taza-kaz

Рәміздер күніндегі танымдық сайыс


24.06.2017

4-маусым күні аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Рәміздерінің 25 жылдығы, республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдығы, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы, Әсет Найманбайдың 150 жылдығы, Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған «Туым - Намыс! Әнұраным - Айбыным! Елтаңбам - Елдігім!» атты патриоттық-танымдық сайыс өтті.
Аудан жастарының арасында өткен сайысқа Ботақара кенті әкімі аппаратының қызметкері Даривхан Нұргүл, Ботақара жалпы білім беру орта мектебінен Шайхин Аслан, аудандық мемлекеттік архивтен Айдана Қонысбаева, Жастар ресурстық орталығынан Перизат Жаңбырбаева, Ботақара кентінің балалар өнер мектебінен Назым Жекебайқызы, Қарағанды гуманитарлық колледжінің IV курс студенті Күншуақ Жарылғап қатысып, алты бөлім бойы бақтарын сынады.
Кез-келген сайыстың қызығын арттырып, бағытын көрсететін әділқазылар қауымының қатарында бұл күні Қарағанды облысы әкімінің Мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған сыйлығының лауреаты Төлеубаева Зәуре, I облыстық «Жас талап-2016» атты балалар және жасөспірімдер фестивалінде «Үздік жетекші» аталымының иегері Ақышев Амантай, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлімбаева Назгүл, аудандық «Ботақара аруы» байқауының бас жүлдегері, Бұқар жырау ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Құдайберген Баян және әділқазылар төрағасы - Республикағамызға  танымал әнші, Түркия елінде өткен Халықаралық «Алтын Гюнюш» ән байқауының бас жүлде иегері Талашев Казбек болды.
Сайысты Азамат Амантайұлы жүргізсе, Аида Туралыкова «Қазақ елі осындай» әнімен қатысушыларға мерекелік көңіл-күймен қатар еліміз үшін мақтаныш сезімін сыйлады. Ауданымыздың жастары арасында көк аспанда желбіреген Туымыздың, қалықтай самғап, ел бірлігінің әуеніне айналған Әнұранымыздың, қанатты пырақтарымызды тоғыстырып, шабыт сыйлаған Елтаңбамыздың мәні мен маңызын түсіндіріп, ұлттық нышандарымызды дәріптеу мақсатында өткен сайыстың алғашқы сыны сайыскерлердің өздерін таныстыруынан басталды.
Өздерінің мамандықтары, қызығушылықтары жөнінде айтқан сайыскерлердің легін тұйықтаған Күншуақ Жарылғап «Мереке» әнін шырқап, әділқазылардың көңілін баурап алды.
Патриоттық танымдық сайысты ұйымдастырушылардың бірі Жанұзақ Мақышевтың айтуынша, сайыстың жоғары деңгейде өтуіне мәдениет үйіне орнатылған алып экранның көп пайдасы тиген.
- Осыған дейін түрлі ойындарды проекторды қолдану арқылы өткізіп жүрсек, бүгінде үлкен экран бізге қосымша мүмкіндіктер  мен ойынымызға эстетикалық көрік берді, - дейді.
Сайыстың екінші бөлімінде экран арқылы Рәміздеріміз туралы, соның ішінде Бұқар жырау ауданынының «Ең үздік Гимн-Маршы» байқауында жеңімпаз атанған ән туралы сауалдар да болды.
Ал, үшінші бөлімде сайыскерлерге Ж.Кошжановтың «Әкешім-Анашым» әні аяқталғанша сурет құрау тапсырмасы берілсе, кезекті сайыста қатысушылар құмнан Елордамыз Астанамыздың көрнекті деген жерлерін суретке түсіріп, бесінші бөлімде көк аспан, елтаңба, әнұран, байрақ сияқты сөздерден қосымша сөздер құрап, ең көп құрағаны жеңіске жетті. Ал, өз өнерлерін ортаға салған сайыскерлерге Есбол Альгожин «Япурай» әнін арнады.
Қорытынды алтыншы бөлімде сайыскерлер бабалар даналығының көзі - мақал-мәтелдерді жалғастырып, өздерінің тапқырлықтарын танытты.
Өзінің заңды мәресіне жеткен сайыс қорытындысында Аслан Шайхин, Нұргүл Даривхан арнайы алғыс хаттермен марапатталса, Назым Жекебайқызы үшінші орынға, Перизат Жаңбырбаева екінші орынға, Айдана Қонысбаева бірінші орынға лайық деп танылып, бас жүлдені Күншуақ Жарылғап қанжығасына байлап қайтты.
Н.Әбікеева
Д.Торжановтың суреттерінде: сайыс кезеңдері және естелік сурет.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?