
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
«Зерде» жаңақалалықтарға мереке сыйлады
18.11.2017
Ауылды жерлердегі бірден-бір мәдениет ошағы - кітапханалар мен клубтар. Күн сайын клубтардың қабырғасында бас қосатын жас буын түрлі өнер түрлерін меңгерсе, қариялар қауымы өткенін еске алып, бой жазып қайтады. Өкініштісі, шағын ауылдардың барлығында бірдей осындай мәдениет ошақтары болмай отыр. Атаулы мәселенің шешімі ретінде 2007 жылы облысымыздың барлық аудандары «Зерде» бейнемобильдерімен қамтамасыз етіліп, клубы жоқ ауылдықтарға қызмет көрсету жобасы қолға алынған болатын.
Алыс-жақын клубтары жоқ ауылдарға ат басын тіреп, тұрғындарға қуанышты көңіл-күй сыйлайтын «Зерде» жылжымалы мәдени-сауық кешені біздің ауданымыздың көлемінде де бірқатар ауқымды істі тындырып, ашық аспан астында талай мерекені өткеріп келеді.
Биылғы жылы облыстық мәдениет басқармасының ұйғаруымен ауданымыздың өнерпаздары үздік «Зерде» жылжымалы мәдени-сауық кешені номинациясы бойынша «Қарағанды облысының үздік клубтық ұйымын» іріктеу сайысы барысында 8 қараша күні клубы жоқ Жаңақала ауылының Қабыл Боранбаев атындағы негізгі мектебінде өнер көрсетті.
Аудандық өнерпаздардың басын құраған мерекелік шара ауылдың алты ауызымен ашылды. Азамат Амантайұлы әуелетіп шарықтатқан әдемі әуенмен шашу шашылып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы ақпарат берілді.
«Үйрен де жирен» дейтін халықпыз ғой. Жылжымалы мәдени-сауық кешенінің ұйымдастырушылары көпшілікке әсем ән мен биден шашу шашып қана қоймай, жас балаларды өнерге, спортқа баулу мақсатында арнайы шеберлік сабақтарын да ұйымдастырды. Мектептің кіре беріс оң қапталында қазақ күресінен спорт шебері, жаттықтырушы Е.Сағитов пен негізгі мектептің дене шынықтыру мұғалімі Д.Ерубаев жас балуандарға қазақ күресінің әліппесін үйретсе, дәстүрлі ойын - асық атуға А.Қабдығаниев баулыды. Ұлттық зияткерлік ойынымыз тоғызқұмалақты мақала авторы, Н.Әбікеева үйретіп, байлық, отау, атсырату, тұздық сияқты негізгі ұғымдарымен таныстырды.
Аудандық өнер мектебінің бейнелеу сабағының ұстазы А.Акишев пен шәкірті А.Мағрупова қағаздан қайық, сыйқырлы құпия кесе, жылдам сурет салу сырын үйретсе, мектеп оқушылары А.Амантайұлының Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған терме үйрету шеберлік сабағына да үлкен қызығушылықпен қатысты. Қ.Рүстембекованың биден шеберлік сабағы, Ж.Қошжановтың қуыршақтармен өткізген шағын қойылымы мектеп оқушыларының да, ұстаздардың да көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Өткенсіз - ел, тарихсыз - жер болмайды» демекші, келген қонақтар мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Найманбайды, аудандық мәдениет үйінің директоры Р.Жұманованы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында көтерілген тақырыптарды қамтыған аудандық музейдің, «Зерде» бейнемобилінің жыл барысында атқарған жұмысы жөнінде мәдениет үйінің және төл тарихын паш еткен Қ.Боранбаев атындағы мектептің ақпараттық стендтерімен таныстырды.
Жаңақалалықтарға арналған мерекелік шара «Өнегелі қазақтың қыздары-ай» атты танымдық сайыспен жалғасты. Мектептің ұстаздары, ақ жаулықты келіндер мен ару қыздарымыз қатысқан сайысты аудандық көркемөнерпаздар бөлімінің жетекшісі А.Амантайұлы жүргізіп, сәлем салудан, дөңгелетіп нан жаюдан, өз өнерін көрсетуден ең үздік деген қыздарымызды анықтады. Үздіктерді Қарағанды облыстық мәдени сауық және халық шығармашылығы ғылыми әдістемелік орталығы басшысы Қ.Сәдуақасова, бөлім басшылары Л.Кутузова мен А.Нұрманбаевалар анықтап, әділқазылық баға берді. Бастауыш сынып ұстазы Д.Аяпбергенова, математика пәні ұстазы Г.Сейітова, даярлық тобының ұстазы М.Аманбек, физика пәнінің ұстазы С.Хасенова, ағылшын тілі пәнінің ұстазы С.Жазанова өзара бақтарын сынаған сайыс ауыл тұрғындарының қошеметіне ие болды.
«Зерде» бейнемобилінің жетекшісі Ж.Мақышевтың ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының білім-біліктерін анықтаған «Жаңғырық» зияткерлік сайысы ұлттық нақышта асық иіріп, жауырынға жасырылған сұрақтармен қызды. Өздерін Д.Нұржанов, Е.Нүкішев, Н.Әбеуова, А.Жұманова деп таныстырған 9-сынып оқушылары асық иіріп, алшы, тәйкі, бүк, шік түсуіне қарай сұрақтар таңдап, ауданымыздың, еліміздің жалпы тарихы, мәдениетіне қатысты жасырылған сауалдарға жауап берді.
Ауыл балалары бой жазып, армансыз жүгіріп, құмардан шыққан “Толағай” спорттық сайысы да ұйымдастырылды. Өздерін “Тұлпарлар”, “Жүйріктер”, “Жігерлілер” деп атаған команда ойыншылары қасықпен су тасып, ауыздарымен алма алып, шапшаң жүгіріп себетке доп түсіруден сайысты. Жеңіске ұмтылған ұландарды сайысты тамашалауға келген туған-туыс, мектеп ұжымы қызу қолдап, ойын көрігін қыздырды. Спорттық рухты асқақтатқан сайыс соңы “Арқа саздары” триосының орындауындағы “Чемпион” әніне залдағы көпшілік және келген қонақтардың қатысуымен Қ.Рүстембекованың басшылығымен биленген әсерлі флэш-мобқа жалғасты.
Көпшілікке қуаныш сыйлаған мектептегі мереке күні әдемі де әсерлі концертке жалғасып, З.Төлеубаеваның “Туған жер”, Қ.Талашевтың “Мені ойла”, “Арман” тобының “16 қыз”, М.Шарманованың “Қайда” әндерімен қызды. Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары өнерпаздардың әндеріне елітіп, қолдау танытып, ортаға шығып билесе, “Гүлдер” бишілер тобының өнерін, Е.Альгожинның сырнайда орындаған попурриін қошеметпен қарсы алды.
Таңертеңнен басталған мерекелік шаралар марапаттарға ұласып, аудандық мәдениет үйі ұжымының атынан Ә.Ермұханова, Ж.Әбеуова, Ж.Жақыпова сынды мектеп оқушыларына республикалық «Мектепке жол» акциясының аясында оқу құралдары сыйға тартылды. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» демекші, мерекелік шараны өткізуге ат салысқан Қ.Боранбаев атындағы негізгі мектеп ұжымына, сайыстарға қатысқан өнерлі ұстаздар мен оқушыларға жүлделі орындар мен естелік сыйлықтар табысталды. Шеберлік сабақтарын өткізген ұстаздар қауымы да марапатқа ие болды.
- Шеберлік сабақтарымен, түрлі іс-шараларымен елдімекен тұрғындарына қуаныш сыйлай білген «Зерде» жылжымалы мәдени сауық кешенінің ұжымына алғыс айтамыз. Мәдениет ошақтары жоқ елдімекендердегі тұрғындарды рухани азықтандыру мақсатында қолға алынған іс-шара өзінің негізгі мүддесіне жеткен, - деп жоғары бағасын берді.
Шеберлік сабақтарынан басталып, түрлі зияткерлік, танымдық, спорттық сайыстармен, мерекелік концертпен жалғасқан шара ересектерге «Құнанбай» көркем фильмін, бүлдіршіндерге «Алдар көсе» мультфильмін ұсынумен тәмамдалды.
Ендігі тілек аудандық өнерпаздарымыз облыстық додада топ жарып, биіктен көрінсе.
Н.Әбікеева
А.Акишев пен Ж.Мақышевтың суреттерінде: сайыстың тартымды сәттері.