
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Әуелете ән салған...
21.04.2017
Доскей ауылы қалаға жақын орналасқан. Осы ауылдың мәдениет қызметкерлерінің көшін Билялова Дариға Рахымқызы 2003 жылдың қазан айынан бастап келеді.
Әр адамға мамандық таңдау өте маңызды болса, Дариға Рахымқызы осы таңдауын бір-ақ рет және мәңгілікке жасаған.
Дариға Рахымқызы - тынымсыз жан. Жаңашылдыққа үнемі талпынып, жанын бір сәтке жай таптырмайтын киелі өнерді жанына серік еткеніне 41 жыл болған екен. Таңдайынан әуен тамған ол ән салып, жанындағылардың басын бір мақсатқа тоғыстырып, атап айтқанда Доскей ақын атындағы ауылдың көркемөнерпаздар ұйымын басқарып, тамаша ұйымдастырушылық және сазгерлік қабілетімен көзге түсіп жүрген жан.
Бұл ауылдың өнерпаздарының қабағынан қайғының, реніштің табын көрмедік. Бір-бірімен құшақ жая амандасып, тіршілік ағыны жайлы байыппен әңгімелесіп жатқан жандардың өнер атты киелі шыңға бірге көтерілуге талпыныс жасап жатқандары бірінші күн емес. Бірін-бірі қабақтарынан түсінетін олардың қандай ән айтса да, дауыстары, жүректері мен тілектері бір арнада тоғысып, ауылдың абыройын асқақтатып жүрген жайы бар.
Әр адам - ерекше әлем. Еңбектің ащысы мен тұщысын бірдей татқан ардагерлер 2005 жылы “Ақ әжелер”, 2004 жылы “Соловушки” ансамбльдерін құрған. Қазір осы екі топ “Достық” мәдени-ұлттық орталығы болып біріктірілген. Оларға бағыт-бағдар беріп жүрген Дариға Рахымқызы “Әуен” аккапелламен ән айту,“Арман”эстрада жанрындағы вокалды тобын құрып, бір сәт те қолы босамай жүрген жан.
Доскей ауылының көркемөнерпаздар ұжымы аудандық, облыстық шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарды үнемі қанжығасына байлап жүр. Дариға Рахымқызы Қарағанды қаласындағы түрлі өнер ұжымдарымен байланыс жасап, ауылда өткізетін шараларды түрлендіріп отырады. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өнерлерін сахнада көрсетулеріне жағдай туғызып, қанатымен су сепкен қарлығаштай өнерді дамытуға бар күшін салған.
Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің де өнер өлкесінде өз соқпағы бар. Ауданның түрлі байқауларынан ұжым тек қана жүлделермен оралады.
Халықтың рухани байлығы - өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін ол облыс әкімінің “Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы” номинациясын жеңіп алған.
- Ауылдағы өнерлі жандардан құрылған екі топты жинап, ақылдасып, кеңесіп орындайтын әндерді таңдап аламыз. Өлеңдер концерттік бағдарламаның тақырыбына байланысты, достық, патриоттық, лирика т.б. түрінде орындалады.”Ақ әжелер” тобында 6 адам, “Соловушки” тобының құрамында 8 адам бар. 55-80 жас аралығындағы түрлі ұлт өкілдері - қазақ, орыс, беларус, украин, неміс, бурят - бір-бірімен шүйіркелесе тіл табысып, кездескеніне қуанып жатады. Музыкамен көркемдеуші Сергей Владимирович Гертер. Ұлттық мәдени орталығы ауыл, аудан, облыс көлеміндегі шараларға белсене ат салысады, - дейді бізбен әңгімесінде.
Доскей ауылында клуб ғимараты жоқ. Модельді кітапхана ішінде қоныстаған Дариға Рахымқызы дайындық жұмыстарын музыка мектебінің бос уақытына бейімдеп атқарады. Мәдени шараларды Елтай орта мектебімен, кітапханашымен бірлесіп, мәні мен мағынасын ашып, көрермендеріне тартымды етіп ұсынып жатады.
- Осы ұжымымның арқасында қолөнерден, ұлттық тағамдардан болсын, қандай да қажетті заттан болсын ешқашанда тарықпаймын. Бір ауыз сөзімді далаға тастамай, сол сәтте орындайтын ұжым мүшелеріне алғысым зор,- дейді тебірене.
Біз осы ауылда болған күні дайындыққа Батыр ана Шәрбан Есенбекова, облысымызға танымал ақын апайымыз Мәйда Жұмашева, жалықпай ұстаздық еткен, қазір зейнеттегі Қаншайым Қожамжарова, фармацевт болған Үмбігүлсім Күзенова, Дәметкен Жайықова келді. Өнер адамына тән ашық мінездерімен, салиқалы әңгімелерімен, болашаққа деген сенімдерімен бізді де баурап алғандарын несіне жасырамыз. Осы адамдармен араласқанымыздан бойымызға бір ерекше әсер алғанымызды сезіндік.
Айнаш Исабаева сынды мүмкіндігі шектеулі өнерпаз осы ансабльдің тұрақты қатысушысы. Е.Рымбеков те осындай адамдар қатарынан, соған қарамастан ауылда, аудан, облыс бойынша түрлі сайыстарға қатысып, ауыл намысын қорғап жүрген жан.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын адамдар жетекшілері қандай уақытта жинал десе, айтылған жерден табылады. Ауыл маңайындағы елді мекендерге концерттік бағдарламамен шығып, талайды тамсандырып жүрген өнер ұжымының әрқашанда шоқтығы биік, жұлдызы жарық. Киелі сахнада өнер көрсету - екі адамның бірінің маңдайына жазылмаған қасиет.
Біз осы ұжым адамдарымен тілдескенімізде, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін сезіндік. Нарықтық кезеңге тән қиыншылықтардың табын бұл адамдардың жүздерінен көрмедік. Олар - өмірге, өнерге ғашық. Бір-бірімен кездескен, амандық-саулық сұрасқан, шүйіркелесіп отырып қою шай ішкен, немерелерінің тәтті қылықтарымен бөліскен сәттер оларға өте қымбат. Басқасы олар үшін өтпелі нәрселер.
Осындай керемет жандарға көшбасшы болып жүрген Дариға Рахымқызы 2008, 2010 жылы аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болған, 2012 жылы Бұқар жырау ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің “Ең үздік мәдени ұйымдастырушы” номинациясы бойынша дипломмен марапатталған. “Мемлекеттік тілде мәдени шараларды ұйымдастыратын ең үздік мәдени қызметкер” номинациясының иегері. Өнер бәйгелеріндегі марапаттары өте көп.
Осындай ұжымды бір жұдырықтай жұмылдырып отырған тынымсыз жетекшіге, көркемөнерпаздарға өнер әлемінде қанаттарыңыз талмасын, әрқашанда тек алдыңғы қатардан табылыңыздар деген тілегімізді білдіргіміз келеді.
Қ.Ахметова
Сурет Д.Торжановтікі және жеке архивтен алынды