
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Бұқар елі бабасын жырлады
21.10.2017
13-і қазан күні мәдениет үйінде алты Алаштың абызы, «Көмекей әулие» атанған кешегі Абылай ханның кеңесшісі, қазақтың ұлт болып қалыптасуына қомақты үлес қосқан әйгілі жырау Бұқар жырау Қалқаманұлының жалынды жырларын, асыл мұрасын дәріптеу мақсатында X «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі жыршы-жыраулар сайысының аудандық кезеңі өтті. Жыл сайын өткізілетін жыршы-жыраулар сайысына биылғы жылы ауданымыздың орталығы, кенттер мен ауылдарынан келген 56-дан астам үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
«Туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, көздегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігімен, асау серпінді қуатымен ерекшеленеді» деген Бұқар жыраудың жырлары баба жерінде жыл сайын айтылып жатқандығы қаймағы бұзылмаған еліміздің тектілігінде жатыр.
Халқының тұтастығы мен бірлігін сақтау жолында ерен еңбек сіңірген арқалы да аруақты Бұқар жырау есімін насихаттаушы, жырау толғауларын мәнеріне келтіріп орындап, баба жырларындай толғау жазған өскелең ұрпақтың өнеріне баға берген әділқазы алқасына филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Арқа» ақындар мен жыршылар мектебінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов төрелік етсе, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мүгүлсім Шибаева, Ботақара кенті балалар өнер мектебінің директоры Бауыржан Ермұхамбетов, ақын, прозашы, облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері Сұлтан Дәулетхан, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайратбек Амантай қазылық еті.
Бұқар жыраудың жыр-толғауларын белгілі бір аспапта мақамға салып, орындауды талап ететін «Жыршы-жырау сайысы» бойынша ең алғаш болып көш бастаған ауданымыздың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері Наталья Максимова әсерлі орындауымен тамсандырса, әке жолын қуған өнерлі, “сегіз қырлы, бір сырлы” бала, ауданымызда, облысымызда үнемі өтетін сайыстардан қол үзбей қатысып, талантымен тамсандырған Ақжан Шыныбектегі бұл жолы да тамаша деген деңгейде өнер көрсетті. Ботақара орта мектебінің атынан келген Рахат Арманның орындаушылық шеберлігі шырқау шегінде болып, жүйріктер қатарына бірден іліккенін әділқазы алқасының жүздерінен-ақ аңғардық.
«Бұқар жырауша» жанры бойынша өз жырларын ұсынғандардың ішінде Фариза Бейсенбекова, Ақнұр Рымтаева мен Нұрлыбек Төкеновтер қоғамдығы өзекті мәселелерді бетке алса, үздік қатарынан көрінген Данагүл Жекебайдың толғауының ерекшелігі мен орындаушылық шеберлігі бір арнаға тоғысты. Жас ақындардың ішінде жасы жағынан ең кіші болса да сәби жүрегімен халқына жырын жолдаған То-ғызқұдық ауылынан келген Ақан Фариза зор қошеметке ие болды.
«Бұқар жырау оқулары» жанры бойынша жатталған шығармалар он өлеңнен кем болмасын деген шарт қойылған кезеңде ұлты өзге болса да қазақ тілінде сайрап тұрған Новоузенка орта мектебінен келген Милана Менихтың қазақша дыбысты дұрыс айтып тұрғандығы әділқазы алқасын ғана емес, барша көрерменді таңдандырды.
Өз мәресіне жеткен байқаудың қорытындысын шығаруға кеткен 1 сағат ішінде қатысушылар өз өнерлерін саралап, баба ескерткішінің алдында өтетін марапаттау рәсіміне уақытынан бұрын жиналып, жетекшілерімен бірге суретке түсті.
Байқау шешімін асыға күткен қатысушылар әділқазы алқасы келгенше тағатсызданып еді, көп күткізбей байқау шешімін жарияламаққа ортаға шыққан Айтбай Ботбайұлы:
- Бұқар баба жерінің азаматы болғандықтан, жырауымыздың толғауларын жатқа білу - біздің азаматтық парызымыз. Солардың ішінде алдыңғы қатарда тұрған патриоттары осы бүгінгі сайыстың қатысушылары. Қадамдарына гүл бітсін. Бұқар жырау өздеріңмен ардақты, өздеріңмен қадірлі. Бабамыздың толғауы айтылмаса, жыры жырланбаса, халыққа жетпесе Бұқар жырау жер астында көміліп қалар еді. Бұқарды өлтірмей келе жатқан, мұрасын жаңғыртып келе жатқан өздеріңдей жастар көп болсын,-дей келе «Жыршы-жырау сайысының» жүлдегерлерін марапаттады.
Бұл сайыста Ботақара кентінің атынан шығып отырған Ақжан Шыныбектегі, Бейбарыс Жақаба, Назым Мақсұт, Роза Майрол 3 орынға шықса, Хайролла Аймағанбет мен Наталья Максимова 2 орынды қанжығаларына байлады. Байқадам орта мектебінің оқушысы Рахат Арман 1 орынды иеленсе, Азамат Амантайұлы бас жүлдеге ие болды.
«Бұқар жырауша» жанры бойынша сынға түскендерді марапаттауға ортаға шыққан С.Дәулетхан “Жыл сайын «Бұқарекең жырлайды» байқауының қатысушыларының саны артып кел жатқандығы қуантады“,- деп бірінен-бірі асқан жас ақындар ішінен суырылып алға шыққан жүйріктердің есімдерін атады.
3 орынды Фариза Бейсенбекова, Ақнұр Рымтаева, Лаура Мұхамедина иеленсе, 2 орын Нұрлыбек Төкенов пен Фариза Ақанқызына тиесілі болды. 1 орынға Даулен Дулат лайықты деп танылса, Жекебай Данагүл бас жүлдені жеңіп алды.
- Биылғы жылғы Бұқар жырау оқулары мені қуантып отыр. Бұрын келмеген ауылдардың атынан оқушыларымыз сахнаға шығып, тамаша өнер көрсетіп отыр. Осының бәрі әр шәкіртіне білім нәрін құйып, оның биіктерден көрінуіне тікелей ат салысып жүретін ұстаздар қауымының арқасы. Зал төрінде отырып, шәкіртіне қолдау-қолпаштау көрсеткен жетекшілердің баршасына, ұйымдастырушылар қауымына да алғысымды білдіремін,-деген М.Шибаева «Бұқар жырау оқулары» жанры бойынша өнер көрсеткен оқушыларды марапаттады.
Ботақаралық Бекарыс Жақаба, Мөлдір Еркін, жаңаталаптық Бердігүл Еркін 3 орынға шықса, Ақжар ауылынан келген Ілияс Сағатов пен Қадыр Жұмабек 2 орынды иеленді. 1 орын Әли Жиреновке бұйырса, бас жүлде кернейлік Назерке Жаймұратқызының қанжығасына түсті. Осы жанр бойынша сынға түскен Милана Мених пен Ақбота Балтабай арнайы марапатқа ие болып, 3000 теңге ақшалай сыйақыға ие болды.
Жүзден жүйрік шыққан өнерпаздарға арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, үздіктер қатарына ілікпесе де мойымаған қатысушыларымыз құр алақан қалмай, алғыс хаттар мен 1000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Алдағы жылы ауданымызда атап өтілер үлкен іс-шаралардың бірі - Бұқар бабамыздың 350 жылдығы. Осы жылда өткен Бұқар баба оқулары келесі жылға дайындық болып, баба мерейтойында үздіктер ішінен оза шапқан талантты жастарымыздың қатары көбейіп келсе, нұр ұстіне нұр болар еді.
Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», - деген болатын. Олай болса, кешегі бабалар салған сара жолды жалғаушы жас өркен - сендердей азаматы бар елдің жалауы ешқашан төмендемек емес.
Б.Жакешова
Д.Торжановтың суреттерінде: байқаудан көріністер.