taza-kaz

Жеңісті, жемісті «Руханият»


11.04.2025

Алматы қаласында өткен халықаралық «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» байқауынан ауданымыздың өнерпаздары олжалы оралды. Байқаудың жеңімпаздарға ұсынған басты бағалы сыйлығы Дубай, Стамбул, Ташкент, Ыстықкөл қалаларында өтетін әлемдік деңгейдегі додаларға тегін жолдама болды.

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өткен байқаудың мақсаты – қолайлы шығармашылық атмосфераны құру, өнер арқылы қатысушылардың рухани, зияткерлік және мәдени әлеуетін ашу, ұлттық мәдениетімізді сақтау және дамыту, әртүрлі қалалардан келген қатысушылар арасында жан-жақты шығармашылық, мәдени және достық байланыстарды нығайту, шығар- машылық ұжымдар басшыларының кәсіби шеберлігі мен біліктілігін арттыру. Кілең мықтылар сынға түскен бұл байқауда баға беруші қазылар алқасының негізгі құрамында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлер, академиктер, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары болды.

«Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстаздары Жанар Батталованың жетекшілігіндегі оқушылар Айберген Түсіпов, Гүлсім Сайбекова, Күмісбек Үсенов «Кербез сұлу» күйін, Шұғыла Ботабекованың жетекшілігіндегі «Жалын» триосы - Ақжол Кенжебай, Диас Бақытжан, Іңкәр Талғатова Қазанғаптың «Шынаяқ тастар» күйін орындап бас жүлде ұтып алды.

Әртүрлі жанр бағыттарында өткен байқауда хореография бөлімі бойынша Эльмира Қыстаубаеваның жетекшілігіндегі «Шұғыла» би ансамблі «Шаттық» және «Байрам» биімен екі бас жүлде иегері болды. Дәл осы ансамбльдің кіші тобы «Көктем» биімен 1-орынға ие болды. Және «Руханият» қосымша білім беру бөлімінің Үштөбе ауылдық филиалы Мира Өмірзақтың жетекшілігіндегі «Жайна» би ансамблі «Қазақ» биімен бас жүлдені жеңіп алды. Эльмира Қыстаубаева «Үздік жетекші» номинациясын жеңіп алып, шетелдегі конкурстарға толық қамтылған жолдаманың иегері атанды.

Барлық жеңімпаз оқушылар, би ансамбльдері Дубай, Стамбул, Ташкент, Ыстықкөл қалаларында өтетін тегін байқауға жолдама ұтып алды.

Өнерлі балғындарды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Әр баланың жұлдызын жағып, жүрек түкпірінде жатқан өнерін тұтатып жүрген жетекшілер лайықты марапат, лайықты баға алды деп ойлаймыз.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?