытындысы шығарылатын берекелі ай.

Кітаптың, жалпы көркем әдебиеттің адам баласына беретін тағылымы өте көп.

Кітаптар әлемінде қызмет ететін жандар уақыт өте келе оқырманға айтары бар адамдарға айналады. Олар алдына келген жандарға қызмет көрсетіп, жылдар өте осы адамдармен сырлас досқа айналады. Әрбір кітапта адамдар тағдыры, олардың жүріп өткен қилы жолдарынан әңгіме өрбиді. Осы кітаптардан өмірді дұрыс сүру, қиын жағдайларда өзіңді қалай ұстау керектігін, қаншама қиындық көрсең де, адамгершілікті өміріңе ұран етіп, осы жолда өзіңнен үлкенге сыйлы, кішіге үлгі болу керек екендігін ұғынасың.

Дүбірлі шара қонақтары - аудандық мәслихат хатшысы А.Әли, Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Д.Аманжолова, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А.Жексембаева, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.Ргебаев болатын. Шара жүргізушісі -  аудандық кітапхана әдіскері М.Асқарова

Киелі сахна төрінде ұлы Абай мен Александр Пушкин шығармаларының орындаушылары бар адамға ой салар ғашықтық жолдарынан үзінділерді төгілдірді. "Айттым сәлем Қаламқас" әнінің аясында Ростовка ауылдық кітапханасының кітапханашысы  Қабдиева Арайгүл мен Новоузенка ауылдық кітапханасының оқырманы Баерова Ольга көрермен жұртшылықты поэзияның сыршыл әлеміне қанат қақтырды. 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, -деген Абай атамыз өзінің көреген, сан ғасырлар алдыға көз тастаған өлеңдерімен бүгінгі оқырманға таныс, жүрегіне жақын. Ол қазақтың бойындағы жаман қасиеттерді, еріншектік пен жалқаулықты, көре алмаушылықты өзінің жырлары арқылы әшкерелеп, біліммен жарысатын заман алда екендігін айтудан жалықпаған. Ғибратқа, тәлім мен тәрбиеге толы қара сөздерін ақ дәптерге маржандай тізілдіріп, "оқырман керегін алсын, керек болмаса өз сөзім өзімдікі" деп, жүрегін жарып шыққан жолдарын сан ғасырлар бұрын адамзатқа жолдаған адам.

Биылғы жыл - жастар жылы. Жастардың дұрыс жүріп, дұрыс тұруы, барлық ізгілікті шараларға қатысып, елінің қозғаушысы, алдыға бастаушысы ретінде көрінуі үшін біршама еңбек атқарып жатқан да - ауданымыздың кітапханашылар қауымы.

Ғұламалар мұрасының мәңгі орнындағы еңбек етіп жүрген бағыттаушы әрі жол көрсетуші кітапханашылар болған, бола да бермек. Бұқар жырау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханаларды дамыту бөлімі  2019 жылдың наурыз және қазан айларының аралығында "Кітап және жастар "атты аудандық фестиваль акциясын жариялаған болатын.

Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық тойын биыл Жаңаарқа өңірі ерекше тойлады. Жақсы-лықты қостап алып кететін ауданымыздың кітапханалары да бұл мерейтойға үлестерін қосты. Сегіз қырлы бір сырлы жанның "Сарыарқа" өлеңін Қарақұдық кітапханасының оқырманы Төлеуханова Алмагүл оқыды. Тағдырдың мойнына салған ауыртпалығына төтеп берген, тар қапас түрмеден қашып, пана тапқан біздің аудан өңірінде де ақынның ізі қалып, аталмыш өлеңнің тууына себепкер болған.

Жаман болу оңай, жақсы болу қиын демекші, әрбір жас жаман әдеттерден аулақ жүруі қажет. Осыны да басты назарда ұстаған ауданның 33 елді мекенінің кітапханашылары өз кенттері мен ауылдарында 11 наурыз бен 11 сәуір аралығында "Темекі шекпе - кітап ал" деген акция өткізді. Өзіне ұнаған кітапты шегіп жүрген шылым қорабына айырбастап алған 773 адам қатыстырылды, оның 487-і жастар. Осының нәтижесінде біршама жастар жаман әдеттен бас тартты. Көрермен қауымның назарына осы жұмыстың барысынан слайдтар көрсетілді. Центральный ауылдық кітапханасының оқырманы В.Жауров Александр Кочетковтың "Баллада о прокуренном вагоне" өлеңін оқып берді.

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы да назарда болып, ол кісінің "өз жақсыларымызды өзіміз құрметтемесек онда ол өз ырысымызды тепкендік" дегеніне орай ауданымыздың билігінде болған, қазір жүрген азаматтар, депутаттар,  сыйлы адамдармен 11 сәуір 11 мамыр аралығында "Жастар үшін кітап сый" акциясы ұйымдастырылып, 29 кітапхана 232 адамды қамтыды, 72 сыйлы азамат143 кітапты сыйға тартты. Кітапты сыйға тартуды слайдтар арқылы тамашаладық.

- Кітап тозғанымен, оның ішіндегі ақыл мен ғибрат тозбайды, - дейді  бір ана өз сөзінде. Кітаппен өскен аға ұрпақ бүгінде еліне сыйлы азаматтар мен азаматшаларға айналған, ешқандай ауырлықтан қашпаған. Маңдай терін төгіп тапқан адал нанын жеген, елін дамытқан, экономикасын көтерген. 

"Ата жұртқа тағзым" атты жерлесіміз ұстаз ақын Сұлтан Дәулетханұлының жыр жинағынан өлеңдер акция аясында оқылды. Көкпекті ауылы кітапханасының оқырманы Хинаят Ләйла мен Тоғызқұдық ауылының оқырманы Сәлімгерей Қауария тебірене оқыды.

Мектеп оқушыларын мамандық таңдауға бағыттайтын, пікір алысатын еркін форматтағы  "Табысты адамдар" кезеңі 11 мамыр мен 11 маусым аралығында барлығы 393 адам,  251 жастар, түрлі  мамандық иелерінен 41 адам қатыстырылды

Жаңаталап ауылы кітапханасының оқырманы Гүлнар Ибрашева Әлібек Шегебайдың  "Аналық" өлеңін оқыды.

"Жас жұбайлар" промоакциясына 11 маусым 11 шілде аралығында 26 кітапхана қатысып, 1992 адамды қамтып, оның ішінде 1040 жас, 26 жас жұбайға 36 кітап сыйға тартылды. Кітапханашылар арнайы тойларға барып, осы акцияны жүзеге асырған екен.

"Әдеби дефиле" 11 тамыз 11 қыркүйек  аралығында 22 кітапханада ұйымдастырылып,  219 адам, оның ішінде 116 жасты қамтыды. 18 кітап, 14 көркем шығарма таныстырылды. "Ашық микрофон" шарасы 22 кітапханада өтіп, 226 адам, 175 жас қатысып, 35 автордың шығармалары оқылған. Көрнекті ақындар мен жазушылардың өлеңдері мен шығармаларын оқушылар, кітапхана оқырмандары мәнерлеп оқып, жүректерді тебірентті.

Мұнан соң марапаттау рәсімі орын алды. Атқарылған жұмыс ауқымды болғандықтан, марапатқа қол жеткізген жүлдегерлер саны өте көп болды. Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Дина Базарбайқызы Аманжолова жүрекжарды сөздерін айтып, ақ тілектерін білдіріп, ауданымыздың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Мүкарамқызына кітаптар тарту етті.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде:



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?