
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Рәміздерім – елдігімнің нышаны
10.06.2017
Биыл тәуелсіз мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, бірлігіміз бен тірлігімізді насихат ететін рәміздеріміздің қабылданғанына 25 жыл. Бұл дата барша қарға тамырлы қазақ баласы үшін атаулы мереке, ұлы мейрам. Еліміздің әр түпкірінде ерекше аталып өтетін рәміздер күнін ботақаралықтар да жоғары деңгейде атап өтті.
Маусым айының 2-сі күні сырға толы киелі Жыланды тауының баурайында орналасқан «Тәуелсіздік» стеласының төріне жиналған қауым қарасы үлкен көрінді.
Мерекелік кеш басында кентіміздің бас көшелерінде аспан түстес көк байрағымызды желбіреткен автошеру жүріп өтіп, стела жанына келіп тоқтаған бетте барша жиналған көпшілік шеруге тамсана қарады. Салтанатты түрде төрімізге енгізілген көк байрағымыздың астында отан деп соққан жүрегімізге қолымызды қойып, әнұранымыз шырқалды. Әдемі, әуезді әнұранның әрбір нотасы көк аспанда қалықтап, маңдайымыздан сипап өткен жылы самалмен бірге аспан төріне ұшып бара жатты.
Салтанаты жарасқан кеш шымылдығы аудандық мәслихат хатшысы Асхат Әлидің құттықтау сөзімен ашылды.
- Елбасымыздың көрегендігінің арқасында бүгінгі таңда біз ашық аспан астында мемлекетіміздің мәртебелі мейрамында бас қосып отырмыз. Ел рәміздері мемлекеттің нышаны ғана емес, қазақ халқының арман-мақсаты, болашаққа деген ұмтылысының айқын айғағы, онда халқымыздың болмысы мен ерекшелегі, дәстүр-салты, қатпарлы тарихы, жастардың жарқын болашағы бейнеленген. Мемлекеттік рәміздер егемендіктің нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сол себепті, әр қазақстандықтың рәміздерге деген ықыласы мен құрметі ерекше болуы тиіс. Өскелең ұрпақтың бойында мемлекеттік Ту, Әнұран, Елтаңбаға деген құрметті ерте жастан қалыптастырып, патриот азаматтарды тәрбиелеу - біздің мақсатымыз,- деп А.Әли барша қауымды мерекемен құттықтады.
Қ.Талашев, А.Амантайұлы, З.Төлеубаеваның орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әні орындалған сәтте көк пен сары түсті шардан жасалған ту бейнесі аспан көгіне жіберіліп, жан-жақтан түрлі-түсті отшашу атылды. Көкке ұшқан байрағымыздың бейнесі аспан төрінде бірте-бірте көтеріліп, көзден ғайып болғанша қараған жұртшылық мойындарын талдырды.
«Шабыт» дамыту орталығының директоры Ж.Ауписимова құттықтау сөз сөйлеп, барша жастарды отанын сүйіп, елімізді мақтан тұтуға, алға қойған мақсаттарына жетіп, мемлекетіміздің гүлденуіне ат салысуға шақырды.
Кеш барысында кентіміздегі екі бірдей қара шаңырақ - №1 қазақ орта мектебі мен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушылары ортаға шақырылып, еліміздің нағыз патриоттары, өзгерістерден қаймықпайтын, еңбекқұмар, білімге құштар, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылатын, өршіл, қайсар етіп тәрбиелеуді, дәстүрімізді, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейтін «Бірыңғай Жас Ұлан балалар мен жасөспірімдер ұйымына» қабылдау рәсіміне қатысты. Жайқалып өсіп келе жатқан жас өркен «Жас Ұлан» ұйымына енбес бұрын, салтанатты түрде ант берді. Ел ертеңі, жас балдырғандарға галстук тағу құрметті аудандық мәслихат хатшысы А.Әлиге, аудан әкімінің орынбасары Р.Нұрмұханбетовке, Бұқар жырау аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Нұрлановқа, аудан әкімі аппаратының жетекшісі А.Шайкеноваға берілді. Мойындарына байрағымыздың бір бөлшегі - көк галстукті тағып, қаз қатар тізілген оқушыларымызға қарап, елінің қалаулысы, халқының мақтанышы болатын өршіл жастарымыз бар деп қуандық.
Мерекелік кешке көрік қосқан, қолына байрағын алып, елі мен жерін қорғаған хас батыр мен “Алтын адам“ биі халқымның еңсесі биік, егемендігі мәңгілік ел екендігін айқындатса, “Гүлдердің“ «Игигай» биі қазақтың ертеден келе жатқан “Қамажайын“ есімізге салды.
Кеш соңы кентіміздің басты көшелерін бағытқа алған автошерумен жалғасты. Шеруді бастаған ветеринариялық станцияның көлігінде көк байрағымызды ұстаған Ішкі істер бөлімінің азаматтарының соңынан ауылдық әкімдіктерден жиналған “Нива“ автокөліктері туымызды желбіретіп өткенде, жол бойларында тұрған көліктер шеруге қосылып, мереке салтанатты үстем бола түсті.
Туымен тұғырлы, елтаңбасымен еңселі, әнұранымен айбарлы болған қазақ халқы қашанда елінің бойтұмары болған рәміздерін қадір тұтып, қасиетін ұғынған. Бейбітшілік пен игілікті дәріптеген көк туымыз талай бәйгелерде биіктен жеңіспен желбіресе, әнұранымыз талантты тарландарымыздың еңбегімен өзге елдердің шаңырағында талай мәрте шырқалды.
Елдіктің нышаны болған рәміздеріміздің мәртебесі жоғары болып, көгімізде асқақтай берсін.
Б.Аңсарова
Д.Торжановтың суреттерінде: мерекеден көріністер; авто шеру; галстук тағу рәсімі.