
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Әлемдік деңгейде жеңімпаз атанды
23.01.2025
Жерлесіміз, «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Шахназе Ерденқызы Ильясова Қытай мемлекеті, Хайнань аралдары, Саньян қаласында өткен халықаралық «Зеленый дракон» конкурс-фестивалінде өнер көрсетіп, 1-орынға ие болды.
7-12 қаңтар күндері өткен байқауға Қытай, Болгария, Өзбекстан, Тәжікстан және тағы да басқа Азия елдерінен келген өнерпаздар қатысты. Халықаралық деңгейдегі өнер қайраткерлері төрелік еткен байқауда Шахназе Ерденқызы өнерімен көпті таңқалдырды.
Батырхан Шүкеновтың «Отан ана» әнін прима қобыз аспабында орындап шыққан өнерпазымыз дайындыққа 1 айдай уақыт кеткендігін айтады. Патриоттық рухты оятатын, сезімге толы әнді қобызға салуда кішкене өзгертулер жасау үшін де дайындықты тыңғылықты жүргізген Шахназе Ерденқызы шет ел асып, Қытай жерінде еліміздің абыройын әлемдік деңгейде көрсеткен байқауға қатысуымның артында отбасым мен «Руханияттық» басшылық пен әріптестерімнің үлкен қолдауы жатыр деді.
Шахназе Ильясова «Руханият» қосымша білім беру орталығында 2 жыл қобыз сыныбының ұстазы болып қызмет етіп келеді.
Талабымен, өнерімен танымал болған ұстаздың жүлдегер шәкірттері көп. Ел тарихы, Бұқар жырау ауданының тарихын сақтаушы музейдің ашылу жолында еңбегі орасан зор Бағзи Жакенованың жиені Шахназе Ерденқызы «отбасымызбен өнерді сүйген жандармыз» деді өз сөзінде.
- Біз отбасымызбен әнге, өнерге жақын жандармыз. Әжем де, анам да, артымнан ерген сіңілім де өнерге жақын жандар. Анам мені 9 жасымнан қобыз сыныбына берді. Осылайша мен өнер әлеміне аяқ бастым. Анам домбыра, фортепианода ойнай алатын. Мені көне және ең ауыр аспап саналатын қобызды меңгерсін деген болар, осылайша мен анамның таңдауымен музыка мектебінің («Руханият» қосымша білім беру орталығы) қобыз сыныбына келген шәкірттер қатарына ендім. Алғашқы ұстаздарымның бірі, қобыздың тілін ұғуда қолыма әліппені ұстатқан Айман Оспанова болса, кейін Тәттімбет атындағы өнер колледжіне оқуға түскенімде Сәуле Халимқызы мен Фатима Сұлтанқызынан тәлім алдым. Осы кісілер менің дамуыма, өсуіме ықпал еткен жандар қатарында. Қытай елінде «Зеленый дракон» конкурс-фестивалі жоғары деңгейде өтті. Ерекше әсер алдым. Бұл ауқымды фестивальде өнерден бөлек, білім деңгейіндегі сайыстар бірдей өтіп жатты. Осындай халықаралық деңгейдегі ауқымды сайыста өзімді көрсете алуыма демеушілік қолдау көрсеткен «Руханият» қосымша білім беру орталығының директоры Гүлмира Нұрмановаға ризашылығымды білдіремін. Бұл байқау осы деңгейдегі тағы да басқа байқауларға қатысуыма жол ашып берді десем де болады. Алға қойған жоспар көп, - дейді Шахназе.
2024 жылы Британдық халықаралық «Golden Time Talent» онлайн-байқауында Шахназе Ерденқызы 1-орынға ие болған болатын. Байқау шарты бойынша жеңіске жеткен жүлдегерлер Лондон қаласына шақырту алды. Өкінішке қарай, Шахназе Ильясова демеушілік көмекте қолдау таппағандықтан, бұл сапарға бара алмай қалған екен. Жасына қарамай кез келген адамға өз талантын көрсетуге мүмкіндік беретін халықаралық жоба «Golden time Talent» байқауындағы жеңісінің арқасында Шахназе Ерденқызы жаһандық таланттар конфедерациясының алмас одақтастарының тізіміне енді.
Шахназе Ерденқызы құдіреті шексіз өнер әлімінде өзінің дара жолымен келеді. Ол қазақтың ұлттық өнерін, ұлттық музыкасын, сонымен қатар мәдениетін әлемге танытып қана қоймай, қобызға қызығып, әуезді әуенге ынталанған балаларға ұстаздық етуде. Бойындағы білімін шәкірттерінің бойына сіңіріп, өзінен білім алған балаларға үлгі, шабыт беруші ұстаз болу жолында өнерімен әлемді бағындырып жүрген өнерпазымыздың әр жеңісі ауданымыз үшін бағалы. Ауданымыздың есімін ғана емес, Қазақстан мемлекетін шет елдерде танытып жүрген талантты жерлесімізге қолдау көрсете алатындар қатары артса нұр үстіне нұр болатын еді.
Талантымен әлемді таңдандырған, еліміздің абырой-беделін биік еткен Шахназе Ерденқызын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Өнерімен дараланған жерлесімізге шығармашылық табыстар, тек қана жеңістер тілейміз.
Б.Жакешова