taza-kaz

Сүйінші!


02.11.2019

«Самал» тобы Жезқазған төрінде

Өткен сенбі күні Жезқазған қаласынан сүйіншілі хабар келіп жетті. Қазан айының 18-19 жұлдызында Жезқазған қаласының әкімдігі, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Өнер өлкесінің Жезкиігі» атты Жақсыкелді Сейілов атындағы республикалық әншілер конкурсында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Зерде» көшпелі бейнемобилінің құрамынан құрылған ВИА«Самал» тобы қанжығасын майлап қайтты.

Республиканың түкпір-түкпірінен келген 18-35 жас аралығындағы «сен тұр, мен атайын» деген жиырмадан аса үміткерлер ән байқауында өздерінің өнерлерін ортаға салды.

- Қасиетті ұлы дала үнінен қуат алып, әсем әндерімен тыңдарман жұртына шуақ берген әнші-сазгердің шығармашылығы - ұлттық музыка өнеріндегі қайталанбас дара құбылыс. Осы киелі мұраны кеңінен, тереңінен насихаттап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусәр бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отырғанын ұйымдастырушылар тілге тиек етті.

Үміткерлер байқаудың бірінші кезеңінде еркін тақырыпта ән орындады. Біріншісі Қазақстан композиторларының кез келген әнін және екінші ән - Жақсыкелді Сейіловтың «Әке туралы ой», «Кездесеміз», «Сүйінші», «Сол тілек», «Көріспей-ақ қояйық», «Алғашқы махаббат» әндерінің бірін орындау шарт болды. Келесі кезеңге жолдама алған 17 үміткер жеребе алу арқылы шардың ішіндегі жасырынған әнді орындау керек болды. Ол ән “Әке дауысы” деп аталды.

Байқау қорытындысы бойынша Азамат Амантайұлы және ВИА «Самал» тобы дипломант атанып, 50 000 теңгенің сертификатына ие болды.

Ауданымыздың «Зерде» көшпелі бейнемобилінің жанынан құрылған ВИА«Самал» вокалдық-аспаптық тобы бізге 2000-жылдардың басынан таныс. Басында фольклорлық ансамбль болып құрылған топ сахна төрінде домбыра, баян, тоқылдақпен ән шырқап жүрсе, бүгінде вокалдық-аспаптық топ болып, құрамы Жұмағали Елжанов, Қайролла Маемеров, Жасұлан Қабыкенов, Азамат Амантайұлы, Алмаз Жанахметовтармен өзгерген. Бір кездері әуезді дауыстарымен бұқаржыраулықтардың сүйіктісіне айналған аталған топтың бұрынғы мүшелері Сандуғаш Құсбекова, Майгүл Асқарова, Гүлнұр Айнабаева апаларымызбен, Мақсат Тиыштыбаев ағамыз ел есінде. Бүгінде арамызда жоқ болса да, артынан өшпес естелігі қалған, ағамыздың көзін көрген әріптес-достарының жылы естеліктері сақталған Мақсат Тиыштыбаев ағамыздың қызы Саян Мұхаметқали бүгінде топтың жас әншісі. Аталған байқаудағы жеңісте сонау алыс сапарға аман-есен апарып келген мәдениет үйінің «Зерде» көшпелі бейнемобилінің жүргізушісі Виталий Меркель ағамыздың да еңбегі бар.

- Атаулы байқауға 1 айдың көлемінде дайындық жүргіздік. 20-дан астам қатысушының ішінен оза шауып, дипломант атандық. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп білеміз. Өнер айдынында жүргендіктен осы сынды байқауларға қатысып, өзімізді шыңдай түсу керек деп білемін. Біздің әр қадамымызға қолдау көрсетіп отыратын басшыларымыз мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Төлеген Ргебаевқа, Раушан Жұмановаға, Айгүл Жексенбаеваға алғыс білдіреміз,- дейді Жұмағали Елжанов.

Ауыл-ауылды аралап, халыққа әуезді әуендерімен мерекелік көңіл-күй сыйлап жүрген «Зерде» көшпелі бейнемобилі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына түсіндірме жұмыстарын жүргізуі, жастар жылына арнап Майгүл Асқарованың ұсынуымен “Рухани ұлар” ұйымының тың жобалары, танымдық ойындары зерделік өнерпаздардың елеулі еңбектерінің көрінісі деп білеміз.

Тынымсыз еңбекпен, өз істеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңізді көрсеткен тағы бір жеңістеріңіз қайырлы да құтты болсын. Ауданымыздың атын асқақтатып жүрген өнерлеріңіз шыңдала берсін, зерделік өнерпаздар!

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?