
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Қарияларымызға құрмет
07.10.2017
Қазанның 1-і халықаралық қарттар күні Ботақара кентінің қариялары мәдениет үйінде бас қосып, жарасымды отырыста өткен-кеткен күндерін еске алып, сүйікті бейнефильмдері мен кент өнерпаздарының мерекелік бағдарламасын тамашалап қайтты.
Таңертеңгі сағат оннан басталған шараға қатысқан кент тұрғындары үшін мерекелік дастарқан жайылып, ақ тілектер айтылды. Қатарлас қызмет істеген, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер қауымы құрбы-құрдастарын көріп, әзілдесіп, сырласып, бір жасап қалды.
Ал, мәдениет үйінің үлкен залында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап сүйіп көретін «Весна на Заречной улице» көркем фильмі қойылды. Сонау 1950 жылдардағы жас ұстаздың өмірі, оған деген қарапайым жұмысшы жігіттің махаббатына құрылған фильм көгілдір экранға жарыққа шыққалы бері бірнеше буынның тәрбиесіне өзіндік әсерін қалдырған. Бұл күні де фильмды тамашалаған көпшілік тағы бір мәрте шынайы махаббаттың, адам бойындағы қиындықты жеңіп шығар зор күшіне көз жеткізді.
Қариясы бар үйдің ырысы ортаймай, несібесі артады деп, үнемі құрметпен қарайтын қоғамымызға үлкендердің мерейін асыру үшін белгілі бір күннің қажеті жоқ. Құрмет пен ізгілік шынайы жүректен жол тауып, жыл он екі ай бойы заңды жалғасын табуы қажет. Сондықтан бұл мейрам қарияларға ерекше бір қамқорлық танытып, еркелетіп, атқарған еңбектері мен сіңірген маңдай терлерінің нәтижесі туралы бір сәт еске салып, өзіміз есеп беретін күнге айналған.
Аудан орталығы Ботақара кентінде ұзақ жылдар бойы қызмет жасап, бүгінде немере-шөберелерін құшақтарына алып, мамыражай ғұмыр кешіп жатқан қарияларды кент әкімі Ардагер Қапашев арнайы құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы бір күннің жемісі ғана емес, ұзақ жылдар бойы атқарылған табанды еңбектің нәтижесі екендігін баса айтқан кент әкімі әрбір қарияға денсаулық, отбасыларына амандық тілеп, мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, мерекелік шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев, аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Ләззат Күніспекова мереке иелерін құттықтап, ұзақ та берекелі ғұмыр, Отанымызға тыныштық пен бейбітшілік тіледі.
Көптің көңілінен шыққан бір жарым сағаттық концерттік бағдарлама барысында Қ.Талашев, З.Төлеубаева, А.Амантайұлы, З.Шарманова, Т.Сыздықов, Е.Альгожин бұқараның сүйікті әндерін шырқап, қошеметке ие болды. Концерт барысында өз жастық шақтарының әнін үлкендер қауымы қосыла шырқаса, «Гүлдер» хореографиялық би ансамбліндегі жас өреннің өнеріне баталарын беріп отырды.
Мерекелік бағдарламаның көрермендерінің бірі Ғазиза есімді анамыз «шіркін, біздің әншілерді көгілдір экранға жіберсе, ешбір әншідей кем түспейді ғой» дейді, концерттен әсерленіп. Өнерпаздарымыз үшін көрермендердің бағасынан артық баға да жоқ шығар.
Қатарлас құрбы-құрдастарын мереке күнімен құттықтаған «Дәурен-ай» ардагерлердің халықтық хоры, «Рябинушка», «Құрдастар» вокалды топтары, «Ботақара баурайында» халықтық фольклорлық ансамблі де мерекелік көңіл-күйге өз үлестерін қосты.
Мереке күні жан жүрегімізбен әрбір үйдің шам-шырағы дария-қарияларымыз аман болсын деп ниет еттік. Еңсеміз түскенде балаша еркелетіп, немерелерін құдайындай көретін абзал жандар әр үйдің төріндегі ең қымбат қазына. Сондықтан қазынамыз ортаймасын.
Н.Әбікеева
Д.Торжановтың суреттерінде: шаттықты мереке көріністері.