taza-kaz

Ата Заңымыз ардақталды


02.09.2017

Еліміздің қарышты дамуына және мемлекеттік биліктің қалыптасуына, экономика, әлеумет, мәдениет салаларының жаңа көкжиектерді бағындыруына жол ашқан Қазақстан Конституциясы күні айтулы мереке ретінде аудан орталығында да аталып өтті.
Тәуелсіз еліміздің елдігінің мықты, туының тұғырлы болуының мызғымас тірегіне айналған Қазақстанның Ата заңы қабылданған айырықша маңызы мол мерекені ұлықтау дәстүрі биыл да аудан басшылығының ұйытқы болуымен ауданымызға танымал азаматтар, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, мекемелер мен ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен Ботақара кентінің мәдениет үйінде дүркіреді.
Осыдан 22 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заң Қазақстан азаматтарының күнделікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге негізделген құжат. Оның басты көздейтін құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституция осы жылдар ішінде жас мемлекеттің, билік пен басқару жүйесін жан-жақты нығайтып қана қоймай, ел экономикасын түбегейлі реформалауға, сыртқы және ішкі саясаттың оң нәтижелі жүзеге асуына ықпал жасады. Қоғамда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын орнатты. Бір сөзбен айтқанда, Ата заң – қоғам дамуының түпқазығына айналды. Сондықтан болса керек, мереке күні Мәдениет үйінің кең фойесінде қуанышты күннің нақышын ауданымыздың түрлі елдімекендерінде табысты жұмыс жасап, ұлттық құндылықтарды насихаттап келе жатқан этномәдени бірлестіктер көрмесі келтірді.
Украин, белорус, орыс, шешен, татар, ұйғыр, кәріс деп тізе берсек те, бір атаның баласындай бір шаңырақтың астынан пана тапқан ұлттар осынау жылдар ішінде біте қайнасып, бір-бірінің мәдениетіне, тіліне, діліне ерекше құрметпен қарауды саналарына сіңірген. Көрме барысында да сол сабақтастық көзге оттай басылып, славян бұрышынан қазақтың тостағанымен сусын, ұлттық отауларда құймақ, түрлі бәліш көрме тамашалаушыларының назарына ұсынылды.
Көпшілік қуанышын бұл күні аудан әкімі Шагурашид Мамалинов бастаған бірқатар азаматтар да бөлісті. Олардың қатарында аудан прокуроры Жандос Сыздықов, аудан әкімінің орынбасарлары Айғаным Ақпанова, Сапар Сатаев және «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Марат Нұрланов болды.
Этномәдени бірлестіктердің көрмесімен танысып, ортақ мейраммен құттықтаған аудан басшысы әрбір ұжым жұмысына сәттілік, шығармашылық шабыт тілей отырып, ел бірлігіндегі мәдени бірлестіктердің рөліне тоқталды.
Бүгінгі таңда мызғымас бірлігіміздің, ынтымақ-берекеміздің түп-тамырына айналған Ата Заңымыздың тамыры тереңде. Ол ұлттық құндылықтарымызға айналған тарихи жәдігерлер Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәукенің жеті жарғысымен ұштасып, әлем елдерінің заманауи тәжірибесін басты назарға ала отырып, үздік мемлекет моделін қалыптастыру мақсатында туындаған құжат.  Елбасы да өз естелігінде Конституцияны қабылдар алдында әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне тікелей сүйенгенін айтқан болатын. Нәтиже айқын, еліміз ортақ мақсат-мүддені бағдар етті.
Елімізде, жекелей өңірімізде де соңғы жылдар ауыз толтырып айтатын жетістіктерге толы. Жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары ашылып, ескілері күрделі жөндеуден өтті. Бірқатар ауылдарға сапалы ауыз су тартылып, қолайлы жағдай жасалды. Осы жетістіктердің бірқатарына тоқталған аудан басшысы Шагурашид Мамалинов:
- Қоғамның әлеуметтік-экономикалық саласында жақсы өзгерістер байқалады.
Бұның барлығы болашаққа сеніммен қарауға, қуатты да дәулетті Қазақстанымызды одан әрі өркендетіп, дамытуға зор мүмкіндік береді.
Негізгі заң тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуына күш беріп, қоғамда азаматтық бейбітшілік пен келісімді орнатты, - деп, сөз түйінінде барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Конституциямызда еліміздің ең басты құндылығы - халқы деп айқын көрсетілген. Сондықтан ел азаматтарының еркін еңбек етіп, биік белестерді бағындыруына жағдай жасалған. Мереке күні еңбектері жанған бірқатар азаматтар аудан басшысының қолынан құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталып, мерейлері тасыды.
Марапат легін ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі қосқан еңбегі, қоғамдық келісімді нығайтқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін аудан әкімінің құрмет грамотасымен - №1 жол пайдалану учаскесі «Қарағанды жолдары» ЖШС филиалы механизаторы Ербол Ахметов бастаса, осы мәтіндегі құрмет грамотасы аудандық әділет басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Әлиева, №2 аудандық соттың жетекші маманы Алмагүл Асқарова, Ботақара кентінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Жанбибі Бейсембаева, аудандық азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Айсұлу Құлбаева, аудандық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің әкімшілік тәжірибе инспекторы Дастан Секишев, аудандық қазынашылық басқармасының операция тобының бас қазынашысы Галина Чеботарева, №2 аудандық соттың судьясы Бахтияр Сыздықовқа табысталды.
Аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында «Ботақара су қожалығы» экономист-сметчигі Мәди Әділов, жеке кәсіпкер Жібек Барлыбаева, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің қазақ күресі бойынша жаттықтырушы-ұстазы Абай Үмітбаев болды.
Көктемгі су тасқыны кезінде елдімекендерді аман сақтап қалудағы елеулі еңбегі үшін аудан әкімінің орынбасары Сапар Сатаев Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін «Төс белгісімен», көктемгі су апатының зардабын жою және қалпына келтіру жұмыстарына ат салысқаны үшін ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің грамотасымен аудан әкімінің орынбасары Айғаным Ақпанова марапатталса, комитеттің алғыс хатымен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Марат Нұрланов, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Любовь Лузикова, аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Берік Көпбаев марапатталды.
Марапат иелерінің қуанышын залдағы көрермендер де қуана қолдап, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Қалай дегенмен де, әркім өз ісінің шебері болса, еліміздің алға жылжуы сенімді жүзеге аспақ.
Ал талант иелері Қазбек Талашев, Зәуре Төлеубаева, Азамат Амантайұлы, Мадина Шарманова, Жоламан Қосжанов, Арайлым Төлеубаева, Темірбек Сыздықов көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әсем әуеннің құшағында елітіп отырды.
Алаңсыз күліп, еңбек ету, өзіңнің және жақындарыңның амандығына сенімді болу – барлығы құқықтық мемлекеттің белгілері. Өзгенің еңбегін жемеу, мүлкіне қол сұқпау, бас бостандығына қастандық жасамау – жазылмаған дала заңы, бүгінгі алаңсыз тірлігіміздің негізгі кепілі. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген болатын. Демек, ортақ заңға бағына отырып, ұлттық мүдделерімізді жаңғыртып қана айтулы жетістіктерге қол жеткізуіміз мүмкін.
Батыстық үлгімен ұлттық түпқазық – мұрамызды жаңғыртуды мақсат етеді Елбасы. Сондықтан сахна төрінен ұлттық киімде ойып орын алған «Ботақара баурайында» фольклорлық ансамбліне, ұлттардың биін жандырған «Гүлдер» би ансамбліне де жұртшылықтың ықыласы ерекше болды.
Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялы құндылықтардың сақталуына жауапты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды. Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, Жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді қарқынды дамытып, әлемнің маңдайалды мемлекеттерінің қатарына қосу - біздің қастерлі де қасиетті борышымыз. Қол жеткен табыстар Ата Заңымыздың мықты әлеуетінің дәлелі десек артық айтқандық емес.
Ең бастысы, іс-шара барысында Ата Заңның ел өткенінде, бүгінінде және келешегінде алатын орны мен рөлі айқындалды.
Н.Әбікеева

Д.Торжановтың суреттерінде: этно-мәдени бірлестіктер; марапат иелері А.Төлеубаева және “Ботақара боаурайында”.
 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?