
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Ұстаздарға тағзым еткен күн
07.10.2017
Әрбір адамның бұл өмірде басын иетін екі тәңірі бар. Біріншісі - өзін өмірге алып келген анасы болса, екіншісі - білім әлеміне жол бастайтын ұстазы. Анасы ақ сүтін емізіп, тамырына тіршілік нәрін берсе, ұстазы бұл өмірдегі құндылықтарды тал бойына сіңіріп, өмірдің бұралаңды жолына бағыт нұсқайды. Алғашқы ұстазыңның жанарындағы мейірімі мен аялы алақанының жылуы жылдар өтсе де, санаңда жаңғырып, сағындырады. Жүрек төріне алтын әріптермен жазылған осы бір есімді қайталай бергің келеді әрдайым.
Ұстаздардың мерекесін ерекше қылып өткізу біздің ауданда дәстүрге айналған. Өткен аптада Ботақара кентінің мәдениет үйінде адамзатты түрлі мамандық иесі қылып, өмірге ұшыру жолында аянбаған ардақты ұстаздарымызға арналған салтанатты шара дүбірледі.
Қазан айы - ұстаздар мен қадірлі ата-әжелеріміздің мәртебесін асыратын, оларға жылы сөзімізді арнап, марапат жасау, тағзым ету үшін күнпараққа кірген күн. Шәкірт бойына терең де сапалы білім сіңіріп, ол шығатын асулардың биіктен табылатынын қалайтын жанның қазіргі таңда артқан жүгі ауыр.
Мәдениет үйінің фойесінде аудан ұстаздары мен дарынды оқушылардың жетістіктерін паш ететін шағын көрме қойылыпты. Кіргендер ең алдымен осы жерде аялдап, өздеріне таныс жүздерді іздеп жатты.
Қандай да болмасын мерекенің марапатсыз өтпейтіні белгілі. Ауданымыздың әкімі Ш.Мамалинов өзінің құттықтау сөзінде:
- “Алты алаштың баласы бас қосса - төрдегі орын мұғалімдікі” деген бабаларымыз. Ұстаз деген ұлы есімге күллі адамзат қарыздар. Алғашқы ұстаздың есімі, өлшеусіз еңбегі адамның жадында мәңгілікке қалады. Заман алға қарыштап, дамыған сайын білім беру ісіне жаңа инновациялар енгізілуде. Жас буынға адамгершілік, ізгі қасиеттерді сіңіру - біздің ұлағатты ұстаздарымызға тән. Осы ауыр еңбектері үшін олардың алдында бас иеміз. Осынау мерекеде ұстаздар қауымына мықты денсаулық, шығармашылық табыс, сарқылмас күш-жігер тілеймін,-деді.
Аудан әкімінің “Алғыс хатымен” жеткен жетістіктері мен жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіргені үшін №1 қазақ тірек мектебінің педагог-психологы Шынар Мұқышева, Байқадам орта мектебінің педагог-психологы Жанар Күнбазарова, аудан әкімінің “Құрмет грамотасымен“ Гагарин орта мектебінің педагог-психологы Юлия Рычко, Петровка орта мектебінің педагог-психологы Алена Пантелеева марапатталды.
Осы төрт ұстаз да Қарағанды облысы бойынша оқытылған “Жасөспірімдердің суицидке қарсы әрекетінің алдын алу” бойынша республикалық бағдарламада шебер-жаттықтырушы атағына ие болды.
Өлкетану бағыты бойынша “Бұқар жырау ауданының электрондық оқулығын” жинақтап жүрген Новоузенка орта мектебінің ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Саят Садықов, Үштөбе орта мектебінің ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Әсел Қадірберлина аудан әкімінің қолынан “Алғыс хатқа” ие болды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігінің “Құрмет грамотасымен” жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулып жүрген Көкпекті орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Мейманов, Қарағанды облыстық білім басқармасының “Алғыс хатымен” жас ұрпақтың бойына тәрбие мен білімді қатар сіңіріп, қоғамдағы жұмыстарға белсене араласып жүрген Қабыл Боранбаев негізгі мектебінің директоры Әсемгүл Байділдинова, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының “Алғыс хатымен” кішкентай бүлдіршіндердің тәрбиелі де саналы болуы жолындағы еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін “Ақбота” балабақшасының меңгерушісі Зәуреш Омарова, аудандық №1 қазақ тірек мектебі директорының оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Райхан Бозаева Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ахметовтың ұсынуымен “Алғыс хатқа” қол жеткізді.
Аудандық мұғалімдер кәсіподағының төрайымы Эльвира Хамитова кәсіподақ ұйымының “Алғыс хатымен” Мереке Макаровты, Гүлнар Бижұманованы, республикалық салааралық “Құрмет грамотасымен” Ботақара кенті өнер мектебінің ұстазы Амантай Акишевті марапаттады.
Білім саласына бар саналы ғұмырын арнап, балалардың, олардың ата-аналарының жүректерінде мәңгі орын алған әр кездегі мектеп директорларының бейнесі слайд арқылы көрермендерге көрсетіліп, олардың рухтарына тағзым етілді.
Шарада өнер мектебінің, Керней орта мектебінің бишілер тобы өнерлерін жиналған қауымға паш етті. Түрлі халықаралық конкурстардың лауреаттары атанған олардың өнеріне жиналған қауым үлкен ризашылықпен қол соғып отырды. “Я люблю, тебя, жизнь” әнін Теміртау қаласынан келген танымал әнші Жанна Хасенова әуелетті.
Жиналғандардың көңілдеріне ерекше серпіліс әкелген салтанатты жиын осымен тәмам болды.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: көрмемен танысу сәті; шарадан көріністер.